19.09.2023, 12:45
Оқылды: 15

Тереңкөл ауылындағы бірқатар мәселе шешімін тапқан

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловтың қатысуымен өтетін ауылдық округ әкімдерінің ІІІ тоқсандағы халықпен кездесулері басталды. Бекітілген жоспарға сәйкес алдымен Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Сабыржан Ишановтың округ тұрғындарымен кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімімен қатар бөлім, мекеме басшылары қатысты.

9F3E8386-5F7D-455D-985F-0D717DB7CDC6

Тереңкөл ауылдық округі әкімінің ІІ тоқсандағы кездесуінде көтерілген мәселелердің ішінде төрт мәселе шешімін тауып отыр. Округ тұрғындары шөп шабу науқанына қажеттілікке қарай шабындық жерлер беру, шөп бағасын арзандатылған бағамен сатуды ұйымдастыру, электр желілерін қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу, Беспішен елді мекені шекарасына көршілес Әжібай ауылының малдары кіріп кетуі себепті, аталған ауылдың мал бағымын басқа жақта ұйымдастыру, Мереке ауылындағы 2018 жылы қазылған ауыз су құдығын ашып беру, Беспішен ауылына шағын футбол алаңын салу, жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтерілген.

– Өткен тоқсанда көтерілген мәселелерге тоқталсам, шаруа қожалығы және жеке тұрғындардың сұраныстары бойынша шөп шабуға жер учаскелері беріліп, Нұрсай ауылында 60 бағана (10 Кв, 4 шақырым) ауыстырылып, Бірік ауылдық округі әкімі Ж.Жакиевке мал жайылымы жөнінде ауыл тұрғындары арасында түсінік жұмыстары жүргізілді. Бағымсыз жүрген мал иелеріне айыппұл салынып, тиісті шаралар қабылдануда. Сонымен қатар Мерекедегі ауыз су құдығы ағымдағы жылдың тамыз айында ашылып, іргелері топырақпен нығайтылды. Ал 0 мен 10 жасқа дейінгі 30 бала бар Беспішен елді мекенінде шағын футбол алаңын салу бағытында шаруа қожалық жетекшілері және жеке кәсіпкерлер арқылы демеушілер қарастырып жатырмыз. Жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі жөніндегі мәселе ағымдағы жылдың соңына дейін шешімін табуы мүмкін, - деді округ әкімі Сабыржан Ишанов.

CC67A35B-12C9-4CB1-98BB-F7562379FBFD

Округ әкімі өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың, қайырымдылық іс-шараларының округте жүзеге асырылуын да баяндап, жоспарларымен бөлісті.

Жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауданымызда атқарылып отырған жұмыстарды тілге тиек етіп, округ тұрғындары көтергенімен шешімін таппаған мәселелерге қатысты ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын атап өтті.

Халықпен кездесу жиынына аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ишанов, аудандық «Мансап» орталығының директоры Эльмира Сармалаева, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Болатова, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Тимур Бисенов қатысып, өз салалары бойынша округтегі көрсеткіштерге тоқталды.

Сондай-ақ халықтың табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы жобалар жөнінде мәлімет берілді.

Тереңкөл ауылдық округі әкімінің жұмысына халық оң бағасын берді. Күрмеулі мәселелердің де шешімін тауып жатқаны халықтың билікке сенімін арттырып отыр. Осы ретте тұрғындар көтерген мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екенін баса айтқан жөн.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале