4.03.2021, 11:37
Оқылды: 86

Шыңғырлаулық медбикеге емделушілер дән риза

Шыңғырлау аудандық ауруханасы жанындағы күндізгі ем алу бөлімі әманда қарбаласқа толы. Ертемен келіп, кезек алуға тырысатындар өздеріне қызмет көрсетуші ақ халатты абзал жанды асыға күтеді. Емделушілердің бәрі медбике қыз Алтынай Бақаеваға дән риза.

IMG_3056

Өте тындырымды, елгезек, әрі мейірімді жан келгендердің өтініштерін лезде орындап, ем-домын да уақытымен көрсетіп, дәлізде кезек күтушілердің орынсыз отырып қалмауын болдырмауға тырысады. Әр жанның мінез-құлқына шыдамдылық пен сыпайылылық танытып келе жатқан Алтынайдың осындайда төзімділігі тәнті етпей қоймайды. Емделушінің бірі, аудан тұрғыны Альфред Исмагилов медбикенің ұстамдылығына, кәсіби шеберлігіне дән риза.

Алтынай Ресей Федерациясының Орынбор облысы Бузулук медициналық колледжін 2010 жылы бітіреді. Өмірін денсаулық саласымен байланыстыруды мақсат тұтқан жас қыз осы жолда өзінің табандылығын танытып, тәжірибе жинай бастайды.

IMG_3053

Дәм-тұз айдап Шыңғырлау ауданына келін болып түскен ол өз мамандығы бойынша өткен жылы аудандық ауруханаға жұмысқа қабылданып, қырқүйек айынан күндізгі ем-шара бөліміне жіберілді. Содан бері міне, күніне 40-50 адамға дәрігерлік көмек көрсетеді. Жас маманның жұмыс барысындағы аяқ алысына мекеме әкімшілігі де разы. Алған білімінің нәтижесін көрсетіп, халықтың алғысына бөленіп келе жатқан Алтынайға алдыңа келген әр тұрғын ауруына шипа тауып, сенің ізгі ықыласыңнан жігер алып, еңбегің жемісін берсін дегіміз келеді.

 

Г.Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале