«Жұрттың баласы анау…», «Пәленшенің қызы үйдің барлық тірлігін өзі жасайды екен», «Түгеншенің баласы шешесіне көмектесіп, іні-қарындасын қарайды» деген сөздерді бала кезімізден естіп өстік. Бір қарағанда, ата-ананың баласын жақсы жаққа ынталандыру үшін айтқан сөзі сияқты. Бірақ бала жүрегіне үңілсек, бұл сөздердің салмағы мүлде басқа болуы мүмкін.

«Жұрттың баласы Ыбырай…» деп басталатын салыстырудың соңы кейде «біздің баладан түк шықпайды» деген ойға әкеліп жатады. Ал әр бала – жеке тұлға. Бірі үй шаруасына бейім, бірі кітап оқуға құмар, енді бірі қолынан бірдеңе жасап, техникаға қызығады. Бірі көпшіл, бірі тұйықтау. Бірінің жауапкершілігі ерте қалыптасса, енді бірі есейе келе өз орнын табады. Дегенмен қазіргі балалардың мінез-құлқына қарап, «заман өзгерді» деп қана қоя салу да оңай. Бұрынғы бала мен бүгінгі баланың ортасы, тәрбиесі, мүмкіндігі, қызығушылығы екі түрлі. Бүгінгі бала телефон мен интернетті еркін пайдаланады, ақпаратты бізден әлдеқайда тез алады. Бірақ үй шаруасына келгенде «кейін істеймін», «өзімнің шаруам бар», «неге мен істеуім керек?» деген сұрақтар жиі кездеседі.
Әсіресе қыз баланы үй тірлігіне қаншалықты ерте араластыру керек деген мәселе ата-ананың пікірін екіге бөледі.
«Қызым үйдің тірлігін кейін де жасайды»
Ләйла есімді келіншек жалғыз қызын үй шаруасына аса араластыра бермейді. Оның ойынша, қыз бала үйдің жұмысын бәрібір үйренеді. Ертең өзі шаңырақ көтергенде, отбасының отанасы болғанда, бәріне үлгеруге тура келеді. Сондықтан қазір қызының балалық шағын еркін өткізуіне мүмкіндік бергісі келеді.
- Өзім тұрмысқа ерте шықтым. Үйдің тірлігін де ерте үйрендім. Бәрін біліп, бәрін жасап жүрген соң, бәлкім, «мен мұның бәрін онсыз да білемін ғой» деген оймен тұрмысқа шыққан шығармын. Қызымның дәл сондай болғанын қаламаймын. Қазірше қатты жұмсамаймын», – дейді ол.
Бота да осыған ұқсас пікірде. Тіпті үйдегі қоқысты сыртқа шығаруды да қызына міндеттей бермейді екен. «Кейін өз үйі болғанда бәрін жасайды. Қазір үйінде еркін жүрсін» деген ұстанымы бар.
Бұл – қазіргі аналардың арасында кездесетін көзқарас. Баланың балалық шағын барынша ұзартқысы келетін, «үйдің жұмысын кейін де үйренеді» дейтін ата-аналар аз емес.
Бірақ осы еркіндіктің шегі қай жерде болуы керек?
Балаға барлық жағдайды жасап, ешнәрсеге жұмсамай өсіргенде, ол ертең өздігінен тірлік жасауға қаншалықты дайын болады? Әлде үй шаруасын міндет ретінде емес, отбасы мүшелерінің ортақ жауапкершілігі ретінде түсіндірген дұрыс па?
«Қай жерден қателестім?»
Ғалия есімді келіншектің әңгімесі басқа. Оның қызы биыл 10-сыныпта оқиды. Анасының айтуынша, үйдің тірлігіне аса қызықпайды.
- Қай жерден қателестім, білмеймін. Қызым 10-сынып оқиды. Үй жинап, тамақ пісіріп, тазалық жасап жүргені жақсы ғой. Бірақ біреуін де жасағысы келмейді. Ең болмаса өз киімін ұқыптап ұстап, киім сөресін таза ұстаса екен дейсің. Басқа балаларға қарап, қызығам. Бәрін жасап жүретін балалар бар. «Жұрттың баласы Ыбырай, біздікі…» деген осы шығар», – деп күледі ол.
Бұл жерде мәселе тек үй жинау немесе тамақ пісіруде емес сияқты. Баланың жауапкершілікке үйренуі, өзінен кейін жинауы, отбасының басқа мүшелеріне қолғабыс етуі – өмірлік дағды. Балаға «сен қызсың, үй жинауың керек» деп міндеттеу бір бөлек те, «бұл біздің үй, бәріміз бірге тұрамыз, сондықтан бәріміздің ортақ міндетіміз бар» деп түсіндіру бір бөлек.
Мүмкін, мәселені жынысқа бөліп қараудың өзі дұрыс емес шығар?
«Үйде қыз болмаған соң, ұлдарды да жұмсадым»
Әсемнің екі ұлы бар. Үйде қыз болмағандықтан, балаларын «қыздың жұмысы», «ұлдың жұмысы» деп бөлмеген. Екі ұлы да тамақ жасап, үй жинап, анасына қолғабыс етеді.
- Үйде қыз болмаған соң да шығар, ұлдарды жұмсадым. «Мынаны қыз жасайды, мынаны ұл жасайды» деп бөлген жоқпын. Үйренгені – өздеріне, жасағаны – маған жақсы. Ертең өз алдына шаңырақ көтергенде де осының пайдасын көреді», – дейді ол.
Шын мәнінде, бұл жерде ойланатын нәрсе бар. Үй шаруасы тек қыз баланың міндеті емес. Тамақ жасау, ыдыс жуу, кір жинау, бөлмені реттеу, бауырларына көмектесу – адамның өз үйінде өмір сүруіне қажетті қарапайым дағдылар. Ал мұндай дағдыны балаға бір күнде үйрету мүмкін емес. Кішкентайынан өз киімін жинау, ойыншығын орнына қою, дастарханға көмектесу сияқты қарапайым әрекеттерден басталады.
«Бәрі өзім үшін ғой»
10-сынып оқушысы Ануар да үй шаруасына араласуды қалыпты нәрсе деп санайды.
- Мен үй шаруасына кірісе беремін. Қарындасымды да ойнатып алып қала беремін. Ініме сабағына көмектесемін. Түрлі ботқалар, пицца сияқты тағамдар жасап беремін. Бәрі тазалық үшін ғой. Әрі анаңа да қолғабыс», – дейді ол.
Ануардың сөзінде баланың жауапкершілікті ауыр міндет ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдайтыны байқалады.
Мүмкін, балаға үй шаруасын үйретудің ең тиімді жолы да осы шығар. «Жұмыс істе!» деп бұйрық беруден гөрі, «үй – бәрімізге ортақ, сондықтан бәріміз бірге қарайық» деген түсінік қалыптастыру.
Салыстырудың орны қандай? «Жұрттың баласы…» деген сөздің тәрбиелік мәні бар ма?
- Кейде ата-ана баласын басқа баламен салыстыру арқылы намысын қайраймын деп ойлайды. Бірақ бала өзін өзгеден кем сезініп қалуы да мүмкін. «Менен түк шықпайды», «анам мені басқалар сияқты жақсы көрмейді», «мен үнемі біреумен салыстырыламын» деген ой қалыптасуы ықтимал.
Салыстырудың орнына баланың өзіндегі өзгерісті байқау әлдеқайда маңызды шығар. Кеше өз бөлмесін жинамаған бала бүгін жинаса – сол жетістік. Бұрын асүйге кірмеген бала бүгін анасына көмектессе – сол да қадам. Бұрын інісіне сабақ түсіндірмеген бала бүгін көмектессе – бұл да тәрбиенің нәтижесі. Балаға «пәленшенің баласы осындай» дегеннен гөрі, «сенің қолыңнан келеді», «маған көмектескенің ұнайды», «өзің жасағаныңа қуанып тұрмын» деген сөздер көбірек күш береді. Бірақ бұл баланы мүлде жұмсамау керек дегенді білдірмейді. Керісінше, еркіндік пен жауапкершіліктің арасында тепе-теңдік болғаны жөн секілді.
Қыз бала үй шаруасын білсін. Ұл бала да білсін. Бірақ оны «қыз болғандықтан» немесе «ұл болғандықтан» емес, ертең өмірге бейім, өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарайтын азамат болсын деген мақсатпен үйреткен дұрыс шығар. Бір ана қызын еркелетіп, «қазір балалық шағын көрсін» дейді. Екінші ана «ертең қиналмасын» деп кішкентайынан үйретеді. Үшінші ана ұлы мен қызына бірдей талап қояды. Әр отбасының өз тәрбиесі, өз тәжірибесі бар.
Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Баланы үй шаруасына кішкентайынан араластырған дұрыс па, әлде балалық шағын барынша еркін өткізгені жөн бе? Қыз балаға үй тірлігін үйретудің шегі қандай? Ал ұл балаға ше?
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
Сурет ЖИ көмегімен дайындалды