3.05.2024, 17:56
Оқылды: 8

Жаңақалада жаңа нысан бой көтерді

Жаңақала ауданында ел дамуының ерен үлгісін көрсететін шағын және орта бизнес саласы өркендеп келеді. Бүгінде үкімет тарапынан қолдауды сезініп, кәсібін ашуға ниет білдіргендердің саны артып отыр. 2024 жылдың 1 қаңтарында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 1780. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артқан.

IMG_2042

Бүгін соның айғағы ретінде ауылымызда заманауи үлгіде салынған «Сабина» кәсіпкерлік нысанының ашылу салтанатының куәсі болдық. Бұдан бұрын да өңірімізге белгілі жеке кәсіпкер Жақсылық Давлетов 2015 жылдан бастап «Сабина» сауда орнын ашып, қазіргі уақытта халық игілігіне қызмет етуде. 2023 жылы құрылысы басталып, тұсауы бүгін кесілген, аумағы 400 шаршы метрді құрайтын сауда орнына 40 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жақсылық Бауыржанұлы алдағы уақытта 10 шақты адамды  жұмыспен қамтымақ.

IMG_2045

Салтанатты жиынға жиналған жергілікті жұрттың қарасы көп болды. Сонымен қатар аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев та қатысып, кәсіп иесіне толағай табыс тілеп, алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ кәсіпкердің туыстары Болат Бақтыгереев пен Жұмабай Бисенбиев те құттықтау сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Салтанатты жиынның лента қию рәсімі Алпамыс Жаңабайұлы мен Болат Бақтыгереевке ұсынылды.

IMG_2050

Әрі қарай тұрғындар талғаммен жасақталған сөрелерден тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерінен, жеміс-жидек пен көкөністердің сан алуан түрінен, тұрмыстық химиялық тауарлардан керегін алып, кезекке тұрды.

IMG_2038

- Бүгін лентасы қиылып жатырған «Сабина» сауда орнының иесі Жақсылық Бауыржанұлының отбасылық ісіне сәттілік тілеймін. Ауданымызда сәні келіскен заманауи сауда орнының  бой көтеріп жатқанына қуаныштымыз. Аталмыш дүкеннің бұрыннан тұрақты тұтынушысымын. Азық-түліктің бағасы халықтың қалтасына қолайлы, үнемі балғын өнімдер ұсынылады, сатушылары да өте сыпайы. Ауданымыздың экономикасын көтеруге үлес қосатын, халықтың сұранысына сай қызмет жасайтын азаматтардың қатары көбейіп, ауылымыз өркендей берсін, - деп ауыл тұрғыны Әлия Молдағалиқызы тілегін жолдады.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале