Бөкей ордасы ауданындағы Ш.Жексенбаев атындағы мектеп-бөбекжай кешенінде де ел қатарлы қашықтан оқыту жұмысы жүргізілуде. Осы орайда балаларының сабақ оқуын үйден ғана қадағалап қоймай, мектеп жұмысына белсене араласып отырған ата-аналарымызға айтар алғысымыз мол.
Қашықтан оқыту жүйелі, нәтижелі жүзеге асу үшін мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың тығыз қарым-қатынасы аса маңызды. Мектеп-оқушы-ата-ана қарым-қатынасын бірыңғайландыру мақсатында жоспар құрылып, Жақсылық Базарбаев, Әділет Сәрсенғалиев, Айдос Меңдіғалиев, Әлімгерей Рысқалиев сияқты ұстаз-әкелердің бастамасымен «Бәрекелді!» еріктілер тобы құрылды. Аман Қаженов, Азамат Қуанов, Ерғали Демесінов, Аманбек Өтешев бастаған әкелеріміз қолдау танытқан топ мүшелері күн санап артуда. Осы белсенді әкелеріміздің арқасында тек ауыл ішіндегі оқушыларды ғана емес, қыстақ, елді мекендердегі оқушыларымызды тапсырмалар парағымен қамтамасыз етіп, шәкірттердің білімін дер кезінде бағалап, осал тұсын қайта пысықтауға мүмкіндік туып отыр.
Сонымен қатар ата-аналарға қашықтықтан оқытудағы кездесетін қиыншылықтар мен жетістіктер туралы пікірлерін білу мақсатында кері байланысқа арналған «Эстафеталық кітапшаның» да мақсатты толтырылуына жағдай жасап отыр.
Осындай белсенді әкелеріміздің қолдауымен қыркүйектен бастау алған «Біз бір отбасы» жобасы да тоқтамай өз жалғасын тауып жатыр. «Менің отбасымдағы бір күн» тақырыбында «Movie креатив» жобасы барысында планшет, смартфон құрылғыларымен өз отбасымен бір күнін түсіру, «Қазақ әндері» отбасылық байқауы, «Экочелендж» отбасымен гүл, терек отырғызу челенджі, «Әкеммен бірге оқимын» акциясы қызу жүзеге асуда.
Шынар Сабырова
мектеп директорының орынбасары
Бөкей ордасы ауданы