15.05.2024, 16:30
Оқылды: 41

 «Казталов барысы» анықталды

Бүгін Казталов ауданы орталығында Астана күніне орай ұлттық спортымыз қазақша күрестен «Қазақстан Барысы» чемпионатына аудандық іріктеу — «Казталов Барысы» турнирі өтті.

казталов барысы 2024 (3)

Казталов аудандық спорт бөлімі мен «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен өткен аудандық турнир Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының ережелеріне сай салмағы 90 келіден асатын палуандар ғана қатысып, «Түйе палуан» атағына таласты.

казталов барысы 2024 (7)

Жарыс барысында байқағанымыздай, бізді қынжылтқаны жарысқа қатысушы палуандардың аз болуы. Барлық ауылдық округrе шақырту қағазы мен жарыстың ережесі жібер, кейбір ауылдық округтердің палуандары айтулы додаға келмей қалған. Біз: «Қазақ күресі — ұлттық спортымыз!» деп мақтанған кезімізде алдымызға жан салмаймыз. Ал осындай жарысқа уақытында палуан таба алмай қаламыз. Қазіргі күнде әрбір мейрам мен тойларда қазақ күресінен «Түйе палуан» атанып, күресіп жүргендер қаншама?! Әттең, сол шараларда күш сынасып жүрген азаматтарымыз тек атақ, жүлде үшін ғана күресіп жүр ме? Ұлттық спортымызды кіндік тамырымыз — ауылдан бастап дәріптемесек, насихаттамасақ болашағы не болмақ?!

казталов барысы 2024 (5)

Дегенмен бүгінгі «Казталов Барысы» аудандық іріктеу чемпионатына ауылдық округтерден келген намысты он палуан бақтарын сынады.

Округ орталығындағы «Достық» саябағында халқымыздың ұлттық болмысын насихаттайтын он екі қанат киіз үй тігіліп, арнайы безендірілген.

казталов барысы 2024 (4)

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы Сәкен Ищанов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілесе, ауыл ақсақалы Мұқанғали Бектілеуов ақ батасын берді.

Ылғи сайдың тасындай іріктелген палуандар боз кілемде ойнақшып, күштерін сынады. Қазақ күресі бір ғана күшті емес ептілікті де қажет етеді. Салмағы 90 келіден жоғары палуандар белдесуіне төрешілер әділ төрелік етіп, нағыз мықты деген спортшылар жүлдеге ие болды. Тартысты да қызықты өткен жарыс нәтижесінде қараөзендік Қанат Мұсағалиев қола жүлдені еншілесе, Жалпақтал ауылының намысын қорғаған Асылжан Өтебаев күміс жүлдеге ие болды.

Ал алдына келген қарсыластарын шыдатпай, жауырындарын жер иіскеткен ақпәтерлік Ерназар Хамзин «Казталов Барысы» атанып, облыстық чемпионатқа жолдама алды.

 Айта кетуіміз керек, «Қазақстан Барысы» облыстық іріктеу чемпионаты жуырда Бөкей орда ауданында өтеді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

IMG-20240515-WA0258

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале