20.05.2023, 11:02
Оқылды: 30

Жол салынып, кәсіпкерлік қарқын алуда

Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесуі жұма күні Шалғай, Атамекен, Егіндібұлақ, Зеленый ауылдарында өтті. 

IMG-20230520-WA0036

Округ әкімдерінің есепті баяндамасына сүйенсек, І тоқсанның қорытындысы бойынша округтердегі әлеуметтік салада, жол салуда, абаттандыру ісі мен кәсіпкерлік бағыттарында бірқатар оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Шалғайдағы өзекті түйткілдің бірі – ауылішілік және «Переметный-Шалғай» автомобиль жолдарын жөндеу. Бұл бойынша жұмыс 2022-де басталып, осы жылы аяқталады деп күтілуде.

Егін, мал шаруашылықтарымен айналысатын Атамекен ауылдық округі тұрғындарын алаңдататыны — мал азығының бағасы. Аудан басшысының айтуынша, бүгінде бұл орайда мәселе жоқ. Шаруа қожалық иесі Михаил Марченко өткен жылы тұрғындарға бір бума шөптің бағасын тиімді бағада (3000 тг) ұсынған. Бұл биылда жалғасады. Екінші – Гавриловка көліне шлюз орнатылса деген ұсынысқа, аудан әкімі күні бүгін бөгеттің Деркөл өзеніне де орнатылмағанын алға тартты. Басты себеп – бюджет қаражатының жетіспеуі. Сондықтан бұл бағыттағы іс-шаралар кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

IMG-20230520-WA0037

Зеленый ауылдық округінде де ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Жол құрылысымен айналысып жатқан мердігер компания өкілі Аслан Рахметовтың айтуынша, жұмыс жоспарға сай 7 айдың ішінде тәмамдалуы тиіс. Салынып жатқан жолдың ұзындығы – 3,7 шақырым. Жұмыс барысы кезінде, келтірілген уақытша кедергілер үшін халықтан түсінушілік танытуларын сұрап, цементтің үстінен көлікпен өтпеулерін өтінде. Өйткені, алдағы уақытта мұның барлығы жолдың сапасына әсер ететін көрінеді. Ауыл тұрғыны Бейбітгүл Құбашеваның жол жөндеуде орталық ғана емес, қатқыл табанды жол мүлдем болмаған көшелер де ескерілсе, лайсаң, су тасқыны қаупі туындаған кезеңде үй-жайға жету мұңға айналады деген өтінішіне жауап берген аудан әкімі ауылішілік жолдарды салуда халық көп шоғырланған, әлеуметтік нысандар орналасқан үлкен көшелер басты назарға алынатынын айтты. Сондай-ақ, таксистердің Орал мен екі ортаға жүру құнын 750 теңгеден 1000 теңгеге бір-ақ көтеруі де сөз болды.

IMG-20230520-WA0035

Егіндібұлақ ауылдық округінде І тоқсан қорытындысына сай инвестиция көлемі 31,4 млн теңгені құраған. Округ бойынша 17 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкер тіркелген. Қазіргі таңда 11 шаруа қожалығы көктемгі далалық егін егу жұмыстарын аяқтауда. Ал ауыл тұрғыны, көп балалы жанұяның отағасы Әділхан Нәсіпқалиев грант ұтып, кәсіп көкжиегін кеңейтіп, құс шаруашылығын жүргізуде. Қазіргі таңда ол 2000 дана сыйымдылығы бар инкубатор және 200 тауық (несушка) сатып алып, күнделікті өнімін ауыл және аудан дүкендеріндеріне тиімді бағада жеткізіп отыр. Кәсіп иелері, тұрғындар үшін тиімді, жалпы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы ықпал ететін мұндай игі істердың қатары жыл өткен сайын артып келе жатқанынан көпшілік риза.

IMG-20230520-WA0038
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале