30.09.2023, 23:33
Оқылды: 43

Шыңғырлауда ізгі жандарға ізет көрсетілді

Бүгін Шыңғырлау ауданы орталығының демалыс саябағында ардагер ұстаздарға құрмет көрсету шарасы өтті. Тағылымды еңбек жолының иегерлері – ардагер ұстаздарға арналған ілтипатты шараны аудандық білім бөлімі ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2023-09-29 at 18.55.49

Аталмыш шараға ауданға еңбегі сіңген егде жастағы ұстаздар шақырылған. Қаз-қатар сап түзеп, дәліз құрған мектеп оқушыларының қошаметі аясында саябақ төріне беттеген ұстаздар легі алдымен осы саябақтың сәнді тұсына орнатылған «Ғасыр ғаламаты – Ұстаз» ескерткішіне іркілді. Осы жерде ұлағаттылық символына айналған мүсінге гүл шоқтары қойылып, құттықтау сөз сөйленді.

WhatsApp Image 2023-09-29 at 18.54.29

Бұдан әрі салтанатты жиын барша ұстаздарға арналған аудан әкімі М.Өмірәлиевтің құттықтау тілегімен жалғасып, зейнетке шыққан аудан мұғалімдеріне алғысхаттар табысталды.

Шара барысы аудандық саз мектебі, мектеп мұғалімдері, аудандық мәдениет бөлімі даярлаған концерттік бағдарламаға ұласып, Білім бөлімінің басшысы Қ.Есенов, зейнеткер-ұстаз А.Шотпанов құттықтау тілектерін арнады.

WhatsApp Image 2023-09-29 at 18.55.55 (1)

Қатысушыларға шара алдындағы қоңырау үні, мұғалім 8 жігіттің қатар тұрып салған тамаша әндері ғажап әсер қалдырды.

Осы шара барысында ұстаз еңбегіне ілтипат, ұлт білімінің ұстыны боп жүрген жандарға құрмет пен осы мақсаттағы ескерткішке гүл шоқтарын қою үрдісінің дәстүрге айналатыны да айтылып қалды.

Төл мерекелері қарсаңындағы осындай әсерлі шара барша қатысушыларға тамаша тарту болды.

WhatsApp Image 2023-09-29 at 18.55.48

Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейін жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын танымал мереке биылдан бастап, әлемнің 100-ден аса елі тойлайтын Дүниежүзілік ұстаздар күніне сәйкес 5-қазанда атап өтілетін болады.

Өзге елдерде 1966 жылы Парижде өткен мұғалімдер мәртебесін талқылау туралы үкіметаралық арнайы конференцияның өтуіне орай орныққан аталмыш күнгі мерекеге енді біздің елімізде қосылды.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале