Казталов ауданы Тереңкөл ауылдық округіне іссапармен талай рет барып жүрміз. Ен жайлауда төрт түлік өсіріп жатқан еңбек адамдарының тірліктерімен танысып, ат басын Әбуғали Ғұмаров жетекшілік ететін «Кеңдала» шаруа қожалығына барып көріңіз. Қыстаққа жақындай бергенде жапан түзде мал баққан адамдардың орны емес, басқа көрініс алдыңыздан шыға келеді. Заманауи салынған үйлер, монша, автопарк, қора-қопсы. Айнала отырғызылған тал-терек... Өзіміз шетелдің киноларынан көріп жүрген «ранчо» секілді. Әрине, осындай жағдайға жету үшін қажырлы еңбек пен үлкен табандылық керек екені белгілі. Бұл аз десеңіз, Әбуғали ағамыз жазғы жайлаудан да осындай құрылыс нысанын бастаған екен. Жақында Әбуғали Ғұмаровтың «ранчосына» барған болатынбыз.
- Аға, бұл құрылыстың бәрін кім жасады? - деген сұрағымызға ол: - Мен өзім негізі құрылысшымын ғой, бірақ барлық жұмысты Қазбек бауырым атқарады, өзім жобасын жасаймын. Осындағы техникалардың жүруі, барлық жұмыстар Қазбексіз бітпейді. Ол темірден түйін түйген шебер жігіт. Ол жасаған дүниелер өте сапалы шығады, - деп жауап қатты.
Казталов ауылының тумасы Қазбек Ермұқановты аудан жұртшылығы жақсы таниды. Қырма сақал, қырықтың қырқасына шыққан азамат кезінде жігіттің серісі еді. Әскери борышын Алмания жерінде өтеген Қазбек сол елден су жаңа көлік мініп қайтып, ауылдың қыздарын таңдайын бір қаққызған болатын. Сол кезден-ақ өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен еді. Енді, міне, «Кеңдала» шаруа қожалығында он жылдан астам жемісті еңбек етіп келеді. Шаруашылықты Әбуғали Ғұмаров басқарса, осындағы барлық техниканы ұршықтай иіріп, құрылыс жұмыстарын іске асыратын Қазбек Ермұқанов. Біз жазғы жайлаудағы құрылыс басына барғанымызда Қазақаң шарбақ жасап, дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып жатқан сәтіне тап болдық. Темірді құрыштай балқытқанына қызыға қарадық. Кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.
- Әкем Балуанияз техниканың тілін жақсы меңгерген шебер еді. Мен де бала күнімнен әкемнің қасында жүріп, техникаға әуес болдым. Бұрын көлік жөндеумен шұғылдандым. Ал «Кеңдала» қожалығында қызмет жасағаныма 10 жылдан аса уақыт болды. Ерінбей, еңбек еткен адам үшін қазіргі күнде барлық жағдай бар ғой, - деп қысқа қайырды.
Иә, біздер көбіне шаруашылықтарды жазғанда мал баққан, тракторға мініп, шөп шапқан еңбек адамын ұмытып кетіп жатамыз. Мақаламызда қарапайым еңбек адамының жұмысын көрсетуді мақсат еттік. Әбуғалидай кәсібі өрге дөңгелеген азаматтың шаруасын түзетуде Қазбектің де үлесі зор екені хақ.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz