15.04.2021, 18:59
Оқылды: 199

Той жасау неге тыйылмай тұр?

Соңғы жылдары қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастық пен бәсекелестіктің, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды. Олай дейтініміз, бүгінде көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақтар шамасы жетсін-жетпесін, несиеге белшеден батып, дүбірлетіп той жасайды. Қазақ тойындағы ысырапшылдық қоғамда бұрыннан қызу талқыға түсіп жүрген өзекті әрі жауыр болған тақырып еді. Ал мына аты жаман ауру келгелі қазақтың қазынасы деп келген тойына да тыйым салынды. Карантин кезінде той тоқтап, ысырапшылдық азаяр ма деп едік, олай болмай тұр. Тығылып той жасаған, туған күн тойлағандар әлі тыйылар емес.

Той жасау неге тыйылмай тұр (2)

Расында той мәселесі қазақтың жанды жері. Бесіктен бейітке дейінгі өмірін өлеңмен өрген халқымыз ежелден сауықшыл. Десек те, соңғы жиырма жылдықта бұл үрдіс тым дарақы жолға түсті. Бесік тойдан басталған думан тілашар, тұсаукесер, сүндет той,  қыз ұзату, үйлену, мерейтойларға жалғасып жатады. Сонымен қатар, қоныс той, зейнет той, құрдастармен айына бір рет бас қосатын «шиыршық» сияқты жиындар бар. Тойдың көптігі өз алдына, ондағы жасалатын ырым-жоралғылардың өзі қаншама? Мұның барлығы айналып келгенде көпшіліктің қалтасына ғана емес, уақытына да шашетектен шығын. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай кезеңде бұл мәселе қаншама айтылғанмен, тоқтам болған жоқ. Алайда аты жаман дерт еліміздегі біршама жағдайларды күрт өзгертіп жіберді. Бұрын той десе қу басы домалап, делебесі қозатын қазақты карантин біраз қызықтан айырды.Той жасамаңыз, үйге үйіп қонақ шақырмаңыз деген ескертпелердің елге ескертілгеніне бір жылдай уақыт болды. Құлақ асқандар жоқ деуден аулақпыз. Қоғамның қауіпсіздігі үшін, қуаныштың арты қазаға апармауы үшін той-томалақты кейінге ысырып, ысыраптан тыйылған ақылды ағайындар аз емес. Көлікті ауланың алдына қоймаңдар, тәртіп сақшылары біліп қойса, айыппұл салады, той ауласына топпен кірмеңдер, күмән тудырады деп тап бір шайқас алаңына келе жатқандай, келетін қонақтарға нұсқаулық беретіндерін қайтерсің. «Тойға барсаң, бұрын бар, бұрын барсаң, орын бар» деген сөзді ту етіп, кешікпей той ауласына еніп кетуге тырысатын қонақтар не ойлады екен деп ойланасың. Кей адамдар денсаулығымыз, өміріміз өзіміз үшін керек екенін ұмытқандай көрінеді. Осындай қиын кезеңде той тойлау неге тыйылмай тұр? Той тойлағандардың арасында ауру тасымалдаушы жоқ дегенге кім сенеді? Кеше ғана той жасаймын деп топ-тобымен ауруханаға түсіп, талайының дәм-тұзы сол жерде таусылып кеткенін қалай тез ұмытып кеттік?

Жаңақала ауданында құрылған мониторингтік топ күн сайын рейдке шығып, тығылып той жасағандардың ісін әшкерелеуде. Алайда той жасап, айыппұл арқалап жатқандарды тұрғындар бір-бірінен естісе де карантин режимін ескермей отырғандар көп.

Таяуда Мәстексай ауылдық округіндегі бір тұрғынның карантиндік режимге мойынсынбай той жасап, соңында сол тойға қатысқан адамдардың ауыр дертті жұқтырғаны жаға ұстатты. 10 адам індет жұқтырған. Өте өкінішті. Қаншама адам ауруханада осы ауыр дертпен арпалысуда. Осы мақаланы жазу барысында қауіпті дертті жұқтырғандар жөнінде сала мамандарына хабарласып, мән жайды білген едік.

Сержан Есенгубеков (суретте)11

- Ауданда коронавирус инфекциясымен шалдыққан тұрғындар саны көбеюде. Аудан халқы карантинді сақтау жөніндегі талаптарды қатаң ұстанбай отыр.  Жақында ауылдық округте карантиндік режимді сақтамай, той өткізілгені барлығына мәлім. Соның салдарынан 10 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы орташа деңгейде. Бір тойда коронавирус инфекциясын жұқтырған он бес адамның ішінде үш мектеп жасындағы оқушылар да бар. Той өткіземіз деп қанша халық инфекцияға шалдықты. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Жалпы облыс бойынша КВИ жұқтырғандар саны 16500-ге жуық. Оның ішінде 9068 симптомды, 7430 симптомсыз. Осы аптада – 821, алдыңғы аптада – 725 жаңа жағдай тіркелген. Бұл дегеніміз – 11,6%-ға аурудың көбейгендігін білдіреді. Осы көрсеткіштердің ішінде біздің ауданда қаңтар айынан бері 53 адам КВИ жұқтырған. Бұл инфекцияны тоқтатудың жалғыз жолы – вакцинамен егілу және үйде отыру. Аудан халқынан той-домалақ, туған күн кештеріне баруды тоқтатуларын сұрар едім. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың індетке шалдығуын қаламасаңыз үйіңізде қалыңыз. Ең бастысы, халық болып індеттің ары қарай тарауына жол бермеу керек, - дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Сержан Есенгубеков.

Ал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа, қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Рашид Ибрагимовтың айтуынша, карантин режиміне бағынбай Мәстексай ауылдық округінде болған тойдың салдарынан 6 адам вирус жұқтырған. Оның артынан қауіпті дертті жұқтырған 4 адам ауруханада жатыр. Тойдың арты қайғылы жағдайға апаратынына осы вирус жұқтырған жандар дәлел.

Рашид Ибрагимов (суретте)1

- Бұл жағдайдан кейін басқа облысқа барып келген бір адам індетті жұқтырып келген. Ол өзінің жақынына жұқтырып, қазіргі таңда ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзып туыстарын жинап, той жасап жатқандар анықталса, хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Айыппұл құны жеке тұлғаларға 30 АЕК - 87510 теңге, ал кәсіпкерлерге – 230 АЕК (670910 теңге) көлемінде. Сондай-ақ жеке тұлғалар 7 күн ішінде 43755 теңге, заңды тұлғалар 335455 теңге жеңілдігімен төлеуге болады. Сонымен қатар тойға барғандарға да айыппұл салынады. Тәртіп пен талапты сақтау үшін осындай қадамға баруымызға тура келеді. Өйткені, адамның денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Оған қауіп төндіруге ешкімнің құқы жоқ. Қазақ тойсыз отыра алмайтын халық десек те уақытша той-жиындарға бармай, қауіпті дерттің алдын алу керек, - дейді Р.Садықұлы.

Түйін: Талаптың осылай күшеюіне өзіміз де себепкерміз. Тәртіпке бағынбай, тығылып той жасадық. Рас, ауру қанша үдесе де садақа, той жасау сияқты салт-дәстүрлер жалғасуда. Тойханалар жабық болғанымен есік алдына құда күтіп, беташар жасағандар көбейді. Көпшіліктің жиналуы салдарынан қауіпті індеттің таралуы жиіледі. Мұны мойындау қажет. Әр шаңырақтың тойы маңызды екені белгілі. Дегенмен, қауіпті індет басылғанша той тойлауды доғарғанымыз абзал. Сондай-ақ бұл дерттен қорғану үшін көптеген тәжірибелерден өткізіліп, вирустан сақтануға көмектесетін бірнеше вакциналар да ойлап табылды. Десе де, қазіргі таңда вакцина өз тиімділгін көрсетіп отырғанымен, оның адам денсаулығына беретін әсеріне күдікпен қарап, салдырғысы келмейтіндер де баршылық. Вакцина алу індеттен сақтанудың басты жолы болып табылады. Әрине, бұл ең бірінші кезекте өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Сондықтан әр адам өзін, отбасын, әріптестерін ойлап екпе алғаны дұрыс. Сонымен қатар той-жиындарға уақытша шектеу қою керек.

Той тойлаудан бұрын ой ойлап, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымыздың амандығығы үшін қауіпті дерттің алдын алайық.Сөзімізді қорыта айтсақ, қазаққа күнде той жасап, ас ішіп, аяқ босату дағдысынан арылатын кез келді. Оның орнына әркім өзі үшін еңбек етіп, елдің жағдайын жақсартуға үлес қосуы керек. Бұл – қазіргі заманның бізге белгілеп берген басты талабы. Онсыз қай ел болмасын құрдым қақпасына жол ашады.

«Той – қазақтың қазынасы». Ол рас. Жөнімен жасалған қуаныш отбасы мүшелерінің арасында ғана аталып өтілуі тиіс. Жан дүниеміз жаңарып, жақсылыққа ұмтылғанда ғана жер бетінен коронавирус толық тазарып, қуанышты өмірге қайта қауышатын кез келер деп үміттенеміз.

 

Ақсәуле Сескенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress

 

Бижан Төремұратов,

Жаңақала аудандық полиция бөлімінің басшысы,

полиция подполковнигі:

Бижан Төремұратов (суретте)1

- Елімізде карантин режимін елемей, той жасап, топтасып сауық-сайран қуып жүргендер азаяр емес. Салғырттық салдарынан енді ғана басыла бастаған індетті қайта өршітіп алуымыз мүмкін. Қауіпті сейілтудің басты амалы карантин режиміне бағыну. Босаңсып кетсек, індет бір мезетте белең алып кетері анық. Сақтық шараларына ден қойып, көпшілік жиналатын іс-шараларды кейінгі шегере тұрсақ, одан ұтылмасымыз белгілі. Адамнан адамға ауа арқылы жұғып, өкпені қабындыратын дертті тоқтататын кез келді. Ол үшін отбасымызда оқшауланып, қоғамдық ортаға мейлінше бармай сақтық танытудың әрі вакцина салдырудың маңызы зор. Әрбіріміз өз ортамызда жақындарымыз үшін жауапкершілік танытайық!

Зара Жардемова,

аудандық мәслихат депутаты:

Зара Жардемова (суретте)1

- Бүкіл жер шарын жайлаған коронавирус пандемиясы баршамыздың өмірімізге елеулі өзгерістер әкелді. Елдің экономикасына үлкен әсерін тигізді. Дегенмен де басты байлық - денсаулық. Соңғы айда санитарлық талаптар сақталмай, босаңсып кеткеннен кейін індет қайтадан өршуде. Пандемия жағдайында қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөнінде бекітілген ұлттық жоспарға сәйкес аудан көлемінде бірнеше жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен бұл індетті әр адам сақтық шараларды қатаң ұстаса ғана құрықталады деп ойлаймын. Сондықтан ауылдық жерде  таралуына жол бермейтін бірден-бір жол көпшілік жиналатын жерден бас тарту, қонақ, той-жиындарды әлі де болса азайту. Сондықтан ауылдастарыма шыдамдылық танытайық дегім келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале