22.10.2021, 22:01
Оқылды: 110

Темірлан арнайы жүлде иегері атанды

Таяуда ел Тәуелсіздігіне 30 жыл, Бөкей хандығына 220 жыл, Жәңгірхан мектебінің 180 жылдығына арналған «Бөкей ордасы – қасиетті, құт мекенім» облыстық домбырашылар байқауы өткен болатын.

Темірлан арнайы жүлде иегері (1)

Ел аузында «Жаңақалаға барып күйшімін деме» деген тіркес сақталған. «Қазақ даласындағы күй астанасы – Жаңақала» деген Әбіш атамыздың сөзі де біздің ауданның мерейін асқақтатып тұрғаны бесенеден белгілі.

Осы дүбірлі додаға аудан намысын қорғау үшін Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Темірлан Сыралиев қатысты. 17 домбырашы бақ сынаған байқауда Темірлан Біржанұлы Дина Нұрпейісова атындағы арнайы жүлдеге ие болды.

- Күйшілер байқауы 2 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде 3 күйден орындадық. Бірінші кезеңде Құрманғазының «Төремұрат», Дәулеткерейдің «Аңшылық» және Құрманғазының «Кішкентай» атты күйлерін орындадым. Сейтектің «Торы ат», Дина әжеміздің «Бұлбұл», өз қалауым бойынша Мәмен Мұратұлының «Қаражан ханым» деген күйлерін тарттым. Бар өнерімді, жинаған тәжірибемді толықтай салдым десем артық айтқандық емес. Осындай байқауларға қатысуыма үнемі қолдау білдіріп жүрген Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің директоры Нұралы Сапарғалиұлына алғыс білдіремін. Бөкей ордасында өткен күйшілер сайысына қатысу үшін барынша көмек көрсеткен Талғат Жанболатов, Мұхит Сисенов сынды ағаларыма айтар алғысым бөлек, - дейді Т.Сыралиев.

Талай байқауларда топ жарып, ауданымыздың абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүрген Темірлан бауырымыздың шығар шыңы, бағындырар биігі әлі алда деген ойдамыз.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале