18.04.2024, 11:04
Оқылды: 60

Шыңғырлау ауданында маңызды мәселелер талқыланған жиын өтті

Шыңғырлау ауданы әкімшілігінде аудан бюджетінің игерілуі, көктемгі көшет егу жұмыстары аудан бойынша төрт түлік малдан қан алу, бірдейлендіру, көктемгі тазалық айлығының өткізілу жұмыстарын ортаға салған актив отырысы өтті.

436417891_1849986982079728_3560854820327856857_n

Тасқын судың аудан аумағындағы беті қайтып, қауіп сейілген тұста алдағы көктемгі далалық және көктемгі тазалық жұмыстарын қолға алу кезек күттірмейтін мәселе.

Жиынды жүргізген аудан басшысы аудан бюджетінің ағымдағы жылдың І тоқсаны бойынша игерілуі есебін тыңдады. Сәл тоқтала кетсек, биылғы жылға жоспар 3 млрд. 724 млн. 878 мың теңге, қазіргі таңда орындалғаны 630 млн. 323 мың теңгені құрап отыр.

Қазіргі таңда аудан бойынша мал басынан көктемгі қан алу, сырғалау жұмыстары жүріп жатыр. Төрт түлік өріске шықпай тұрып үлгеруге тырысқан аудандық ветеринария саласының мамандары бел шешпей жұмыстанып жатыр. Мүйізді ірі қара мал басының бруцеллез ауруына зерттелуі 8000 басқа жоспарланған, қазіргі таңда бұл жұмыс 8751 басқа, артығымен орындалып тұр. 41 бас малдың ауруға шалдыққаны анықталып, 37 басы жойылған, қалған 4 бас бойынша жою жұмыстары жүріп жатыр.

Аталмыш ауруға зерттеуге уақ жандықтан 4500 бас жоспарланған, алайда 5024 бас зерттеліп, артығымен орындалған. Бұл бағытта ауруға шалдыққан мал басы тіркелмеген.

Ірі қара малға 6440 құлақ сырғалары берілді, 3 айлық жоспарға 3290 бас есептелінген, орындалуы 4217 бас, жұмыс 128 % жасалды. Қой- ешкі түлігін де сырғалау жұмыстары да қарқынды,- дейді өз баяндамасында аудандық Ветеринариялық станциясы директоры Досқанат Сағымбаев.

Жылқы малын чиптеу де жалғасын табады, бірақ, бұдан былай чипті сатып алу мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Ол үшін мал иесі чип қондырмасын сатып алуға арнайы өтініш жазатын болады.

Аудан басшысы аудан аумағындағы мал қорымдарының жай-күйін анықтап, далалықты және тұрғындардың қора-қопсы, аулалары мен үйлері маңын өлекселерден түгел тазартуды тапсырды. Бұл жұмыста ауыл әкімдері жергілікті тұрғындарды ұйымдастырып, ветеринария бөлімімен бірлесе атқаруды міндеттеді.

Жалпы дерек үшін айтып өтер болсақ, аудан бойынша 8 мал моласы бар, кешегі тасқында су баспаған, яғни, эпидемиологиялық тұрғыдан қауіп жоқ.

Шыңғырлау орман және жануарлар дүниесін реттеу бөлімі биылғы көктемге орман алқаптарын кеңейту жұмыстарын кідіртіп отыр. Бұған себеп жас көшеттерді дайындайтын питомниктің тасыған су астында қалуы. Мұндай жағдай жалпы облыс бойынша орын алып отыр, көптеген питомниктер су астында қалған.

Десек те, Шыңғырлау ауылдық округі әкімшілік аппараты аудан орталығының Ғ.Мұратбаев көшесінің бас жағына, атап айтқанда «Москвич» жанар-жағар май стансиясы маңына 200 тал жас көшет отырғызуды жоспарлаған.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жас талдардың жыл сайын көптеп егілетіндігін, алайда олардың басым бөлігі өспей қалатынын айта келе, ендігі уақытта аздап егіп, түгел өсіріп шығаруға күш салу керектігін ескертті. Бұл жұмыстар ауылдық жерлерде де қолға алынып, абаттандыруға аса мән берілу керектігін қадап айтты.

Бүгінгі таңда аудан бойынша көктемгі тазалық жұмыстары, сенбіліктер басталып жатыр. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен тұспа- тұс келіп, қанаттаса жүргізілетін болады. Елді- мекендерді абаттандыру, көшелерді тазарту, көгалдандыру жұмыстарын қамтитын 5 апталық шараға ел болып атсалысуды ұйымдастыру керек. Бұл жөнінде ауданды коммуналдық шаруашылық бөлімі бастыгының міндетін атқарушы Ринат Асанов баяндама жасады.

Бұл тұста аудан басшысы «-Жер өзіміздікі, ел де өзіміздікі, тазалық өзімізге керек, ауыл ажары қашанда өзімізге сын, аталған акция бізді мәдениетке шақыру, тазалыққа үндеу, ендеше бұл жұмысты бірлесе отырып атқару керек. Ауыл әкімдері де іске кірісіп, аулдағы ағайынды бұл іске ынталандырудың тетіктерін ойластырсын»- деген тапсырмалар берді.

437088575_1849987068746386_7826382749340601581_n

Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Бркенова алдағы күндерде жас көшеттер егілетінін, жұртшылықтың жеке малдарына еге болуын өтінді. «-Егілген ағашқа қаржы жұмсалады, жаздай суғарылады, арнайы адамдар, мекемелер бекітіліп, бақыланады, сонша еңбекпен өскен жас талды малға жем ету обал емес пе» дей келе, алдағы күндерде өтетін жәрмеңке- саудаларда қаладан түрлі жақсы ағаштар, жеміс- жидек өскіндері әкелінетінін, бұл хабардан тұрғындарды құлағдар етуді қаперге салды.

Аудан басшысы «-бізде ел десе жанып тұратын жігіттер, жастар, тұрғындар жетерлік, тек ұйымдастыра білу керек. Кешегі су басқан сын сағаттарда күні-түн бел шешпей еңбек еткен, айтқан жерде тұрып, ел үшін шегінбеген қанша жерлестеріміз бар, мен оларға ризамын, рахмет айтамын!

 Тар жерде тартынбай қауіпке қарсы тұрған елжандылық қашанда бағалы. Қазір де біздің ауылдастарымыз Оралды судан қорғау шебінде жүр. Бұл- азаматтықтың биік үлгісі!» дей келе, барлық жоспарлы жұмыстарға тиянақтылықпен қарауды міндеттеп, жиынды түйіндеді.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале