Сырымдық марафоншы, «Syrym Runners» тобының мүшесі Ерболат Исанов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне 75 шақырымды жүгіріп өтті. Қашықтықты бағындыруға марафоншының 8 сағат уақыты кеткен.
Ерболат Исанов жүгіру спортына қалай келгені туралы «Сырым елі» газетіне берген сұхбатында былай дейді:
- Жүгіруге себепші болған – Ержан Бақтияров деген ағам. Маған жүгіру техникасы туралы теориялар айтып, Марат Жыланбаевтың өмір жолымен танысуды ұсынды. Өзінің де жүгірумен тұрақты айналысатынын, елордада жаттығу тобы бар екенін айтты. Ниет оянып, ауылда таңмен жүгіруді әдетке айналдырдым.
2019 жылдың көктемінде Жымпитының ерікті тұрғындары бірігіп, ұдайы жүгіруге шыға бастады. Қатарларына қосылдым, бір топ болып алдық. Оған «Syrym Runners» деп ат қойдық. Қазір топтың құрамында ұдайы жүгіретін 30 адам бар. «Syrym Runners-ті» әуесқой жүгірушілер клубы ретінде ресми тіркеткіміз келеді.
Мен өзім үшін жүгіремін. Денсаулығыма пайда. Кейде өзімді сынап, жекелеген жетістіктерімді жаңартамын. Өткен жылы Қособа ауылына дейін жүгіріп барып келдім. Жалпы қашықтық – 55 шақырым болды. 75 шақырым – менің жаңа рекордым!
Ерболат Исанов осыған дейін Орал, Атырау, Алматы қалаларында өткен марафондарға қатысқан. Биыл да көптеген марафондарға тіркелген екен. Пандемияға байланысты Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қазан шаһарларында болатын жүгіру жарыстары кейінге қалдырылыпты. Кәсіпқойлар секілді әуесқой марафоншылардың да әр жаттығуы бақылауда, әр жүгірісі есепте. Жерлесіміздің жаттығу кестесін қарасақ, ол өткен сәуір айының өзінде 47 сағат 15 минутын жүгіруге жұмсап, 407 шақырымды бағындырған.
Кейіпкеріміз қазіргі таңда облыс басында мемлекеттік қызмет саласында еңбек етеді. Сөз жоқ, Ерболат бауырымыз өмір салтымен замандастарына, жастарға, соның ішінде әріптестеріне өзінің еріншектігін, жалқаулығын жеңген адам ретінде үлгі бола алады. Ұдайы жүгіру үшін де жігер мен рухтың мықтылығы керек.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz