24.02.2024, 15:00
Оқылды: 80

Переметныйда әке тәрбиесі аясында әсерлі кездесу өтті

Переметныйдағы Қ.Аманжолов атындағы орта мектепте «Әке – тәрбие тамыры» тақырыбында келелі кездесу өтті.

IMG-20240224-WA0074
Тағылымды іс-шараға түрлі салада абыройлы қызмет етіп, отбасының ұйытқысы, қоғамның құрметтісі болып жүрген азаматтар мен жас әкелер және көп арасында көшбасшылық қырымен көзге түссе де отбасында ибалы келін атанып отырған отаналар қатысып, өзекті тақырып төңірегінде түйдек ой өрбітті.
- Гендерлік саясатта әсіресе ана, әйел, қыз балаға екпін қойылады. Алайда әке көп айтылмайды. Нарықтық экономика шағында әйел затының орны айшықталды. Елдік мәселелерге, саясатқа белсене араласты. Ащы шындық сол, осы орайда ер-азаматтардың беделі түсе бастады. Ер адамды тезге салатын да, тәрбиелейтін де әйел. Кей балалар әкем еш қызық көрсетпеді дейді. Бұл мүлдем қате. Ата-ананы ешкім таңдамайды. Олардың сені бағып-қағып, өсіріп, еңбек етіп отырғаны - бір бақыт. Бүгінгі таңда өткір тұрған – ажырасу мәселесі. Осының себеп-салдарын зерттеп көргенімізде, алақандай ауданның өзінде бас қосқан жастардың біразы екі жыл ішінде ажырасып кеткен. Мәселенің мән-жайын көз жүгірткенімізде аңғарғанымыз, анасының беделі басым болған отбасынан шыққан қыз бала ер адамға мойынсұнбайды. Сондықтан да әкенің беделі биік болуы керек, - деді бұл кездесуге арнайы келген аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG-20240224-WA0077

Келелі кездесуде Астанадан арнайы келген Бекарыстан Нұрланұлы да болды. Оның жолдасының сәбиі үшін донор болып, бауырының жартысын бергенінен көпшілік хабардар. «Мысалмен айтсам, отбасы – шағын мемлекет,-деді ол. - Әке – Президент. Ол барлық сыртқы, ішкі саясатпен, яғни ақша табу, отбасын асырау сынды мәселермен айналысуы тиіс. Ал үйдің ішіндегі атмосфера, жылылық анаға байланысты. Сондықтан әйел адамдар сезімтал, эмоционалды келеді. Бірақ бірінің құқығын қорғаймыз деп, екінші тараптың құқығына нұқсан келмеуі керек. Егер кезінде досым салқынқандылық танытып, қаржылық мәселені шешпесе, Түркиямен келіспесе, баланың анасы жылап отырғанда оны кім істейді? 70 млн теңге ақшаны табу оңай емес. АҚШ-қа, Германияға шықты. Сөйтіп ол эмоцияны ысырып қойып, проблеманы шешуге кірісті. Жауапкершіліктің салмағын сезінді».

IMG-20240224-WA0081
«AMANAT» партиясы БҚО филиалының өкілідері, төрт баланың анасы Афиза Семғалиева, өңіріміздегі белсенді жастардың бірі, үш баланың әкесі Ерлік Шамғалиев ата-әже тәрбиесін көрген ұрпақ екендерін айтып, жиналған оқушыларға тақырыпқа сай отбасылық өмірлерінің қызықты сәттерімен бөлісті.

IMG-20240224-WA0078
Мәнді басқосуды түйіндеген «АМАNАТ» партиясы БҚО филиалының бөлім меңгерушісі Ажар Нұралы іс-шара диалог форматында, алдыңғы толқын ағалар мен орта буын, жас толқын арасындағы ашық алаң бағытында өткенін айтып, қатысушылар келелі ой түйгендігіне сенім білдірді.

Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале