Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы Ерік Сұлтановтың бастамасы және Пятимар ауылдық округі әкімі Жақсылық Нұрманұлының қолдауымен мектептің түлектері, нақтырақ айтсақ, 1973, 1996 жылы туған ауылдың арда азаматтары ауыл мешітіне қайырымдылық көмек жасады.
Бұл игі іске Бауыржан Атауов, Қанат Хатжиденов, Абзал Сартаев, Жангелді Камалов, тағы басқа ауылдың 1973 жылғы мәрт-жомарт азаматтары мектеп бітіргеніне 30 жыл толуына орай атсалысып, тозығы жеткен Пятимар мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Өз қалталарынан күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат салып, мешіттің төбесін жаңартып, ажарын келтірді. Ал ауылдың 1996 жылы туған азаматтары Алла үйіне азан шақыруға арналған дыбыс ұлғайтқыш аппарат сыйлады. Нәтижесінде мешіт толықтай жөнделіп, көркіне көз тоярлық кейіпке енді. Сөйтіп, ауылдың ақжүректі азаматтары қасиетті Рамазан айында сауапты іс атқарып, сол арқылы елге деген сүйіспеншіліктерін көрсетті.
- «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, демеуші, иманды, жомарт, кеңпейіл азаматтар арамызда көп болса, асыл дініміз өркендеп, ел ахуалы жақсарар еді. Жігіттердің Рамазан айында жасаған жақсылықтарын Алла сауаптан жазсын! - дейді аудандық мешіттің бас имамы Е.Сұлтанов.
Біз де осынау жағымды жаңалықты естігенде пятимарлық түлектердің бірлігіне, ұйымшылдығына тәнті болып, қызыға қарап, басқа да ауыл мектеп түлектеріне «Жұғысты болсын!» деп тіледік.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz