12.12.2019, 16:34
Оқылды: 45

Оралда кәсіподақ белсенділері марапатталды

Достық үйінде Тәуелсіздік күніне орай облыстық кәсіподақтар орталығы дөңгелек үстел ұйымдастырып, онда аталмыш сала белсенділері марапатталды.

 prof (1)

Бүгінде жұмысы қайта жаңғырып, жүйелі қызмет ете бастаған облыстық кәсіподақ орталығында бір мыңға жуық бастауыш  ұйым болса, оларда 80 мыңдай адам есепте тұрады. Кәсіподақ жұмысшы мен қызметкер арасындағы даулар, жалақы төлемеу, қарамағындағы жұмысшының құқығын шектеу сынды мәселелердің оңтайлы шешілуіне ұйытқы болып отырған орталық. Бұл күнгі мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ұйым қызметінің мән-маңызына тоқталды.

- Уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 28 жыл толады. Осы аралықта халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі қол жеткен жетістігімізді еселеп, тәуелсіздік тұғырын нығайту баршамыздың мақсат-мұратымыз болып табылады, - деді Серік Рахметоллаұлы өз сөзінде. Ал, БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова кәсіподақтың басты міндеті – адамдардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау екендігін алға тартып, еңбек қауіпсіздігін сақтау және қорғау, құқықтық-медиативтік көмек мәселелері төңірегінде ой сабақтады.

Айта кетелік, жиында бір топ кәсіподақ мүшесі түрлі марапаттарға ие болды. БҚО ДСБ «Ақжайық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК дәрігер дерматовенерологі Лариса Махметова, Орал қаласының №44 мектеп-гимназия директоры, математика пәнінің мұғалімі Ақжарқын Темірханова, Тасқала аудандық мәслихатының бас маманы Галина Проценко, БҚО жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Әділбек Ғабдулов, қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Тұрарбек Алтынбекұлы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, бір топ адам облыстық кәсіподақтар орталығының, мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің алғыс  хатымен және аталмыш бірлестіктің облыстық филиалының Құрмет грамотасымен  марапатталды. Ал, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының директоры Арыстанбек Ғұбаш пен Шыңғырлау ауданы, А.Тихоненко атындағы ОЖББМ дене шынықтыру пәні мұғалімі Абзал Наурызбаевқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы табысталса, педагогика саласының ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Социал Пұсырман мен Жаңақала колледжінің директоры Серік Жәрдемәлиев «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталғандар да бар.

 Жиын шаһар өнерпаздарының ән шашуымен аяқталды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале