8.04.2022, 12:01
Оқылды: 264

Оразада дұрыс тамақтану маңызды

– Кеше автобуста отырсам, бір жас қыз құлап қалды. Бәріміз қаумалап барып, жүрегі қысылған болар деп, пальтосының тиегін ағытып, біреуіміз аузына су тосып жатсақ, әлгі қызымыз «мен оразадамын» деп су ішуден бас тартты. Атам қазақ «Ораза, намаз – тоқтықта» демеуші ме еді? Осы жастар не біліп ораза ұстап жатыр екен? Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін осындай кезінде қалада оқып жүрген студенттердің ораза ұстауы дұрыс емес. Ас-суын дайындап, етін асып, мәпелеп отырған анасы да алыста. Студенттің тамағы қандай екенін жақсы білеміз ғой. «Аттан қалма байталым, жыннан қалма сайтаным» деп балаға дейін бәрі ауыз бекіткіш боп кетіпті, – деп қаладан келген апамыз біраз әңгіме айтты.

10

 Жылдан-жылға ораза ұстаушылар саны көбейіп келеді. Бұл қуанарлық жайт десек те, ораза ұстап жатқандардың бәрі бірдей ораза ұстау кезіндегі тамақтану тәртібін біле ме? Мұсылман баласына парыз саналатын оразаны ұстау кезінде ескере жүретін басты мәселе – ауызашар мен сәресі уақыттарында дұрыс тамақтану. Күн ұзаққа оразамын деп, ауызға нәр салмай, қас қарая, асқазанды лық толтырып, кекірік атып отырудың соңы айтарлықтай ауруға ұласады екен.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы Шыңғырлау аудандық қосалқы станциясының аға фельдшері Жаннұр Қонысбаева:

̶  Ораза ұстау парыз екені көпке белгілі ғой. Бірақ сол оразаны қандай жағдайда ұстау болмайтыны да айтылған емес пе? Ораза ұстау үшін әркім өз денсаулығына қарап шешім қабылдауы керек. Гармональды жүйесінде ақау бар адамдар яғни, қалқанша безі не қант диабетімен ауыратындар, асқазанында жара бар адамдар, жүйке жүйесінде ақауы бар, яғни эпилепсиямен ауыратындар, қатерлі ісікке шалдыққандарға мүлдем ораза ұстауға болмайды. Ауыр жұмыс жасайтындар да, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар, жас балалар, тіпті жолға шыққан жолаушыларға ораза ұстаудан босатылған. Ораза кезінде ағзадағы инсулин мен қандағы глюкоза мөлшері, зат алмасу процесі өзгеріске ұшырайды. Дұрыс тамақтану тәртібін оразаға дейін де, кейін де сақтауымыз керек. Сонда ғана оразада ағзамызға сынақ жасап, жағдайымызды ушықтырмайтын боламыз. Ораза кезінде денсаулығына шағым айтып, ораза салдарынан жағдайы нашарлаған жандар болды ма деп сұрап отырсыз ғой. Мұндай жағдайлардың болатынын жоққа шығармаймын. Асқазаны сыр беріп, бас ауруы қинаса да ораза ұстанған ауылдастарымыз барынша сабыр сақтап, дәрігер көмегіне жүгінбейді. «Оразаның басы ғой, үйреніп кеткенше солай болатын шығар», «күн ұзаққа шай ішпеген соң басым ауырып тұрған болар?» деп өздері тон пішіп, өздері шешімін шығарып қояды. Ал былайша алғанда ауданымызда жас балалардың ораза ұстап, естерінен танып қалған жағдайлар болды. Кез келген ағза ашығу мен шөлге төтеп бере алмайтынын естен шығармасақ екен, ̶   дейді.

Әлеуметтік желіні шарлап қарасақ, ораза кезіндегі тамақтануды тақырып еткен көптеген маман кеңесі берілген екен. Енді соларға құлақ түрсек.

Ұлттық салауатты тағамтану орталығының маманы, диетолог Айгүл Нағашыбекқызы:

– Ораза - медициналық тұрғыдан да пайдасы орасан зор екені мойындалған бес парыздың бірі. Артық салмақты адамдарға, жүрек қан тамырларының ауруы бар адамдарға, содан кейін бауыры мен өт жолы ауыратын адамдарға пайдалы. Өйткені ораза организмдегі шлактарды шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, күніне төрт мезгіл тамақ ішу керек дейтін болсақ, сол тамақтарды ішіп жүрген кезде ол белгілі бір деңгейдегі заттарға ыдырайды да, шлактардың шығуына мүмкіндік болмайды. Ал ашығу кезінде іште жатқан тұздардың еруіне, адам организміндегі артық қалдықтардың тазаруына мүмкіндік туады. Ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны тітіркенген жағдайда тұрады. Әлсіреп, шаршап тұрасыз. Сондай кезде, бірден қуырылған тамақ жеуге болмайды. Екіншіден, ащы тамақ жеуге тағы болмайды. Өйткені ашығу кезінде асқазандағы сөл көбірек бөлініп тұрады да, қышқыл бөлу деңгейі сәйкес келмей астың қорытылуына кері әсерін тигізеді. Үшіншісі – малдың майы. Кез келген малдың майының құрамында жүрек қан тамырларының жүйесін бітеп қалатын қышқылдар өсімдік майларымен салыстырғанда көбірек болады. Жалпы ересек адам күніне тамақтан бөлек 2 литрге жуық су ішуге тиіс. Ал сәресіден ауызашарға дейінгі аралықта организм осы сұйықтықты іздейді, былайша айтқанда шөлдейді. Сондықтан сол шөлді күшейтпес үшін ең бірінші – тұздылығы аз тамақ ішкен жөн. Себебі тұзды тамақ шөлдетеді, одан кейін мөлшерден көп ішілген су зәрге айналып сыртқа шығады да, организмді тағы да шөл қыса бастайды. Екіншіден, майлы тамақтан бас тартқан дұрыс. Өйткені қуаты күшті тамақ ішкен сайын оны қорытуға энергия көбірек жұмсалады. Егер тамақты шақтап жейтін болсақ, соған лайықты ғана энергия жұмсалады.  Норма бойынша организм бір тәулікте тұтынатын тағамның 12-15%- ы ақуыз, 30-35%- ы май болып түсу керек. Бұл жерде майға ішкен айраныңыз бен жеген балығыңыздың құрамындағы май да кіреді. Сол себепті тек өсімдік майларына пісірілген тамақтарды жеуге кеңес беремін. Денсаулыққа ең пайдалысы – таза асылып, піскен ет. Сосын сорпалы тамақты неғұрлым көбірек ішу қажет. Бұдан басқа бидай мен жүгерінің талқандары өте пайдалы. Өйткені талқан күйсін, қуырылсын, бәрібір, олардың құрамындағы сіздің денсаулығыңызға пайдалы заттардың 80%-ы сақталады. Мәселен, таңғы сәресіде 50 грамм талқан жейтін болса, ол кешкі ауыз ашарға дейінгі аралықтағы сізге керекті энергияны қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ ол ұзақ уақыт қорытылады. Яғни, сіздің қарныңыздың тез ашпауына әсерін тигізеді,  ̶  деп кеңес береді.

Сонымен, мамандардың айтуынша, сәресі сау, теңгерімді әрі қоректік болуы маңызды. Ол ағзаны күні бойы энергиямен қамтамасыз етуі тиіс. Диетолог мамандар ораза кезінде балық пен етті мүмкіндігінше қабылдамау ұсынылады, себебі олар қатты шөлдетеді. Егер етсіз қиын болса, онда тартылған еттен жасалған тағамды таңдаңыз дейді.

Негізгі ереже – сұйықтық теңгерімін толтыру және асқазанды жеңіл «ояту» үшін тамақ ішу алдында су ішу қажет.

Ауызашар кезінде тамақтанудағы мақсат – ағзаны артық жүктеу емес, оны барынша қанықтыру. Біріншіден, ораза кезінде артық тамақтану барлық жағынан зиянды, ал тағамға толған асқазан түніңіздің тыныш өтуі мен ұйқыңыздың қануына кері әсер етеді. Бұл келесі күнгі көңіл күйге де міндетті түрде әсер етеді.

Ауыз ашуды құрмамен бастаңыз

Рамазан айында ауызашарға немесе сәресіге ас дайындау кезінде ең алдымен жаңа піскен өнімдерді ғана пайдаланыңыз. Мәселен, жеміс-жидек, көкөніс таңдаған кезде осыны ескеріңіз. Құрма мен суды ауыз ашқанда пайдаланудың және бір пайдасы:  адамға өзінің ағзасында қосымша тамаққа деген сұраныстың бар не жоғын анықтауына мүмкіндік туады. Ислам әлемінде құрманың орны ерекше. Құран аяттарында құрма пальмасы бірнеше рет аталған. Әрі он бес жерде құрманың Алла Тағала тарапынан адамзатқа берілген сый екендігі айтылады. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрма мен сүтті адам үшін ең жақсы тағам деп санаған. Сондай-ақ дәрігерлер жүрек ауруларының емі ретінде құрманы көбірек пайдалануды кеңес береді.

Суды көбірек ішіңіз

Биылғы Рамазан айы жаз мезгілімен тұспа-тұс келгендіктен адамдар көбірек шөлдейді, суды көбірек қолданады. Ауыз ашқан соң суды көбірек ішіңіз. Алайда, суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз. Сәресі уақытына дейін бірнеше стақан су ішіуге тырысыңыз. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, айран, қантсыз компот, өсімдік шайларын, минералды су секілді сұйықтықтар ішіңіз.

Тез шөлдететін тағамдардан бас тартыңыз

Рамазан айында ас мәзіріңізді уақытша өзгертуге тура келеді. Сіз бен біз күнделікті қолданатын тұзды өнімдерден, тұздалған қияр, қызанақ, түрлі тұзды салаттар мен балықтан бас тартыңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен, көбірек сумен толықтырыңыз.

Асықпай тамақтаныңыз

Күні бойы күнделікті тамақтанудан бас тартқан адам үнемі ішкі күйзеліске түседі. Бұл, әсіресе оразаны алғаш ұстаған жандар үшін маңызды. Алдымен ауыз ашқан кезде құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағамдармен ауызашарды бастау керек. Асқазанға ауырлық қылатын тағамдармен достығыңыз үзілгені дұрыс. Ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны тітіркенген жағдайда тұрады. Әлсіреп, шаршап тұрасыз. Сондай кезде, бірден қуырылған тамақ жеуге болмайды. Рамазан айында жүйесіз тамақтанған адамдарда әлсіздік, депрессия, асқазанның ауруы және ас қорыта алмауы, қан қысымының төмендеуі сияқты көптеген денсаулық проблемалары байқалуы мүмкін. Асығыс тамақтану асқазаныңыз ас қорыта алмау проблемасына душар болып, Рамазаннан кейін салмақ қосу проблемасына тап боласыз.

Тәттілермен қоштасыңыз

Ас мәзіріңізден  тәттілерді (кондитерлік өнімдер, торт, тәтті бәліштер) алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады. Және Рамазан айында тәттілерді көбірек қолдану қан қысымыңызды көтереді. Тек ауызашардан кейін екі-үш сағаттан соң ғана тәттілердің орнына – құрма, кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ қолданыңыз.

Кофені қоя тұрыңыз

Егер сіз таңыңызды жұмыспен емес, кофемен бастар болсаңыз, Рамазан айында кофені қоя тұрыңыз. Жүйке жүйесі өте сезімтал, жүрегі ауыратын, қан қысымы жоғары, нашар ұйықтайтын адамдарға кофе ішуге болмайды. Дені сау адамның өзіне де кофені көп ішуге болмайды. Сондай-ақ асқазаны ауыратындарға да кофенің зияны бар. Біздің көбіміз кофені жақсы көреміз. Кейбірімізге дәмі ұнайды, ал кейбірі кофені энергия көзі ретінде пайдаланады. Біз кофені таң ертең, түсте, тіптен кешке де ішеміз. үніне 1-3 шыны кофе ішетін ер адамдарда бұл көрсеткіш 30%-ға аз болған екен.
Бірақ, шектен тыс кофе ішу организмге зиян келтіреді. Мәселен: ұйықтау режимінің бұзылуы; кейбір витаминдерді (магний, мырыш, темір) қабылдаулардың қиындауы; қан қысымының жоғарылауы; тіс эмалінің өзгеруі; асқазан қыжылдың пайда болуы қаупіне әсер етеді.

Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз

Әдетте біз күніне үш рет тамақтанамыз. Рамазан айында да осы әдіспен жүріңіз. Ол үшін ауызашардың бірінші бөлігінде – ыстық тағамдарды, екінші бөлігінде майсыз тағамдар мен балықты, ал, сәресіде – жеміс-жидектерді қолданыңыз. Бұл әдіс сіздің денсаулығыңыз үшін де өте маңызды.

Пайдалы тағаммен тамақтаныңыз

Шайды көбірек ішетін болсаңыз, бұл айда жалбыз шайы мен көк шайды көбірек ішіңіз. Және сүт өнімдерін (сүт, айран, қатық, ірімшік) көбірек қолданыңыз. Сүт, айран, ірім шік, құрт секілді азықтар сапалы протеин, кальций, фосфор, мырыш секілді минералдар мен В6, В12 секілді маңызды дəрумендердің қайнар көзі. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таңғы аста құрма мен сүт ішуді өсиет еткен. Осы тұста бізде: «Неліктен өзге азықтың арасынан дәл осы екеуін атады?» – деген сұрақ туындайды. Әрине, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиетінде игіліктен басқа нәрсе болмақ емес.

Сәресіге сергек болып ояныңыз

Ол үшін жатар орынға майлы тағамдар қолданбаңыз. Оның орнын жеміс-жидектермен (жүзім, алма, алмұрт, құлпынай) ауыстырыңыз. Аты аталған жемістер мидың қалыпты жұмыс жасауына және жақсы тынығуыңызға әсер етеді. Сәресі уақытында да күндіз қарным ашып қалмасын деп тоя тамақтанбаңыз. Ауызашар және сәресі кезінде орташа мөлшерде тамақтану Пайғамбарымыздың сүннет амалына жатады.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале