29.03.2024, 18:00
Оқылды: 49

«Ұлттық қор» ұрпақ үмітін ақтай ма?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа Жолдауында "Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек" деген болатын. Осыны негізге ала отырып Президент Үкіметке "Ұлттық қор-балаларға" атты бағдарламаны жүзеге асыруды тапсырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына түсіп отыруы керектігін тапсырған болатын.

Ақша JP

Осы тапсырманы орындау үшін Үкімет бұл бағдарламаны жан-жақты талқылап, оны бүге-шігесіне дейін пысықтап, өмірге енгізді. Осының негізінде қор қаржысы Қазақстан азаматы атанған әр баланың есепшотына түсуі тиіс болды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында Әділет министрлігінің жеке тұлғаларының дерекқоры негізінде 18 жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың әр баласының атына автоматты түрде есепшот ашылатын болды. Ал әр ата-ана болса баласының атына түскен қаржыны екі тәсілмен тексере алады. Яғни, біріншісі-бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қызметі арқылы. Яғни, ата-ана баланың ЖСН енгізу арқылы баланың атына ақша түсті ме, соны біле алады. Екіншісі eGov-тағы жеке кабинетке кіріп анықтауға болады. Осы жерде де ата-аналар бірталай ыңғайсыз жәйтқа тап болғанын білеміз. Қайсыбірінде балаларының аты-жөндері сәйкес келмей жатса, енді біреулерінің туған жыл, күндері қате жазылған. Ата-аналардың БЖЗҚ-ға тікелей байланысуы арқылы ғана бұл мәселелер шешімін тауып, балалардың дереккөздері дұрысталған. Алда-жалда кімде-кім БЖЗҚ-ға сеніп, қам-қарекетсіз отырған жағдайда балаларына түсуге тиіс ақша баланың дереккөзі уақытылы тексерілмегендіктен белгілі қаражаттан қағылу мүмкіндігі жоғары болатын еді.

Бұл қаражатты қайда жұмсауға болады?

 

18 жасқа толғанда қаражат баланың меншігіне ауысады, оны қалай пайдалану керектігін меншік иесі өзі шешеді. Білім ала ма, әлде тұрғын үй алуға жұмсай ма, өз еркі. Бұл ретте егер де бала шетелде білім алғысы келсе онда оқудың ақысын төлеуіне осы қаражаттың жұмсалуына шектеу қойылмайтындығы да қарастырылған. Ал егер де баспана алмақ болса онда Қазақстан аумағындағы кез келген өңірден үй сатып ала алады. Ал сатып алған үйді қайта сату жағына да шектеу қойылмаған. Бірақ осы қаражат төрт жыл оқитын оқуға немесе бағасы аспандағы айды сұрайтын үй алу құнына жете ме? Мәселенің осы тұсы да көптің көкейінде жүрген сұрақ. Ал егер де есепшот иесі 18-ге толғанннан кейін 10 жыл ішінде қаражатты пайдаланғысы келмесе жиналған қаражат оның зейнетақы шотына аударылады. Сондай-ақ азаматтық заңнамаға сәйкес іс жүзінде жиналған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі де қарастырылған. "Бала әрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ата-аналарға  (заңды өкілдерге) ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қаражатты пайдалануға құқық беріледі делінген қор ақпаратында.

Әр баланың еепшотындағы алғашқы қаражат қанша?

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап осымен әр баланың есепшотына  100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде қаражат түсті. Қордың хабарлауынша, қаражаттың доллармен есептелуі оның дүниежүзіндегі инфляция қауіпсіздігінен қорғау, нарықтық баға құбылмалығына орай ескерілген. Сонымен қатар қандай да бір келеңсіз оқиғалар орын алса, яғни бала қайтыс болса жинақтар мұраға қадырылады. Мұрагер ретінде баланың ата-анасы танылады. Жинақтар мұрагерлердің шотына доллар бағамымен есептеліп, аударылады.

18 жасқа толғанша әр баланың шотына кем дегенде 3 мың долларға жуық қаражат жинақталмақ. Бірақ сарапшылардың айтуы бойынша қордың табысын арттыратын тетіктерді қарастыру керек. Қазіргі күні ұлттық қордың инвестициялық кірісі көп емес. Бұл шамамен 2,5 пайыз көлемінде екен. Сонда балаларға бөлініп отырған бұл қаражат бүгінгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштердің құбылмалылығына төтеп беретіндей инвестициялық кіріске тәуелді болмау жағын да ойластырған абзал деп тұжырымдайды сарапшылар. Болжамды есеп бойынша әр балаға төленетін орташа жылдық төлем шамамен 120 мың теңгені құрамақ. Ал 18 жыл ішінде шотта 2,16 миллион теңге жатуы тиіс. Сарапшылар тағы да бұл есептеулер шартын алға тартады. Яғни, қор ресурстарының сарқылып, инсвестициялық кіріс көлемінің қысқаруы да, бала туу мен көші-қон мәселелернің өзгеруіне де байланысты болуы мүмкін.

Қалай болғанда да Президентіміз бен Үкіметіміз халықтың "Қой егіз туса, бір түр жусан артық шығады" деген тәмсілін басшылыққа алып, әр баланың өз несібесі болуы керек деген ұйғарыммен жұмыстануда. Тек, басталған іс баянды болғай дейміз.

Ал өзге елдерде қалай?

 

Дүниежүзіндегі әрбір елде де дүние есігін ашып жатқан сәбилер жеткілікті. Өзге мемлекеттің болашағы-балалар үшін қандай қолдау-қамқорлықтар қарастырылып жатқанына назар аударайықшы. Мысалы, Біріккен Араб Эмиратында жаңа нәрестенің дүниеге келгені үшін ата-аналар 50 000 доллардан 200 000 долларға дейін, ал қажет болған жағдайда үй де ала алады екен. Бұл шейх тұратын сарай болмаса да, кішкентай вилла (!) да жас отбасы үшін керемет сыйлық. Сонымен қатар бір қызығы қыз балаға қарағанда ұл балаға төлем көбірек төленеді екен. Болашақта ер адам жұмыс істеп, елге табыс әкеледі деп есептейді. Ал жастар үйлене қалса неке қорынан әрқайсысы шамамен 20 000 доллар көлемінде пайызсыз несие ала алады  және оны өтеу аса қажетті де емес, ал отбасында сәби туылатын болса ол несие автоматты түрде төленген болып есептеледі.

Ал Парсы шығанағындағы Кувейт те басқа араб елдері сияқты мұнай өндіру негізгі табыс көзі саналатын ел. Ел кірісінің 10 пайызы болашақ ұрпақтың ерекше қорына бөлінеді екен. Азаматтардың санын толықтыруға ынталандыру жастардың үйлену тойынан басталады. Күйеу жігіттің 240 000 доллар несие алуға құқығы бар. Ол жаңа отбасы иесінің жалақасынан шамамен 20 доллардан ұсталынады. Ал адамның несиені өтеуі үшін ұзақ өмір сүрер-сүрмесі белгісіз, шын мәнісінде бұл сол елдің беріп отырған өлшусіз сыйы екендігі түсінікті. Бұл елде баланың туылуына ақша аударылмайды, бірақ банкте есепшот ашылып, бастапқы 3 000 доллар, пайыздар мен толықтырулар есебінен ол 18 жасқа дейін бірталай өсе бермек. Бұл елде көпбалалы болушыларға да қолдау жақсы. 5 балалы отбасыға олар жұмыс істей бастағанға дейін ай сайын 200 доллар төленіп отырады. Ал жұмыс істемейтін аналарға 300 доллар төленеді. Ал балалар білім алғысы келсе қай елде оқыса да елдегі қор оқу ақысын төлейді. Аустралияда балалар көп болса соғұрлым ақша да көп беріледі екен. Әрбір жас сәбиге шамамен 3 000 АҚШ доллары сыйақы ретінде беріледі. Ал егер отбасында егіздер мен үшемдер дүниеге келіп жатса онда жыл сайын ата-аналарға олар 16 жасқа толғанға дейін осы сома аударылып тұрады. Сонымен қатар бұл елде балаларға кететін шығындарды өтеуге салық жеңілдіктері де қарастырылған. Білім алу, балабақшаға бару, медициналық көмек алуға кететін шығындардың жартысын да елде жартылай жабу қарастырылған. Тіпті бала күтіміне тартылған ата-әжелеріне, күтушілерге тіпті көмектесетін достарына дейін жәрдемақы беріледі. Ал Норвегия да балаларға қарайласу жағынан ешкімнен кем қалып отырған жоқ. Балалардың ата-аналары олар 18 жасқа толғанға дейін айына 1580 доллар алады. Егер анасы декреттік демалысқа шыққанға дейін жұмыс істемесе онда нәресте туғанда оған шамамен 5000 доллар қаражат төленеді. Ал балабақшада орын болмаса ата-анасына айына шамамен 560 доллар беріледі және бұл қаражатты қарастыру үш жасқа толғанша жалғасады.

Иә, таңдай қағып таңданбасқа да, қызықпасқа да шараң жоқ. Біздің еліміз де қазба байлыға жөнінен дүние жүзінде айтарлықтай орынды иеленген. Еліміз өзінің жер қойнауындағы байлығымен дүние жүзінің көз сұғына айналған мемлекет десек артық айтқандық емес. Еліміздің жер қойнауында Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 70-нің мол қоры бар және оның 60-тан астамы өндіріледі. 8 мыңға жуық пайдалы қазба мен кен орны жұмыс істеуде. Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мәліметінше республика дүние жүзінде уран, хром, марганец қоры жөнінен екінші орында болса, мырыш, молибден, қорғасын, мыс, вольфрам және алтын қорынан алғашқы бестікте, ал мұнай мен темір, қалайы қорынан алғашқы он орынның ішіне кіреді екен. Қазақстан Еуразия континентінде хорм қорынан ең бай ел саналса, ал марганец қорынан бүкіл ТМД бойынша Ресей мен Өзбекстаннан кейінгі 3 орында тұр. Алтын қорынан Қазақстан дүние жүзі бойынша 5 орында. ТМД көлеміндегі мыс пен қорғасын қорының жартысынан астамы, мырыштың 70 пайызынан астамы біздің елде шоғырланған.

Осы жерде бір назар аударатын жәйт Үкіметтің геология саласына жасаған былтырғы тұжырымдамасында "Кендердің саласы бойынша Қазақстан негізгі әлемдік өндірушілерден артта. Қазіргі уақытта сапасыз қорлардың үлесінің көп болуы барланған қорлардың тек 35 пайызының ғана пайдалануға тартылуының басты себебі болып отыр. Ал 10 пайдалы қазба (алмаз, қалайы, вольфрам, тантал,  ниобий, никель, хлор, магнезит, магнезия және калий тұздары) кен орындары осы уақытқа дейін мүлдем игерілмеген» деген көңілсіз ақпаратты ортаға салған. Дей тұрғанмен еліміздегі 304 мұнай кен орнынан түсіп отырған табыстың өзі 20 миллион ғана халқы бар еліміз үшін аз кіріс емес. Сонда дейміз-ау үлкен алтын қамбаның үстінде отырған еліміздің балаларына айтып ауыз толтыруға жетпейтіндей қаражаттың бөлінуі сұрақ тудырмай ма?

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале