9.03.2022, 10:00
Оқылды: 28

Жаңарған мәдениет үйіндегі жаңа шаралар  

Барыс жылының көктемі Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылының халқы үшін ерекше басталды. Алғыс айту күнінен-ақ ауыл адамдары бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, игі тілектерін жеткізсе, мектеп ұжымы көктемнің алғашқы мерекесіне орай ауыл халқына демеушілік етіп жүрген жомарттарға арналған концерт ұйымдастырды.

IMG-20220309-WA0011

Округ әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға демеушілер арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңарған клубта «Алғысым шексіз халқыма» атты концерт өтті. Сонымен қатар ауылдық клуб өткізгеген оқушылар арасындағы «Көктем аруы -2022» байқауы да көпшіліктің көңілінен шықты. Сайысқа қатысқан жиырмаға жуық оқушы жақсы дайындықпен келгенін көрсетіп, көрерменді қайран қалдырды.

IMG-20220309-WA0013

Ал Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт тіпті ерекше өткізілді. Әсіресе ауыл ер-азаматтарының ән айтып, барлық нәзік жандыларға гүл сыйлауы естен кетпес ерекше қуаныш болды. Сонымен қатар айтулы күні ауыл кітапханасы «Әлемдегі асыл жан» атты кездесу кешін өткізді. Оған жаңадан зейнеткерлікке шыққан нәзік жандылар қатысты.

Аталған іс-шаралардың басы-қасында жүрген ауыл әкімі Ринат Ескендіров, Егіндібұлақ мектебінің басшысы Қуаныш Жүсіпов, ауыл кітапханашысы Данагүл Алхамова, мәдениет үйінің меңгерушісі Алтынай Өтеғалиева және ұстаздар қауымына елдің алғысы зор.

Жаңарған мәдениет үйіндегі концерттердің бірінен соң бірі өткенін жақсылыққа балаған ауыл тұрғындары игі шаралардың жалғасын табатынына сенімді.

Меруерт Ешниязова,

Бәйтерек ауданы 

Егіндібұлақ ауылының тұрғыны

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале