15.06.2020, 17:50
Оқылды: 188

Тойдың көркі – асаба, асаба салықтан қаша ма?

    Бүгінгі таңда кез келген қуанышымызды сеніп тапсыратын, қуаныш иесінің кемшін тұстарын жасыратын, мақтауын асыратын асабалар екені бәрімізге мәлім. Одан бөлек, балалардың туған күнінде, мейрамында баланың көңілін аулаймын деп, жанарын жаулаймын деп әке-анасының аниматорларды жалдау үрдісі қалыптасып келе жатыр.

Toi 2

Тойдың жақсы болмағының 50%-ы тойды атқаратын жандарға байланысты екенін көп жағдайда ескермейміз. Дастарханыңыз жайнап тұрғанмен, мейрамханаңыз лық толып қайнап тұрғанмен, таңдауыңыз лайық болмаса, қонақтардың алдына айып болмақ. Олай дейтініміз, көптің көңілінен шығатын асаба қазақы, әншісі тосылмай әу дейтін, бишісі қолды-аяққа тұрмай билейтін болса кім-кімнің де көңілінен шығары сөзсіз.
Ал осы кәсіп иелері дейміз бе, нәпақасын тауып жүрген өнер иелері дейміз бе әйтеуір, асаба Үкіметке салық төлеуі керек деген заң бар дейді ғой. Бұл заңды сырттай естіп жүрсек те, жете білмейтін едік. Редакциямызға аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының хабарламасы келіп, содан көзіміз шалып қалып, қособалық сөзі жүйрік, «Өнер барысы» атанған асаба Бауыржан Бисқалиевтың пікірін білдік.

– Ең алдымен айта кетерлігі, асабалық бұл кәсіп дегеннен гөрі өнер деген жөн болар. Асабалықты оқытатын арнайы білім ошақтары жоқ болса да, халық ауыз әдебиеті біздің халқымызда қанымызға сіңген, ата-бабамыздан бізге жеткен мұра. Кез келген есті асаба «Қисық сөз – күлмекке жақсы», яки «атың шықпаса жер өрте» деп емес, қуанышқа жиылған халыққа қазақтың салтын жаңғыртып, ұлықтап, есті сөз сөйлеуі керек. Ауыздан дұрыс сөз шығуы ізденіс пен еңбекқорлықты талап етеді. Әр той сайын бір сценарийді қайталап емес, әрбіріне жаңашыл дүние шығарып, жұртты қуантып, қарғысын емес алғысын аларлықтай өтімді болса құба-құп.
Салық төлеу мәселесіне жеке пікірімді айтар болсам, той болсын, басқасы болсын тапсырысты өзіміз табамыз. Ешкімге қол жаймаймыз. Жеке кәсіпкер деп тіркелердей, кәсіпкер емес, ел қатарлы өз бетімізбен адал асын ішіп отырған, қазақтың тойын қастерлейтін жандармыз. Ол үшін салық төлеуіміз қателік секілді, меніңше.
Әрине, асабалардың ішінде қосымша табысы жоқ, күнін той-томалақпен көріп, жан бағып, негізгі «бизнесіне» айналдырғандар бар. Егер солар өздерін «кәсіпкерміз» десе, қарсылығымыз жоқ. Бірақ тепсе темір үзетін жігіттердің тек той-томалаққа қарап жан бағатынына ішім ашиды...

Иә, Бауыржан ағамыздың да сөзінің жаны бар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әйтсе де, ешқандай қосымша табыс таппай, жұмыстың бәрінен бас тартып, тек тоймен жан бағып жүргендер жоқ емес. Солардың азаматтығына мін болмас па екен? Әлде, өзін тек тойда жүру үшін жаралғанмын деп жар салып, көздерін шел басып, жұлдыз ауруына шалдығып, қара жұмысқа өзін қимай, бойындағы дарыны өн-бойына сыймай жүр ме екен?

Ол – ол ма, той десе бірден ойымызға асаба келеді, ал басқа қызмет иелері ше, фотограф, биші, беташаршылар, қызды қос құрбысындай қолтықтап келетін қаракөздер ше?
Осы ойымызды тойдың әккі асабаларының бірі Жасқайрат Кенжебаев ағамыз да өрбіте әкетті.
Ағамыздың айтуынша, салық басқармасының салықты кез келген көлденең табыс түріне салуға құқысы бар, тек оны заңдастырып түскен қаржы мақсатты жұмсалуы керек. Той бизнеске келетін болсақ, тойда қызмет көрсететін тек қана асаба емес, оның әншісі, бишісі, видео, фотооператорлары сияқты командасы болады, солардың барлығына да салықты бірдей салу керек. Қазір шыны керек, қыздың бетін өмір көріп үлгермеген бозбалалар ашса, келінді кіргізетін ән-би ансамбльдерінде түрлі тағдырды кешкен қыз-келіншектер де жүр. Шынында да, қазір «таяқ лақтырсаң асабаға тиетін» заман болды, сондықтан салықтың салынғаны дұрыс, ол бір жағынан өздерінің (жастардың) өз болашағына салған капиталы болып есептеледі. Негізі бұл жерде тек асабаларды кінәламау керек. Ең бірінші той иесінің талғамы болуы қажет, өйткені ақша беруші өзі ғой, ал бізде тойын өткізіп алғаннан кейін, «анау айтқан соң ала салып едім, одан да басқа асаба жалдауым керек екен» деп жүретіндер көп. Ұмытпасам Дариға Мұштанова апамдікі болуы керек, бір ауыз өлеңмен аяқтайын:

Той дегенің жиналыс ода болды,

Ән шырқаудан ел шаршап ада болды.

Топ-тобымен кіріп кеп өнерпаздар,

Тиын-тебен жинайтын мода болды, – деп жазған болатын. Бір кездерде менің де ойым тойға барған ел шаршап емес, демалып тойлап қайтуы керек, – дейді.
Сөз саптау мен білімділік өз алдына «имиджі мықты, әлеуметтік желілерде оқырманы көп, көлігі де көрікті болған, барлық жағынан сөзі мен дүниесі үйлесім тапқан асабалар өтімді. Заманауи, жас асабалардың ішінде имиджі иіріп әкететін, сөзіне сүйсінерлік, ойындары орнымен, қалжыңы қалыпты асабалар қалыптасып келе жатқаны қуантады», – дейді тойда жүргеніне біраз болған асаба, ауданымыздың тумасы Асылбек Сарғозиев.
–       Біз тойда ішкен адаммен де, сау адаммен де жұмыс жасаймыз. Алдымен амандығымыз маңызды, оны қамтамасыз ететін заңды органдар нақты жұмыстанса, сосын түрлі қала ауылдарға біз өз қалтамыздан көлік жалдаймыз. Жалпы мен ағаммен бірге тойға шыққасын аппаратура бізбен бірге қызмет жасайды, сондықтан оның кей жағдайда істемей қалатыны болады, әрине, техника ғой! Осындай шығындарды өзіміз өтейміз...
Бізде қатып қалған баға жоқ, халықтың қамын да естен шығармаймыз. Бірақ салық төлер болсақ, біздің де бағамызды көтеруімізге тура келетінін айта кеткен жөн, – дейді жымпитыдағы тойлардың тұрақты жүргізушісі Алмаз Жұмагелдиев.
Жоғарыдағы пікірлер әртүрлі, басым бөлігі асабалық өнердің жілігін шағып, майын ішкен, көп тойларды көрген асабалар. Ал енді кейінгі буын жас асаба Арман Ғабдықұл:

– «Алмақтың да салмағы бар»  демекші, қазіргі той саласында жүрген кәсіп иелеріне де салық салатын кез келді деп білемін. Себебі қазіргі таңда екінің бірі той саласынан табыс тауып жүр. Егер салық салынса нағыз аталған кәсіп иелері той саласында қалып, сапа жақсарып сан қысқарар еді. Бұныммен біреудің ақшасын біреуден қызғанып отырғаным жоқ, тек асабалардың тілінен шыққан сөз көбіне майдаланып кетеді, соған қарның ашады. Тәртіп бар жерде, оң нәтиже бар. Егер тапқан табыстың белгілі бөлігін мемлекетке тапсырып отырса, онда бұл істің заңды сипат алып, бір жүйеге келері белгілі. Қазіргі той ұйымдастыру орталықтары «ИП» ретінде тіркеліп, асабаларға кастинг жасап, құрамына сауатты, мықты деген тамадаларды қосып тікелей тоймен айналысса – құптарлық дүние.

Әрине, Арманның ойымен де келісуге болады. Бірақ «салық бар жерде – сапа бар деу» кішкене күмән туғызады. Олай дейтініміз, салық төлегеннің бәрі тойды сүбелі сөздерімен, орамды ойларымен, орынды әзілдермен көмкереді деп баса айту қиын болар. Барлық мықты деген асабалардың пікірін бір арнаға тоғыстырып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаровқа арнайылап барып, бір ауыз ойын сұрадық. Арман мырзаның айтуынша, Заңда Қазақстан Республикасының кез келген азаматы табыс тапты ма, салығын төлеуі керек деп көрсетілген. Соншама даурығатындай ештеңе жоқ. Қазірдің өзінде асабалардың ішінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын төлеп жүргендері бар. Егер олар салық басқармасына келіп, түсінбейтін жерлерін сұрап алса, мамандар түсіндіріп беруге дайын. Айта кету керек, елімізде белгіленген мораторий бойынша, кәсіпкер ретінде салық басқармасына тіркелген кәсіп иесіне 3 жылға дейін жеңілдік қарастырылған.

Түйін.  «Судың да сұрауы бар» демекші, талапты қоймас бұрын соған лайықты әрекет жасап алып, талап еткен дұрыс болар ма еді. «Заңның талабы» деген дүниені де естен шығармауымыз керек. Тек сол заңдардың жолдарын бір ізге түсіруге керек-ау. Егер әр қалада немесе аудан орталықтарында асабалардың басын бір жерге тоғыстыратын, арнайы тапсырыстарды қабылдап, той құнын белгілеп, оларды әрқайсысына үлестіріп беретін асабалық орталықтар ашып, сол арқылы бәрі бірдей салық төлесе яки саны бар сапасы жоқ емес, шетінен сайдың тасындай асабаларды іріктеп, мықтыларын, сүт бетіне шығарар болса, кей тойлар құр әзіл-күлкі, орынсыз келекелерден тыйылар ма еді деген ұсынысымыз бар.
Қазақ елінің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының қай-қайсысының да заңға бағынары сөзсіз. Себебі ол азаматтық борыш екенін терең түсінеді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, қай қайсысын да түсінуге болады. Мысалы, ойлап көріңізші, ересектер түгілі есі кетіп ойын ойнап отырған кішкентай баланың қолындағы планшетті сау, таза күйінде алғыңыз келеді, бірақ жылатып алғыңыз келмейді. Ол үшін оған планшетті алмастыратын, баланы еріксіз баурап алатын ойыншықты ұстатуыңыз керек емес пе?
Тойдағы асабалар да сол секілді, ешкімге зияны жоқ, қайта халыққа көтеріңкі көңіл күй ғана сыйлағысы келеді. Егер асабаларға салық төлеткіміз келсе, алдымен соған сай жағдайды қалыптастырып алайық, ағайын!

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале