20.10.2022, 16:01
Оқылды: 106

Той қуып кеткен жоқпыз ба?

Соңғы кезде қаншалықты жиі айтылып, сынға ілігіп жүрсе де, қазақтың тойшылдығы әлі тізгін тартуға келмей тұр. Әрине, мұнымыз, әсте, қазақтың тойын көпсіну емес, лайым тойдан айырмасын. Дегенмен аптаның кемінде екі күнін тоймен өткеретін жағдайға жеткенімізді де жасыруға болмас. «Той дегенде қу басы домалайтын» қазаққа «Іргелі елдер ақпараттық технологиямен жарысып, ілгері кетіп қалды, біздің де той қуатын емес, ой қуатын уақытымыз келді» деуге батылдық керек-ақ.

3

Ертеректе халқымыз шілдехана, сүндет той (оңтүстік жақта сүндет тойды «Ұлы той» деп бағалайды), баланың 13-ке толған мүшел жасын, үйлену тойын, 70-80-90 жас мерейтойларды және өмірден өткен қадірлі жандарға ас беру рәсімін де той етіп өткізеді екен. Бұлардың қай-қайсысы да адам өмірінің ең маңызды кезеңдерін қамтитындықтан, «осы артық-ау» деп күмән туғызуға келмейді. Бірақ осының өзін азсынып, ірілі-ұсақты қызық-қуаныштың бәріне шабылып той жасайтын әдет таптық. «Өлең де өлең, шөп те өлең» демекші, тойдың өзін түрлендіріп, түлетіп жібердік. Тіпті қызды-қыздымен жаңа отырғысы келіп жүрген баланың өзін елеусіз қалдырмаймыз деп «Көтенботқаны» (осы дәстүрдің қайдан, қашан шыққанын білмеймін) тойлайтын болдық. Одан өзге 1 жас, тілашар, бастауышты аяқтау, мектеп бітіру, жоғары оқуға түсу, тәтті шай, келін шай, 30-40-50 жас деген секілді қуаныштың бәрі тойханалардың бизнесін дәуірлетіп тұр. Қазақтың ой ойлау түгіл, басқа тірлігін түгендеуге шамасы жетпей қалды. Сүрініп-қабынған қазақтан «Қайда барасың?» десең, «Тойға барамын!», «Қайдан келесің?» десең, «Тойдан келемін!» дейтін хәлге жеттік.

Ал енді осы тойшылдық дегеніміз қазақтың тойынғанының белгісі ме деген сауал туындаса, күмілжіп қалатынымыз тағы рас. Әрине, тойғанынан секіріп, шетелде той жасайтындарды да көз көріп жүр. Мейлі ғой, құдыретің жетсе, тіпті айға ұшып, той жаса, ешкім «тәйт» демейді. Өкінішке қарай, шама-шарқы жетпесе де қарызға белшесінен батып, бай-бағланнан бетер той жасайтындар тойдан кейін өмір барын естен шығарып алатын болуы керек. Әйтпесе, той тарқап, қызығы басылған соң, қарызын өтей алмай, бір күндік қызық үшін мың күндік азап шегіп жүрмеген болар ма еді?..

Өзім куә болған бір ғана жайды айтайын. Ағайындарымыздың жалғыз баласы бар еді. Әскерден келе сала әй-шай жоқ, танысқан қызын жетектеп әкеліп, ата-ананың қарсылығына қарамай үйге кіргізді.

Өздері несие төлеп, бірді бірге әрең жалғап отырған отбасы, амал жоқ, «жалғыз ұлдың тойында шаппағанда» деп тағы да қарызға кіріп, ұлан-асыр той жасады. Құдалығын шақырды. Ақыры не болды? Бала жұмыс істемейді. Келінде жоғары білім жоқ. Қысқа жіп күрмеуге келмейді. Отбасында күнде ұрыс-керіс. Ақыры мінезі шайпау келін күйеуін ертіп, үйден кетіп тынды. Қарызға белшесінен батып, жылап-еңіреп ата-ана қалды.

Әке-шешеде жазық жоқ, жалғыз ұлдың қызығын атқарып бере алмасақ, қайтіп жер басып жүреміз деп намысқа тырысып, тыртыңдап әлек. Әттең, сол жалған намыс, елдің сөзі дегенді жиып қойып, 60-70 адамға орташа той өткізсе, дәл бұлай тығырыққа тірелмес пе еді, кім білген?..

Қазақ «Көрпеңе қарай көсіл» дейді. Алайда бұл күнде әр алуан жиын-тойдың сән-салтанатын кіргізу үшін кісіні көбірек шақыру етек алып барады. Мұның өзі ашық бәсекеге, даңғойлыққа, дарақылыққа айналуда. Тойға 500-600, тіпті одан да көп қонақ шақыру дарақылық емей немене? Қыруар шығын шығарғанша, қонақ санын етене жақын туыс-тумалармен, еңбектес сыйластарымен шектеп, үнемделген қаражатты, мәселен, отау тіккен қыз бен ұлдың қажетіне жұмсаса, игілікке жаратса ше?

Жә, бәзбіреулердің «Тойды көпсіну ырымға жаман, Құдай өзі жеткізеді. Той көп бола берсін» деген уәжіне де тоқтайық. Ендеше тойдың мән-мағынасына ерекше мән беріп, неге рухани азық болар өнеге-тағылымға бет бұрмасқа? Тойға адам асабаның арзан әзілдерін тыңдап, секеңдеп билеп қайту үшін емес, күнделікті күйбең тірліктен демалып, рухани әсер алып қайтуы үшін баруы керек. Бір-бірінен айырып алғысыз жаттанды тойлардан кейде шаршап шығасың.  Мағынасыз жаттанды тілектер, ер мен әйелдің би жарысы, ас ішіп, аяқ босату... Бүгінгі қазақтың тойын қысқаша осылай суреттеуге болады. Міне, сондықтан да халық тойдан жалыға бастағандай.

«Тойға шақырмаса екен деп отырамыз. Зейнетақымыз, еңбекақымыз тек тойға жұмсалып жатыр» деген әңгімелерді соңғы кезде жиі естимін. Мойындау керек, әрі тартса, бері жетпей, бері тартса, әрі жетпейтін қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрғанда, тойға қуанып баратындар аз, көбі ағайынның көңілі үшін ұялғаннан барады.

Соңғы кезде сәбилерін топырлатып ілестіріп бару да үрдіске айналып бара жатқандай. Үйдегі немерелердің шуынан шаршап шығып, демаламын деп келгенде, бірін-бірі қуалай ойнаған балалардың даусынан ойың бөлініп, тіпті мазаң қашып отырады.

Әдетте балаға арналған тойда тойдың аты баланікі де, заты үлкендерге ауысып кететіні бар. Әсіресе, балаға арналған шілдехана, туған күн, тұсау кесер тойлары осындай.  Той иесі - бүлдіршін айдалада сырт қалады да, үлкендер өзімен-өзі болып, қызықтап, қиқулап жатады. Кішкентай баланың құлағына кіріп шықпайтын қиын ұғымдарды, күрделі пәлсапаны қарша боратып сөйлейтін ересектер оның көңілін қалдырады. Бала дастархан басынан тезірек тойып, далаға жылыстағысы келеді. Немесе назардан тыс қалған бала құлап бір жерін жарақаттап алып жатады. Есін біліп қалған баланың тойы өзінің қатарластарының ортасында өтсе ғана қызық.

Осы орайда тойды уақытында бастап болмайтын тағы бір теріс әдетімізді атамай өтуге болмас. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызда ең қымбатымыздың бірі ол - уақыт. Барлық дүние-тіршілігімізді ысырып қойып, той тойлауға қаншама уақытымыз кетіп жатыр?! Әсіресе, тойға барғанда бір-бірімізді күтіп, екі-үш сағатымызды жоғалтамыз. Тойға шақырылған уақытында барып, уақытында той басталып кетсе, өзіміздің де, өзгенің де уақытын жемес едік.

Той - өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке.

Той – аға мектебі. Той-тамашада талай жезтаңдай, күміс көмей әншілер, орақ тілді, от ауызды шешендер, түйгені мол білімділер, көпті көрген көне көздер, ел ардақтылары, ардагер еңбек ерлері мен майдан батырлары ой-толғаныстарын ортаға салады, тәлім-тағылымға толы әңгімелерін айтады. Кейде он кітаптан таба алмайтын ой-пікірлерді, адамгершілік ғибратын бір той үстінде естіп білуің, көкейіңе қондыруың ғажап емес. Сөйлегендер егеді, тыңдағандар орады.

Той – адам тану, адам еңбегін қастерлеу мектебі. Той өткізу анау айтқан жеңіл-желпі, жүрдім-бардым шаруа да емес. Той-тамашаны көңілден шығардай, ұмытылмай, есте ұзақ қалардай етіп өткізу үшін талай нәрсенің алдын-ала білу қажет.

4

Өткен екі жылда, яғни пандемия уақытында халық тойсыз, кәдімгідей етек-жеңін жинап, тойдан да өзге дүниелерге ден қойып, көңіл бұра бастағанын мойындап, сезініп айтып жүрді. Өкінішке қарай, ол күндерді тез-ақ ұмытып, қайтадан ескі сүрлеуге түсіп алдық. Пандемия сабақтары да бізге әсер етпеді.

«Қазақтың тойы бітпесін» деп белгілі әншінің әнінде шырқалып жүргендей, әрине, Жаратқан бізді той-қуаныштан жазбасын! Әр тойдан көңілдерге із қалады. Сол іздер ізгілік, жақсылық іздері болуы тиіс. Тойға барсақ, уақытымыздан ұтылмай, рухани байлыққа «тойып» қайтайықшы.

Ғазиза Рахметова,

ардагер ұстаз,

Теректі ауданы

Ақжайық ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале