16.06.2024, 15:30
Оқылды: 107

Ұқсап туған ұл

Маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні. Есбол Қауенов 1989 жылы Теректі ауданының Подстепный топырағында дүниеге келген. Теректідегі есі бар жанға Есбол деген есім жақсы таныс шығар. Айналасына сыйлы азаматты отбасының тірегі, мамандығының нағыз майталманы десек, жалған айтқанымыз емес. Мамандығы деп қалдық қой, ол аудандық орталықтандырылған ауруханасының бас есепшісі қызметін атқарады.

FB_IMG_1718516534362

Биыл бас есепші ретінде жұмыс істеп жатқанына төрт жыл толады. Бұған дейін, яғни 2013-2015 жылдары аурухананың материалдық есепшісі, 2015-2020 жылдары мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жасады. Туған жері Подстепный ауылының мектебін 2007 жылы тәмамдап, өзі қалаған сала бойынша білім алған.

- 1985 жылы ата-анам Подстепный ауылына қоныс аударды. Әкем ішкі істер саласында маңдай терін төкті. Анам Теректі аудандық колледжінде есепші болды. Отбасында екі баламыз, менен үлкен әпкем бар. Кішкентай кезімнен әкем мен анам адал, білімді болуға тәрбиеледі. Сол үшін ақ адал еңбегімен оқытты. Қатардан кем қылмады. Енді ата-анамның алдындағы парызымды орындап, еңбегін еш кетірмесем деймін, - деді Есбол Нағимоллаұлы.

Қысқа да нұсқа сөйлейтін азамат өзі жөнінде ашылып айта алмады. Мақтанға ұмтылмайтын қасиетін ескеріп, әйелі Злиха Маратқызымен тілдестік. Ерінің атын ел шығарса, елге дейін өзінің жолдасымен мақтанатын жұбайы:

- Асыл жарымның қолы өте ашық. Өзінің отбасын бәрінен биік қойып, уақыт бөлуден жалықпайды. Әйел затын ерекше құрметтейді. Дәрігерлердің көбі нәзік жандылар ғой. Жолдасымның қатты сөйлеп, біреумен сөзге келіп жатқанын байқамаппын. Қызметіне де жауапкершілікпен қарайды. Тіпті жұмысы қауырт болса, демалыс күндері де жұмыстан табылады. Қос ұлым әкесінен үлгі алса, қор болмайды, - деді.

Жұбайының айтуынша, ол өте жаңашыл адам. Жаңадан шыққан дүниені сатып алмай, жаны тыныштық таппайды. Соңғы үлгідегі көлемі үлкен теледидарды қонақ бөлмеге қондырып, балалары үшін жатын бөлмеге де теледидар алған. Замануи тілмен айтсақ, трендтен қалғысы келмейді. Материалдық құндылықтарды ысыра тұрып, жан-дүниесіне үңілсек, даладай кең көңілін, баладай аңғал сенгіштігін аңғарамыз. Жан баласына арамдық ойламайтын ол адамдарға жиі алданып қалады екен. Әлемді өзіндей көреді ме кім білсін, аузы күйсе де сенуден шаршамайды. Тағы да атап өтетін жайт бар. Тағдырдың тосын сынағы олардың отбасын да айналып өтпеді. 2014 жылы арқа сүйер асқары Нағимолла Қауқаровтың мидағы қан айналымы кенеттен бұзылып, инсульт алады. Әкесінің дерті жанына батқан Есбол Қауенов 2021 жылы аудан орталығынан ата-анасы тұратын Подстепный ауылына көшіп кеткен. Қазіргі таңда Теректідегі жұмысына аталған ауылдан қатынайды.

FB_IMG_1718516532082

- Мен әкеме қарап бой түзедім. Оның әр әрекетін, айтқан нақылын санама тоқып өстім. Әкемнің ауыр дертке ұшырауы қабырғамды қайыстырды. Жанына барып, оны бағуға шешім қабылдап, қара шаңыраққа атбасын бұрдым. Он бір ағайынды әкем бауырмал болуға, адамдарға қолұшын созуға үйретті. Бала кезімде әкемнің қолы қалт етсе, кітаптар, газет-журналдар оқитын. Сыртай қарап, мен де оқуға ұмтылдым, - деген ол әкесіне келгенде ұзақ көсілді.

Нағимолла Қауанұлының сыртқаттанып қалғанына он жылға жуық уақыт болған. Дегенмен өзінің ерік-жігерінің арқасында еңсесін тіктеп алған. Әдетте инсульт алған адамдар өмірден күдер үзіп, бәріне қолды сілтеп тастайды. Бірақ кейіпкеріміздің әкесі сынаққа дес бермей, ортамызда жүр. Той-томалақтан қалмай, ағайындардың қуанышын бөлісіп, жарқылдап жүрген оның 66 мыңға жуық нақыл сөз жазылған қойын дәптері бар. Арнайы сұратып, суретін оқырмандарымыз үшін жариялап қойдық.

FB_IMG_1718516536456

Байқадыңыздар ма, әкесі мен баласының бойында ұқсастық өте көп. Екеуі де қонақжай, адамгершілігі мол, ұқыпты, жауапты жандар. Осы орайда дана қазақтың «әкеге қарап ұл өсер» дегені ойға оралды. Есбол Нағимоллаұлының арбадағы әкесін бағып, жуындырып, бар күтімін жасап жүргені мақтауға лайықты. «Әрине, өзінің әкесі ғой» деуіңіз ықтимал. Бірақ айналамызға бір сәт асықпай қарайықшы. Біздің қоғамда ата-анасы ауырмаса да, қартайып «салмақ салатыны» үшін қарттар үйіне апарып жатқан ұл мен қыз аз ба? Жақсы, әріге бармай-ақ қоялық. Әке мен шешесіне келген сынақтан жалтарып, бөлек ғұмыр кешіп жүрген ұрпақты қайтеміз? Аспаннан салбырап түскендей тәубасын, үйіндегі отбасын ұмытып кеткен «ер» көбейген кезеңде теректіліктер Есбол Нағимоллаұлын үлгі етуі тиіс.

Қызық дерек

Айтпақшы, Есбол Қауенов туралы қызықты дерекке қанық болдық. Ол сағат сайын су ішпей жүре алмайды екен. Ал Теректі ауылында күні бүгінге дейін су болмады. Су ішпей қалай жүрсің, бас есепші?

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале