Сырым ауданында дін тақырыбына арналған мазмұнды кездесу өтті. Ауданға республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы Мұхан Исахан және облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы басшысының орынбасары Абдувахид Бабаханов арнайы келіп, мекеме басшылары, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала өкілдерімен еркін форматта пікір алмасты. Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев төрағалық етті.

Кездесу ресми баяндамадан гөрі ашық әңгімеге құрылғаны қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Мұхан Исаханның қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойларын айтты.
Мұхан Баймұратұлы еліміздегі діни ахуалдың қалыптасу тарихына тоқталып:
— Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы 90-жылдары діни бірлестік құру шарттары жеңіл болды, соның салдарынан шетелдік діни ағымдар келе бастады. Дінге басында Әділет министрлігі жауапты болды. Кейін 2001 ақпарат, мәдениет министрлігі дінге жауапты орган ретінде хатшылық құрды, дін істері агенттігі болып құрылды. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Жергілікті, өңірлік, республикалық діни бірлестік бар. Қазақстанда екі республикалық діни бірлестік бар – мұсылмандар және православие діни бірлестігі, — деді.

Сондай-ақ, ол діннің мемлекет тұрақтылығындағы рөліне тоқталып, қоғамдағы бірлік мәселесін алға тартты:
— Мемлекеттігімізді қорғау мақсатында дінге қатысты қатаң шаралар алына бастады. 2010 жылдары діни оңалту жұмыстары жүргізіле бастады. Дін ұстану ҚР Конституциясына, азаматтық ұстанымдарға қарсы болмау керек. Әрбір адам ең әуелі өзіміздің бала-шағамыз, туыстарымызға, әулетке тәрбие діни адасудан сақтап, бере алуымыз керек. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Біріккенге береке бар, ыдырағанға Құдайдың азабы келеді» деген. Ынтымақты сақтауға бірлесіп атсалысуымыз керек, — деді.
Жиында қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселелер де қозғалды. Соның бірі – ауыр қылмыс жасаған адамның жаназасына қатысты сұрақ болды. Оған Мұхан Исахан:
— Астана қаласында өтетін ҚР дін ғұламалары кеңесінде осы мәселе көтерілмек. Негізінде шариғат бойынша қарақшылық жасаған, әкесіне қиянат жасаған, суицид жасаған адамға, тәңіршілдерге жаназа шығарылмауы керек. Бірақ елдің ынтымақ, бірлігі үшін, көңіл жықпастықпен кейбір имамдар ондай адамдардың жаназасын шығарып жатады. Мешітке қатысы жоқ, ақша табу үшін елдің жаназа, садақасында жүретін молдалар болады. Тәңіршілдердің неге жаназасы шығарылмайды? Олардың ішінде исламды мойындамайтындар бар. Өздерінің ережесі бойынша шығаруы керек. Қазіргі біздің тәңіршілдер тәңіршілдік пен исламның шарттарын аралас ұстанады, — деп жауап берді.
Кездесу түстен кейін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепте жалғасты. Бұл жолы аудиторияда ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері болды. Мұнда да сұрақ көп, жауап ашық болды.
Жиналғандарды толғандырған сұрақтардың бірі – жаназаға байланысты берілетін ас туралы еді.
— Дала заңдарында Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолында өмірден өткен адамның қарасын, үшін, жетісін беру көбірек басшылыққа алынған. Ал шариғатта оны өткізуге тыйым жоқ. Бірақ бұйырылмаған. Исхад деген бар. Қайтыс болған адамның қарыз намазы, қарыз оразасы болса, оған жағдайы, денсаулығы келмесе, фидиясын беруге болады. Кейбір Әбу Ханифа мәзһабындағы ғалым имам Мұхаммед ауырып қалған кездегі намаздары үшін де садақа беретін болған. Қазақ халқындағы адам қайтыс болғандағы жасалатын дәстүрлердің түпкі негізі – қабірдегі есебі жеңілдесін деген мақсат. Ас бергенде бәйгеге ат шаптырып, палуандарды күрестіру тарихымызда болған. Қазір той мен садақаның дастарханын ажырата алмайтындай жағдайға келдік. Бұған тыйым жоқ. Дегенмен, әлеуметтік жағдайға кері әсер ететін болса, қарызданып, несие алып, ас та төк дастархан жасаудың қажеті жоқ. Той мен астың дастарханының айырмашылығы болуы керек. Сол себепті Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы өткен жылы құдайы астың мәзірін, көлем-мөлшерін бекітті. Құрамы 4-5 тағамнан аспау керек. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қоғамдық ұйым болғандықтан, ешкімді міндеттей алмайды. Шетелдік тәжірибеде мұндай шаралар мешіт жанындағы арнайы орындарда өтеді. Бізде кафе, мейрамханаларда өткізіледі. Ол жерде бұрын ішімдік ішілген, шылым шегілген, басқа да шариғатқа сәйкеспейтін амалдар орын алған. Мешіт жанынан қатымханалар ашып, жаназа, садақаларды сол жерде өткізсек, құба-құп, — деді Мұхан Исахан.

Дін маманы кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарындағы діни ахуалға да тоқталды:
— Кеңестік дәуірде ғылыми атеизм мемлекет тарапынан ашық насихатталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін атеизмнен құтылғанымызға қуанып жүргенде, елге бірнеше теріс діни ағымдар өтіп кетті. Сол кездегі ең басты кемшілік – халықтың діни сауатының болмауы. Дамыған, білімді жастардың өзі жат ағымдардың жетегінде кетті. 1990-2000 жылдары әлеуметтік жағдай төмендеген кезде, қалаға келген жастар тегін тамақ, жатын орынға қызығып, түрлі ағымдарға ерді. Оның салдары бүгін де сезілуде. Жасөспірімдерге дәстүрлі дін мен теріс ағымды ажырата білетін білім беру қажет, — деді ол.
Сондай-ақ, Мұхан Баймұратұлы ұлттық құндылық пен дінді қатар ұстанудың маңызын атап өтті:
— Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін мойындаған, Әбу Ханифа мәзһабымен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді қатар алып жүретін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Теріс ағымдар қазақтың дәстүрін «бидғат, ширк, харам» деп жоққа шығарып, тіпті ата-анамен бір дастарханда оытрып ас ішпеуге дейін апарды. Мұның алдын алу үшін дін негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу қажеттілігі туындап отыр, — деді.
Кездесу соңында тарих пәнінің мұғалімі Түркістандағы зиярат мәселесіне қатысты сұрақ қойды.
— Шариғат бойынша Қожа Ахмет Яссауи басына бару кіші қажылыққа жатпайды. Бірақ шариғатта зиярат деген бар. Алғашқы кезде Пайғамбарымыз адамдарға табыну орын алмауы үшін зияратқа тыйым салған. Кейін таухид сенімі қалыптасқан соң, зияратқа рұқсат берді. Зиярат – адамға өлімді еске салып, ақыретіне дайындалуға көмектеседі. Қазақ үшін Қожа Ахмет Яссауи – әулие тұлға. Ол исламды халықтың салт-дәстүрімен сабақтастыра түсіндірген. Шариғатта құрмет пен табынудың айырмашылығы үлкен. Қабірге бармау – Пайғамбар сүннетіне қайшы, — деп жауап берді Мұхан Исахан.
Басқосу барысында дін мен дәстүр, қоғам мен сенім, тәрбие мен жауапкершілік тақырыптары кеңінен қозғалды. Дәл осындай жиын тсүтен кейін аудандық мәдениет үйінде өтті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы