Кеше облыста коронавирус дертін жұқтырғандардың саны алты науқаспен толығып, жалпы саны 122-ге жеткен.

Бұл туралы бүгін БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлімдеді. Оның төрт жағдайы медицина қызметкерлерінен індет анықталған кезде солармен қарым-қатынаста болған адамдардан табылған. Олар аурудың алдын алу мақсатында карантинге алынып, 13-14 тәулік өткесін COVID-19 індетін анықтау мақсатында алынған сынамалар оң нәтиже берген. Дерт жұқтырып, жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылғандардың қатарында екі кіші медициналық қызметкер, бір аспазшы және бір диетолог маманы бар. Короновирус індетіне шалдыққан қалған екеуі «Сырым» өткізу бекетінен карантиндік стационарға жатқызылған адамдардан анықталған. Олар Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын бірі Түркістан облысының, екіншісі Шымкент қаласының азаматтары.
- Жалпы науқас жұқтырғандар сырттан әкелінген, қарым-қатынаста болған және жергілікті жағдай болып үш түрге бөлінеді. Облыста 122 ауру жұқтырған жағдай тіркелген болса, оның 105-і сырттан әкелінген. Қалған 17 науқас дерт жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста болған адамдар. Әлеуметтік желілерде 65 жастан асқан адамдарға карантин тәртібін қатаң сақтап, сыртқа шығуға неге болмайды деген сауал жиі қойылады. Әлемдік тәжірибені ескерсек, коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі егде адамдар екені дәлелденді. Еліміздің бас дәрігерінің қаулысына сәйкес 65 жастан асқан адамдардың карантин режимін қатаң сақтау тапсырылған болатын. Бұл дегеніміз дерт жұқтыруға бейім келетін жастағы қарияларымыздың денсаулығына деген алаңдаушылық. Осы жағдайды дұрыс түсініп, барлық талаптарды сақтауды сұраймын,-деді Нұрлыбек Мұстаев.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz