5.11.2021, 11:12
Оқылды: 87

Жусан иісі

Көктем келгенде жер бусап, Жер-Ана көкке оранады. Сол кезде ауылдың айналасынан жусан иісі аңқиды. Туған жеріміздің ауасын жусан иісімен байланыстыратынымыз да осыдан. Бұл қасиетті шөп сағыныштың символына айналғандай...

55755cda4bc9d94cd

Қазақстан билігі теңдесі жоқ операция өткізіп, Сириядан өз азаматтарын қайтаруда. Адасқандарды елге қайтару операциясының «Жусан» аталуы, олардың қайғыдан құса болған ата-аналарымен қауышуы жүректі елжіретеді. Аталмыш іс-әрекет өмірде ең қымбат – адам, адамның өмірі екенін дәлелдеді. Бүгінде операцияның үш кезеңі талай ата-ананың көңілін сейілтіп,  көз жасын құрғатты.

Жат сенімнің жетегіне еріп, Сирия асып кеткендердің арасында өзіміздің жерлес сіңліміз де бар. Жазгүлдің (есімі өзгертіліп алынды) «Жусан-3» операциясымен туған жеріне оралып, бүгінде отбасының, тума-туыстың қасында екенін естіп, әңгімелесуге бардық. Алғаш көргенде, оны сұм соғыстың арасынан қашып шыққан жанға ұқсату қиын болды. Аққұба, бота көз, нәзік қыздың қанды қырғынның ортасынан шыққанына сене алмайсың. Жазгүл бізді жылы қарсы алды. Онымен әңгімелеспес бұрын, ол туралы бұрынғы ұстаздарынан, ауылдастарынан сұрағанымызда, оның биязы, ұяң, тәртіпті, сабақ үлгерімі жақсы оқушы болғанын  айтқан  еді.

Имандылыққа бет бұру, әрине, алдымен Алланың қалауы ғой. Дегенмен кейде адамның дінге келуіне, намазға жығылуына бір оқиғалар немесе әлдебір адамдар себепші болып жатады. Әдетте жоғары сыныптың оқушылары бойлары өсіп, дене бітімдерінің өзгергені болмаса, ата-ана қамқорынан шыққанша, ештеңеге бас қатыра қоймайтын ойын балалары ғой. Ең бірінші туындаған сұрақ – өрімдей қыздың жат жолға түсуіне нендей себеп түрткі болды? Адасу, өкініш, қатыгездік, өлім-жітім оның салмақты қалпын өзгертпеген. Өткен өкінішін байыппен, бір қалыпты баяндап отырды.

– Ағам студент еді. Демалысқа келген сайын маған діни кітаптар, дәрістер жазылған кітапшалар әкеп жүрді. Алланың, пайғамбардың, тозақ пен жұмақтың хақ екенін айтып жүретін. Бар арманым – Алланың жолына түсу болды. Оныншы сынып оқып жүргенде, намазға жығылдым. Алғашында ата-анам қарсылық білдірді. Кейін сабақ оқуыма ешқандай кедергі келтірмейтінін көргесін, қалауымды, ниетімді қабылдап, түсінгендей болды. Дәрігер болуды армандайтынмын. Сол себепті био­логия пәнін таңдадым. Ұлттық бірыңғай тестіге тыңғылықты дайындалдым. Жинаған балыма қарап, медицинаға емес, дефектология мамандығына оқуға тапсырдым. Грантқа түсе алмадым. Ата-анам сағымды сындырмай, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнына апарып, психология және педагогика факультетінің ақылы бөлімінде оқытты. Бірінші курста оқып жүргенде, құрбым Теректі ауданының намазхан жігіті менімен танысқысы келетінін айтты. Олкісіні танымағасын мән бермеппін. Орталық базарда ұялы телефондарды оңдайтын жерде жұмыс істейді екен. Мені сырттай көріп ұнатқан. Бір күні ағама телефон шалып, маған үйленгісі келетінін айтты. Ағам бірден келіспегенімен, кейін рұқсат берді. Шариғат бойынша үш рет кездесіп, үйлендік. Отбасымның алдынан өтіп, алып кетті, –  деді ол.

Жазгүлдің жұбайы ұялы телефон оңдап, сатумен айналысты. Орал қаласында пәтер жалдап тұрады. Ал өзін оқудан шығарып алды.  2014 жылдың тамыз айын-да тұңғышы өмірге келді. Сол уақытта жолдасының телефонына әр түрлі адамдар қоңырау шала бастайды. Кез келген уақытта, түрлі нөмірден тыным бермеуді әдетке айналдырады. Біркүні жұбайы оған әлдекімдердің оны Сирияға шақырып жүргенін айтады. Бұл елде ислам дінінің талаптары қатаң сақталатынын, емін-еркін жұмыс істеп, мол қаражат табуға мүмкіндік бар екенін, бәрі шариғат заңымен өмір сүретінін айтып, қызықтырады. Отағасы жалғыз анасының тәрбиесінде болып, жоқшылықтың дәмін татып, балалығы пәтерден-пәтерге көшумен өткен. Сондықтан да шығар Сириядағы өмірді айтқанда, көзі жайнап кететін. Жазгүл Сирияға баруға  бірден келіспейді. Бірақ күйеуі егер  бармай, елде жалғыз қалса, баланы тартып алуы немесе екеуін де өлтіруі мүмкін екенін айтты.

Бойымды қорқыныш биледі. Жолдасымнан қалмау керек деп шештім. Қыркүйек айы болатын. Самара қаласынан ұшаққа отырып, Түркияның Анталия қаласына жеттік. Анталияға түскеннен кейін, таксимен автобекетке барып, Ыстамбулға билет алдық.  Ыстамбулда бізді бір адамдар күтіп алды. Дәл сол күні әр мемлекеттен келген неше түрлі ұлт өкілдері болды. Үндістер, америкалықтар, қырғыздар мен өзбектер, шешендер де бар. Әйелдер мен ерлерді екі бөлек пәтерге орналастырды. Екі күннен кейін барлығымызды автобуспен Казантип қаласына алып шықты. Кейін Чарабус деген жерге тұрақтадық. Ер-азаматтарды бөліп, басқа жаққа алып кетті. Ішінде менің де жолдасым бар. Ол қайтып келетінін айтты. Бізді Ракка қаласына әкелді. Бас-қасымызда жүрген орыс ағай еді. Орыс тілінде сөйлей алатын тек мен болғасын ұлыммен өз үйіне алып келді. Осы кісінің отбасымен бірге тұрдым. Ол бізге өзі тұрып жатқан үйдің екінші қабатынан бөлме берді. Төлемақы алып тұрдық. Ақшаны доллармен алатынбыз. Күйеуім екеуіміздің әрқайсымызға 100 доллар, баламызға 50 доллардан беріп отырды. Тамағымызды алып, арабша үйрене бастадық. Басында ештеңе ұқпадым. Шариғат үстемдік құрған жерде тұрып жатырмыз десек те, берекесіздік,бомба жарылысы күмәнді ойларға жетелей бастады. Кейін адам өлігі, суша аққан қанды көзбен көрдім. Қалада зина жасаған немесе басқа да күнәға батқан адамдардың өлген денесін бір күн бойына көшеге іліп қояды. Жолдасым бір айдан кейін келді. Бір күн болды да, ертесіне оны тағы алып кеті. Бәрін өз көзіммен көрдім. Қараша айында бізді, яғни әйелдерді  Шадат ауылына алып кетті. Үгітшілерден бөлек, кімнің қайда тұрып, қайда көшетінін реттеп отыратын адамдар бар. Шадатта жолдасым күтіп алды. Ол әскери дайындық­тан өтіп жүрді. Ақырында, мамыр айында соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмады....

Жазгүл құшағындағы баласымен, қазақстандық жалғызбасты келіншекпен бірге тұрады. Бір жерден екінші мекенге көшіп-қонып жүргенде, құжаттары жоғалады. 2016 жылы қазақстандық әйел өзінің ұлына тұрмысқа шығуын өтінеді. «Мен келісім беріп, сол отбасымен бірге болуды жөн санадым. Ол кісінің үш баласы болды. Өзі Қазақстанның азаматшасы болғанымен, балалары Қырғызстанда дүниеге келген. Екі тілде, яғни қырғызша, қазақша сөйлей береді. Үлкен ұлына әйел болдым. Олардың жасап берген құжаттары арқылы ресми некелестік. Бір отбасы болып күн кештік. 2018 жылы ақша тоқтатылды. Жолдасым көлік жөндейтін еді. Жұмыстан аздап ақша, азын-шоғын тамақ беріп тұрды. Сол ақшаны барлығымызға жеткіземіз. Сол жылы жағдайымыз мүлдем қиындап кетті. Кәдімгідей соғыстың ішінде жүрдік. Айналаның бәрі қызыл жалын. Екінші жұбайымнан тағы бір ұлым дүниеге келді. Алайда баламның ғұмырыұзақ болмады. Оққа ұшты. Ол сәтті есіме алғым келмейді. Жарақат алған адам дарды емдейтін аурухана, дәрі-дәрмек жоқ. Жазықсыз адамдар, бейкүнә сәбилер өліп жатты. Енем дәрі-дәрмек салынған қобдишасын үнемі өзімен бірге алып жүрді. 2019 жылдың ақпан айында күрділердің қолына өттік. Бұл лагерьде үш айдай болдық...», – деп Жазгүл алдында отырған сәбиін  құшақтады.

Мамыр айының соңын да «Жусан-3» операциясы мен елге оралған сіңліміз үшінші ұлын туған жерде босанды. Бейбіт өмір аясында жарық дүние есігін ашқан сәби анасының алдында еркелеп, бізге күліп қарайды. Былдырлап бірдеңеайтқысы келеді. Ал жөргекте жатқанында ата-анасының адасуымен айуандықпен қатыгездіктің ортасында өскен тұңғышы бүгін де мектеп жасына жетті. Даярлық тобына барып, партаға отырды. Жолдасы Қырғызстан Республикасының азаматы болғандықтан, қанды-қасапта қалып қойды. Туған елден жыраққа аттанып, от басқанына өкінетін Жазгүл Қазақстан билігіне, «Жусан» операциясын сәтті жүзеге асырған әскерилерге шексіз риза, өзін оларға өмір бойы қарыздармын деп санайды. Жазгүлдің мақсаты көп. Әзірше кішкентай балаларын өсіріп, алаңсыз білім алуларына жағдай жасамақ. Ата-анасы өзектен тепкен жоқ. Қыздарымен аман-есен қауышқандарына шүкіршілік етеді.

Кез-келген адам қателеседі. Өйткені біз пендеміз. Тек тәубеге келіп, өкінгендерді қоғам табаламасаекен. Ислам діні қашан да бейбітшілікті көздеген. Соғыс пен исламды қатар қойып, күнәні діннен іздеудің қажеті жоқ. Күнәлі – адасқан, жаза басқан  адам  ғана.

Әсемгүл Қуанғалиева,

Жәнібек  ауданы

zhaikpress.kz

Сурет: bing.com

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале