3.10.2022, 14:45
Оқылды: 70

«Юнеско-ға кіргізсек артық емес, ел менен ердің даңқы өсе берер, Жаһанша мен Сырымның ерліктері бүкіл әлемге танылсын десең егер»

Сырым Датұлының - 280, Жаһанша Досмұхамедовтың 135 жылдығына арналған ұлан-асыр той «Сырым – айбарым, Жаһанша – байрағым» атты республикалық ақындар айтысымен сабақтасты. Қазақтың төл өнерін тамашалауға халық аншлагпен жиылды. Егде жастағы ата-әжелермен қатар балалардың да қарасы қалың болды.

2

Айтыстың атасы атанған, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман сөз додасын жүргізу үшін сахнаға шақырылды. «Қазақтың қасиетті мекені Жымпиты аспанында бүгін рух ұшып жүргендей. Ол рух – хас батыр Сырымның, алаш арысы Жаһаншаның рухы»,- деді Жүрсін Ерман.

3

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев дала кемеңгері мен алаш қайраткерін ұлықтауға арналған шараға шақыртуды құп алғаны үшін Жүрсін Молдашұлы мен айтыскерлерге алғысын білдіріп, жаңа Қазақстанға Сырым мен Жаһаншаның ізімен, идеясымен қадам басайық деген пейілін жеткізді.

Айтыс аламанына барлығы сегіз ақын қатысты. Жыр додасын сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықидың жұбы бастады.

4

Бауыржан сөздің басын Сырым елінің елдік қасиеті мен ерлерінің өрлігін жырлады:

– Сары даланың сардары Сырым батыр,

Тарихта аты қалған ұлы ісімен.

Сырым барда орыстар жүре алмаған

Қазақтың батыстағы бұрышымен.

Мәметайдың баласы Тайлақ батыр,

Орыстарды үркіткен тынысымен.

Жырласаң, Ерсарының ерлігін айт,

Сырымнан дей алмайсың бір ісі кем.

Батыстағы найзаға шағылады.

Қызы күн де көкжиекке шығысымен.

Жаһанша арысы ғой алашымның,

Ұлт үшін кешкен ер ғой ұлы сүрең.

Жымпиты туған сондай тұлғаларды

Топырағымды артық көрем мен, ағайын,

Әлемнің алтыны мен күмісінен.

Оралбек опат болып жатқан кезде

Осы жерді ұстаған уысымен.

Оралбек опат бола бара жатып,

Осы жерді ұстаған уысымен

Жымпиты ұландардың мекені ғой,

У ішсе, ішкен ұлт пен ұлысымен.

Тәуелсіздік бұл жерде тәй-тәй асқан.

Тфә-тфә, жаңылмасын жүрісінен.

Еркіндіктің тұсауын осы жерде

Сырым батыр кескен ғой қылышымен.

Жымпиты жасап жатқан бүгінгі той

Бөлек қой дыбысымен, дабысымен.

Жүрсіннің жүйріктері алдарыңда,

Біреуі кем емес қой, бірі ісінен, - деп, тойға келген ақындарды таныстыруды да ұмытпады. Сырымның шапанындай қызыл барқыт шапан киген Бауыржанға тиіскен  Талғат «орыстың князына» ұқсатса, оған Бауыржан «Сырымның шапанындай шапаным ғана емес, қызыл қалпағым да бар», сахнада басына Сырымдыкіндей қалпақ киді.

Тақырыпқа сай ой толғаған кезінде Талғат:

– Сырымнан бұрын құдай Датты берген,

Абайдан бұрын берген Құнанбайды.

Тектіден текті туар демейді ме,

Теріске шығарады  кім ондайды

Ұлтының тыныштығын ұрлағандар,

Сырымға болған екен сыңар қайғы.

Бабамның жүріп өткен жолыменен

Жаһаншадан басқалар жүре алмайды.

Қазағым бақытты өмір сүрсін деген

Ол құсап запты өмір сүре алмайды.

Дала демократы Даттың ұлы

Тура сөйлеп бермесе тұра алмайды.

Ешқашан аласармас биік тұлға

Қадірін ешкім төмен қыла алмайды.

Эвересттің басына шыққандар да,

Сырым шыққан төбеге шыға алмайды, -деп жырлады.

Атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен Мұрадым Мирланов сөз қағыстырды.

Айтыстың бекзадасы, түркістандық Бекарыс Шойбековпен үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов айтысты. Айтысты бастаған Мұхтар:

– Мен үшін ерекше бұл Жымпиты елі,

Қазақтың бағалайтын текті өнерін,

Ең алғаш осы ауданда көлік міндім,

Төбемді жеткізіп ед көкке менің.

Жүрсін ағама одан соң мектеп ашып,

Айтысып бір қызмет еткен едім.

Баукеңнің қырық жасына келіп кеттік,

Бетіне қарамайтын, бек, төренің.

Одан соң алып үлкен мешіт ашты,

Онда кеп арнауымды төкпеледім.

Күні кеше Оралда айтыс өтіп,

Тағы мен осы жерден өткен едім,-деді.

Бекарыс Шойбеков:

– Тілімен тиген жерін иып түскен

Сырымды теңеймін мен шын алмасқа,

Жаһаншаны ардақтап жатырсыздр,

Оныңа барша қазақ қуанбас па?

Қос тұлғаны бір жерге топтастырсаң,

Берекең  осындайдан құралмас па?

Бір күнде екі тойың қатар келсе,

Құдайдан не сұрайсың бұдан басқа?- қос тойды жырлады.

Төртінші болып Сыр сүлейлерінің сынығы Нұрмат Мансұров пен арпа ішінде бір бидай, Нарынның нар қызы Жансая Мусина шықты. Ақындар Ресейден Қазақстанға кіріп жатқан орыстарды, ауданның түйінді мәселелерін көтерді. Әзіл-қалжыңмен көрерменді күлкіге қарық қылды.

5

Айтыстың мейманы ретінде келген Жәкен Омаров, Берік Жүсіповтер термелерімен жүректегі шерді қозғап, көрермен көзіне жас үйірді. Әсіресе Ж.Омаров орындаған Майлықожаның әке мен ана туралы термесі халықты ерекше әсерлендіріп, ой салды.

Халықты қиқулатып, делебесін қоздырған айтыс үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

7

Домбыра асынған ақындар додасы соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен облыстық мәслихат депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов сахнаға көтерілді.

8

Аудан әкімі сегіз ақынның әрқайсысына елдің атынан ат мінгізілетінін айтты. Ұлттық өнермен халықты сусындату үшін, айтысты ұйымдастыру үшін еңбек сіңірген қос Бауыржанға (Б.Халиолла, Б.Ширмединұлы) алғысын білдірді. Жымпитыға жүйріктерімен келген Жүрсін Ерманға шапан жауып, құрмет көрсетті.

6

Барлық қонақтарға естелік сыйлық пен аудан әкімінің алғысхаты табыс етілді.

Ғанимат Қайыржанұлы Жүрсін Молдашұлына да ат мінгізді.

Шынар Молданиязова,

Фотоларды түсірген: А.Амангелдина

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале