8.11.2018, 16:18
Оқылды: 52

Оралдық ғалымдар «Төлеңгітте» модельді ферма ашпақ

Tolengut (1)Теректі ауданының Подстепное округі аумағындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығы негізінде модельдік ферма құрылады. Ғалымдардың таңдауы дәл осы шаруашылыққа түсуі кездейсоқтық емес. Бұл жерде ғылыми жұмысқа қажетті барлық жағдай бар: қалаға жақын, дамыған инфроқұрылым, жайылымдық жер, база, асыл тұқымды малдың екі түрі (әсіресе, герефорд тұқымды етті бағыттағы мал).


Бұл жақсы жаңалықты «Төлеңгіт» қожалығына барған кезімізде «Етті мал шаруашылығы бойынша модельдік ферма» жобасының жетекшісі,  ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, Жәңгірхан атындағы БҚАТУ профессоры Едіге Насамбаев пен ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, Орал ауылшаруашылық тәжірибе станциясының доценті, жер және мал азығын өндіру бөлімінің меңгерушісі Төлеген Бөлековпен  кездесіп, білдік.

Жоба мақсаты жайлы Едіге Ғапуұлы:

-Өзінің биылғы халыққа Жолдауында Елбасы агроөнеркәсіп кешені, соның ішінде мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Соның ішінде экспортқа шығатын өнім ретінде ет, әсіресе, сиыр еті өндірісін өсіруге басымдық беріледі. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі тиіс. Сол үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Солардың бірі – ең замануи озық техника мен тәсілдер енгізілетін модельдік фермалар. Өңірдегі мал шаруашылығы бағытындағы барлық ғылыми ізденістерің басында жүретін біздің университет осы үлгі ферма базасында ғылыми, оқыту семинарларын өткізіп, студенттердің тәжірибе жинақтауын, ғылыми ізденістер жұмысын, жаңа бастаған фермерлерді оқыту және т.б шаралар ұйымдастырады, - деп, жоспарымен бөлісті.

Мамандардың айтуынша, жұмыс бұл фермада кешенді жүргізіледі. Оған зоотехния, агрономия, инженерия, экономика, ветеринария саласының білікті мамандары жұмылдырылған. Шаруашылықпен асықпай танысып, жан-жақты сараптама жасаған олар осы жерде модельдік ферма жасақтауға болады деп отыр.

Tolengut (2)Ғалымдардың пайымдауынша, бұл жерде мал азығы болуы шешуші мәселе болып тұр. Жайылымдық алқап мол, ол жерлерде екпе жайылым жасау мүмкіндігі де қаралуда. Алқаптардың ботаникалық құрамын, азыққа жарамды өсімдіктердің шығымдылығын қарап, анықтау қажет. Сол арқылы қысқы жайылым, әсіресе, екпе мал азығын салу мәселесі қаралады. Жайылымдық жерді үнемді және нәтижелі пайдалану арқылы азықтық шөп түрлерінің шығымдылығын арттыру мәселесі де шешілуі тиіс.

Бұл жерде қоршалған жайылым, қыс кезінде жылытылған су беру,  технологиялар, соның ішінде цифрландыруды енгізу мүмкіндіктері қаралады. Замануи приборлар қолдану малды тез арада сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Шаруашылықта бөлу орындары, бекіткіштер, электрондық салмақ өлшегіштер орнатылады. Олардан көрсеткіштер мәліметтер базасына түсіп, өңделеді. Ол приборларға қолданыстағы азықтан малға ең тиімді жем-шөп жинағын құратын «Рацион плюс» бағдарламасы қосулы болады.

Ғылымдардың айтуынша, жоба 2019-2020 жылдары жүзеге асады. Барлық қаржылық жағын мемлекет қолдап отыр. Сонымен қатар шаруашылық та жобаны қаржыландыруға үлес қосады.

 Нұрзия Сисенбаева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале