9.05.2020, 14:03
Оқылды: 82

 Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Жеңіс алаңына жиылған ардагерлерді құттықтады

  Бүгін Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар легі Жеңіс алаңынан бастау алды. Еліміздегі төтенше жағдай режимі мен карантин тәртібіне байланысты Жеңістің 75 жылдық мерекесіне арналған шаралар қашықтан, онлайн форматта ұйымдастырылуда. Жеңіс алаңына келген қала әкімі Абат Шыныбеков соғыс және тыл ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

FD60E336-B1BE-41A2-B52E-B69CFDA612DF

 – Ақ Жайық өңірінен аттанған 76 мыңнан астам сарбаз қан майданда ерлікпен шайқасты. Оның 36 мыңы келешек ұрпақтың бейбіт өмір, жарқын болашағы жолында қаза тапты. Оларға туған жерден топырақ бұйырмады. Бүгін біз «Мәңгілік алау» алдында Ұлы Отан соғысында туған жері мен келешек ұрпағын қорғау жолында шейіт болған қаһарман бабаларымыздың рухына тағзым етеміз. Отан үшін от кешкен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдында жұртшылық болып бас иеміз, - деді Абат Абайұлы өз сөзінде.

92882AFF-20E6-4B31-BC9A-6B7919C79972

Салтанатты шарада соғыс ардагері Иван Гапич, тыл ардагері, осыдан 75 жыл бұрын Жеңісті хабарлаған диктор, белгілі ұстаз Мерует Жолдықайырова батысқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

0B10F095-0B93-48BB-8606-F1BE6F2CE827

– Бұл осыдан 75 жыл бұрынғы 1945 жылғы мамырдың 9-ы еді. Жүрегіміз лүпілдеп, даусымыз дірілдеп, алдымыздағы қағазды оқи бастадық. «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар, Оралдан сөйлеп тұрмыз. Қымбатты батысқазақстандық жерлестер! Бүгін фашистік Германия тізе бүгіп, Ұлы Жеңіс күні туды! Қуаныңыздар! Шаттаныңыздар!» - деп қуанышты дауыспен Жеңісті хабарладық, - деп сол жылдардан естелік әңгіме айтқан ардагер ұстаз Мерует Жолдықайырова ел тыныштығын тіледі.  

1 (188)

  Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай Жеңіс алаңы қайта жаңартылып, ерекше күйге енген. «Даңқ мемориалында» батысқазақстандық сарбаздардың есімдері мен фотолары жаңадан безендіріліпті. Ұлы Жеңіске зор үлес қосып, жауға атылған 10 оқтың тоғызын дайындаған тыл ардагерлерінің құрметіне  «Тыл еңбеккерлеріне тағзым» барельефі көзге жылы ұшырайды. Аллеяларға батысқазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі туралы ақпараттық тақталар қойылып, соғыстың негізгі оқиғалары мен кезеңдерін бейнелейтін суреттер, маңызды даталар енгізіліпті. Жеңіс алаңында ашық аспан астында ашылған әскери техникалар мұражайы жас буынға бабаларымыздың өшпес ерлігін паш етіп, рух сыйлары сөзсіз. Бұл жерден жеңісті жақындатуға үлес қосқан әйгілі «полуторка» жүк көлігі мен  су асты минасының үлгісі, «Торпеда» зымыраны алыстан көз тартады. Жауға күйрете соққы берген жойқын қарулардың «Зенит» зауытында құрастырылған.

1 (184)(1)

   Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлық пен ерліктің үлгісін паш еткен батысқазақстандық 39 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алса, алты адам «Даңқ» орденінің толық иегер атанған. Мемлекетіміз ардагерлерді қолдау үшін барлық жағдайды жасауда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында облысымыздағы 62 соғыс ардагеріне 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек берілді.  Концлагерь тұтқынында болғандар мен Ленинградты қорғаушыларға 120 мың теңгеден, тыл ардагерлері мен ардагер жесірлеріне 30 мың теңгеден көмек көрсетілуде.

 Салтанатты шарадан соң еріктілер мен қала өнерпаздарынан құралған арнайы топ қаламыздағы соғыс ардагерлерінің үйіне барып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтаухатын, облыс әкімі Ғали Есқалиев пен қала әкімі Абат Шыныбековтың құттықтау сәлемдемелері мен естелік сыйлықтарын арнайы жеткізді.

Жеңіс әндерін шырқап барған арнайы топты соғыс ардагерлері жылы қарсы алды. Қазіргі күнде жастары 90-нан асып, ауырып-сырқап отырса да олардың қайсар рухы сынбағаны байқалады. Мерекелік құттықтауды қабыл алған соғыс ардагерлері Александр Кирпичев, Хафиз Иманбаев өздерін әр кез басты назарда ұстайтын ел азаматтарына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Гүлжамал Жолдығали

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале