Ауылдық округтерде жоспарлы түрдегі бюджет арқылы атқарылатын жұмыстар жасалып жатады. Соңғы жылдары ауылдан шыққан меценаттар да туған жердің көркеюіне атсалысып жүр. Ал Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары болса, бірігіп тұрғылықты жердің тазалығы мен су мәселесін шешу жұмыстарымен айналысуда.
Үштөбенің жігіттері ұйымшыл
Аталмыш округке қарасты Үштөбе ауылында сексенге тарта шаңырақ бар. Ауылда ауыз су мен көгілдір отын мәселесі күйіп тұр екен. Бірер жылдан бері мал суаратын тоған суалып, қиналып жүрген ауыл тұрғындары бірігіп, жаңадан қазылған көбікке (жасанды тоған) су толтырыпты. «Біздің ауылда газ бен ауыз су мәселесін айтпағанда, мектептің жағдайы төңірегінде де мәселе көп. Жақында сайланған ауылдық округ әкімі Ерболат Мұхтарұлы ауылымызға келіп, жастардың басын біріктіріп, біраз шаруа атқарылды. Ауылымыздың маңындағы ескі көбік тайыздап, жиналған су жаздың аяғына дейін жетпей қалатын. Округ әкімі жастардың басын қосып, былтыр қазылған жаңа көбікке дейін арна жасалып, су жіберілді. Қазір жаңа тоған толуға жақын. Толса, көпке дейін мал ішетін су болады. «Көп түкірсе, көл болады» деген сөз осындай ұйымшылдыққа қарап айтылса керек. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары бас біріктіріп, ауыл ішін көп жылғы көң-қоқыстан тазалап шықты. «Жас келсе – іске» деп жатамыз, жаңа сайланған әкімнің көтеріп жүрген бастамалары да көңілге қонымды. Мемлекеттік қызметке жастай араласып, шалғай ауылға әкім болып келген жанды ел болып қолдамаса, іс бітпейді», - дейді ауыл тұрғыны Данияр Елеуов.
Жамбылда жақсы жаңалық көп
Жамбыл ауылында көптеген жобалар жүзеге аспақшы. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жүргізу жұмыстары басталып та кетіпті. Көгілдір отын тарту да биыл жүзеге аспақ. Сонымен қатар мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу де жоспарларында бар. Ауыл іргесінен Көшім каналы ағып жатқан соң тұрғындар техникалық судың игілігін көріп, аулаларына бау-бақша егеді екен. Алайда ауыл ішіндегі құбырдың тозығы жетіп, тесілген тұстары көп көрінеді. Ауыл азаматтары ұйымдасып, бұл кемшілікті де ретке келтіріп жатыр.
«Жамбылға газ, су тарту жұмыстары биыл аяқталады. Спорт алаңы салынып, мәдениет үйі жөндеуден өтеді. Үштөбе мен Бітік ауылдарына да газ тартылатын болады. Жамбылда барлық тұрғын бау-бақша егеді. Кеңес дәуірінде тартылған құбырлар қақсып, көп жері жарамсыз болған. Бұл ауыл адамдарының бас біріктіруімен ғана жүзеге асатын шаруа болған соң ұсыныс айтып едім, тұрғындар қолдай жөнелді. Су құбырын жөндеу жұмыстарымен ерікті жандар және қоғамдық жұмысшылар күнұзақ айналысып жүр. Жалпы ауыл халқының ұйымшылдығы керемет. Қандай ұсыныс айтылса да, қолдауға дайын. Үштөбелік жігіттер де кез келген шаруаға кірісе кетеді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, азаматтары «елім» деп тұрса, уақытша мәселенің бәрі рет-ретімен шешілетініне күмәнім жоқ», - дейді округ әкімі Ерболат Мұхтарұлы.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, азаматтары ұйымшыл округтің болашағы да жарқын болмақ.
Рауан Таңатжанұлы
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz