22.05.2024, 15:45
Оқылды: 0

Тасқынға тосқауыл қоюда еріктілердің еңбегі елеулі

Өңірімізді су басып, бар деңгейдегі жұмысқа Ақжайық ауданы еріктілері тартылды. Ауыл-аймақты апаттан аман алып қалған қыз-жігіттердің еңбегі, еріктілер қозғалысын қолдау бойынша қолға алынған істермен таныспақ ниетте аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жұмажан Ғұмаровпен сұхбаттастық.

– Елімізде еріктілер қозғалысына ерекше мән берілуде. Оқырманға түсінікті болсын, ерікті дегеніміз кім, еріктілер қозғалысы деген не?

982668b6-5a92-44ce-8edd-b3f79b394722

– Еріктілерді ізгі істердің жаршысы деп айтуға толық негіз бар. Себебі олар қандай да болмасын іс-шара мен  жұмыстардың басы-қасында жүріп, сонымен қатар оларды ұйымдастырушы да болып табылады. Оларды бұл шаруаны атқаруға ешкім мәжбүрлемейді, аты айтып тұрғандай, өз еркімен септігін тигізетін, жасаған жақсылығы мен атқарған жұмысы үшін ақыны қажет етпейтін  жандар. Олардың біреуі белгілі бір ұйымның жұмысының алға басуына барын салса, енді бірі жанындағылар сан алуан кәсіп, машыққа тегін үйретіп, білімін бөлісіп, олардың ой-өрісінің жетілуіне осылайша ықпал етуде. Еріктілік сала бойынша түрлеріне тоқталсақ, әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқасы болып бөлінеді.

Демек, ерікті болу – өз белсенділігі мен беделін көтерумен ғана шектелмей, адамдарға көмектесіп, мәселелерді бірге шешуге бағытталған жұмыс. Сондықтан жастар өздерінің бос уақытын еріктілікке жұмсауды пайдалы іс деп біледі.

Сондай-ақ волонтерлік қозғалыстың қазіргі уақытта әлемде өзара риясыз көмек пен патриотизмнің, қоғамға және елге пайдалы адам болудың үлгісі ретінде жан-жақты дамып жатқанына куәміз. Елімізде де еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп, олардың көмегін түрлі жағдайда көріп жатырмыз.

Негізінен аудан бойынша 14 пен 35 жас аралығында барлығы 10187 қыз-жігіт бар. Бұл  – аудан халқының 28,5 пайызы. Аудан аясында 34 волонтерлік ұйым болса, оның тең жартысы ауылдық округтерде, қалғаны аудан орталығында жұмыс істейді. Жалпы волонтер саны – 303. Оның қатарына мектеп оқушылары, студенттер, жұмыссыз жастар кіреді.

– Өңірімізде су тасқыны болып, елге қиын күндер туды. Тасқынға тек бірігіп қана тосқауыл қою мүмкін екені әуел бастан белгілі. Осы тұста еріктілердің де ауыл-елді қызыл судан аман алып қалып, көпке көмек көрсеткеніне куә болып жүрміз. Осы бағытта толығырақ айтып кетсеңіз.

f4d906af-efcc-46d6-8bcd-cc5b35163d72

– Биыл өңірімізде Жайық өзенінің деңгейі шамадан тыс көтеріліп, ауылдарымызға қауіп  төнгені баршаға аян. Осы уақытта еріктілердің қажет екенін айқын сезіндік, уақыт деп, жалақы деп санаспаған қыз-жігіттердің еңбегі орасан зор болғанын атап өтуіміз керек. Халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, ауданның  белсенді жастары, өзге өңірлерден келген сарбаздар және мешіт жамағатының бірігуі суға тосқауыл болуға көп көмек тигізді. Су келген кезден бастап аудан жастары мен еріктілер бөгеттер тұрғызып, жағалауды бекіту жұмыстарына барынша атсалысты. Мәселен, су тасқынының бірінші толқынында Алғабас, Тегісжол ауылдарына қауіп төнсе, сол жерде біздің жастар қапшықтарды құммен толтырып, су жолына төсеп, жерлестерге көмекке келді. Сонымен қатар гуманитарлық көмек  жинап, оны үлестіру жұмыстарымен де айналысты. Облысымыздың басқа да елді мекендеріне жәрдемдесті. Мысалы, Жұбан жастары атынан Теректі ауданы, Подстепное ауылына азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттармен материалдық көмек көрсетіп, халық ризашылығына бөленді. Ал Ақсуат ауылында Жансерік Шүкірғали есімді еріктіміз ауыл тұрғынын суға батып бара жатқан жерінен құтқарып, аман алып қалды.

– Еріктілердің жұмысын бірізділендіру мақсатында елімізде тұтас бір тұжырымдаманың қабылданғаны аян. Осы құжатта көрсетілген мақсат-міндеттердің орындалуы жөнінде ақпаратпен бөлісіп кетсеңіз.

– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Осыған орай ауданда  еріктілердің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыратын мазмұнды шаралар жүзеге асырылды. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және «Birgemiz» бастамасы шеңберінде 7 жалпыұлттық жоба іске асырылуда.

Аудан бойынша «Birgemiz: Qamqor» бағыты бойынша үнемі жалғызілікті және көмек қажет ететін қарияларға мекенжайлық көмек, нақтырақ айтсақ, үй жинау, отын жару, ауланы тазалау,  «Birgemiz: Taza Álem» бағыты бойынша сенбілік жұмыстары, ағаш отырғызу секілді жұмыстар атқарылып келеді.

Әлі де талай шара жоспарланып отыр.

– Мемлекет тарапынан тек еріктілерді ғана емес, жалпы жастарды да қолдауға бағытталған бағдарламалар жетерлік. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» сынды бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Елдің қуаты мен қозғаушы күші болып табылатын жастардың ауылға тұрақтауына жағдай жасау және жас мамандарды қолдауды мақсат ететін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша  әртүрлі сала мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары жыл сайын жалғасын табуда. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру бағытында кеңестер жүргізіліп тұрады.

Қазіргі таңда «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша 18 жас маман, алғашқы жұмыс орны жобасы бойынша 4 жас жұмысқа орналасып, еңбектеніп жатыр.

Бұған қоса, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздеріне оқуға 16 жас жолданып, 5 жас сертификат алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 60 жас кеңес, 80 маман көтерме жәрдемақы алды. Ал  26 жас тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекеттің жастарға беретін мүмкіндіктері өте көп. Жастарды осы мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырамыз.

Әңгімелескен Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале