Жиынды жүргізген филиал төрағасы Ақсерік Әйтімов таяуда Астана қаласында республикалық «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жиыны өткенін айтып, республикалық қоғамдық бірлестік тарапынан батысқазақстандық филиалдың жұмысы оң бағаланғанын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған филиал төрағасының орынбасары А. Кәрібаева 2015 жылғы жұмыс жоспарымен таныстырды. – Филиалды құру барысында қоғамда белең алған індетпен күресе отырып, бұл жұмыстарға азаматтық қоғам өкілдерін тартуды көздедік. Содан бері біраз жұмыс тындырылды, - деді ол.
Алдағы уақытта өңірлік филиалдың сайтын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде филиалдың бастауыш ұйымы жұмыс жасайды. Ал қаладағы өзге оқу орындарында бастауыш ұйымдар ашу алдағы күндердің еншісінде. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының аудандардағы бөлімшелері ашылып, жауапты адамдар белгіленген. Филиал мүшелері жоспарлы жұмыстар аясында аудандарға шығып, түсінік жұмыстарын жүргізуді қолға алмақ.