15.05.2024, 10:15
Оқылды: 24

Табылғали Сапаров: «Мәселе – газетке жазылуда емес, оны оқуда»

 

Сырым ауданына қоғам белсендісі, саясаттанушы Табылғали Сапаров келді.

IMG_0618

Табылғали Сапаров – саяси қызметтерде құрыштай қайнап шыныққан адам. Ол Кеңес үкіметі уағында екінші, кейін бірінші хатшы қызметтерін атқарып, Тәуелсіздіктің елең – алаңында әкім болып ел басқарды, ауылшаруашылық саласында лауазымды орындарда болды.

Сапаров мырза әуелі Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтың қабылдауында болып, аудандағы ауылшаруашылық, ветеринария саласындағы басшылармен, кәсіпкерлермен кездесті. Әңгіменің ауаны – шаруашылықтарды ширату, ауылдық жерде өндірісті жолға қою.

IMG_0620

Кейін Табылғали Сатқалиұлы аудандағы білім беру саласының қызметкерлерімен жүздесті. Кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, «Жайық Пресс» ақпарат агенттінің бас редакторы Нұрбек Оразаев қатысты:

- Бүгінгі таңда газетке жазылу – тап бір өзекті мәселе емес. Бұл науқан тапсырмамен, кесте – есеппен емес, қоғамдық сананың итермелеуімен атқарылуы тиіс. Мәселе – газетке жазылуда емес, оны оқуда. Қағаз басылым оқитын халық азайды. Бізді осы алаңдатады, - деді Табылғали Сапаров.

Саясаттанушының айтуынша, газет педагогтардың әріптесіне айналуы керек.

- Педагогтың биігі – ағартушылық. Өкінішке орай, қоғамда мұғалім деген мәртебелі мамандықтың қадірін білмейтіндер бар. Мәселен, оқушылардың ата – аналары ұстаздардың арасында көп түсінбеушілік туындап жатады. Мұғалім баланы оқыту, тәрбиелеуге құзырлы, бірақ ол ата-ананы қоса тәрбиелеуге міндетті емес. Сонда жанұялардағы тәрбие сағаттарын, қоғамтану сабақтарын кім өткізеді? Газет! Газет оқылған үйден зиялы адамдар шығады. Оны тарих дәлелдеді.

Иә, қағаз парақтаған адамда жеке пікір, ой қалыптасады. Мемлекет үшін адамдардың пікірі өте маңызды. Біз азаматтық қоғамды билікке қарсы институт деп ойлаймыз. Әсте, олай емес. Азаматтық қоғам – зиялы қоғам.

Орта буынның қолынан гаджеттерді алып, газет ұстату керек. Салауатты санадан айырылсақ, тірелер жеріміз тұйық, – деді кездесуде.

IMG_0629

Мектеп директорлары спикердің сөзіне сөз қосты, газет -кітап оқу мәдениетін қолдайтындықтарын айтты.

Айта кетейік, қазіргі таңда 2024 жылдың ІІ жартыжылдығы үшін мерзімді баспасөз беттеріне жазылу жүріп жатыр. «Сырым елі» газеті оқырмандардан қолдау күтеді.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

газет редакторы

Сырым ауданы

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале