9.06.2020, 20:56
Оқылды: 26

Шаһардың сәнін кетірген ғимарат иелеріне талап күшейді

Сейсенбі күні БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен онлайн режімде өткен инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңестің кезекті отырысында ауқымды екі жоба мақұлданды.

B985ECA0-5689-4C0F-92A3-CCDE289A4334

Онлайн кеңеске қатысқан БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы Бауыржан Сейтқали облыс орталығындағы құрылысы бітпеген нысандар иелерімен келіссөздер жүргізу және тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған ғимараттарды қалыпқа келтіру немесе бұзу бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жоғарда аталған мәселелерді тексеру мақсатында өңірде өткен жылдың қазан айында арнайы ведомоствоаралық комиссия құрылған. Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде Орал шаһарынан апатты жағдайдағы немесе құрылысы бітпеген 14 нысан анықталған. Оның ішіндегі 13 нысан иелеріне олқылықты жою туралы ескертулер жолданған болса, төрт нысанның құрылысы қайта жанданған. Қалған бір нысанның иесі анықталмай жатыр.

– Қаңырап бос тұрған ғимараттардың қатарында Н.Назарбаев даңғылы 177 А мекенжайында орналасқан «Идеал Маркет» ЖШС меншігіндегі тозығы жеткен нысан бар. Тексере келе аталған нысанның қожайынына ғимаратты жөндеу немесе пайдалану бағытын өзгерту туралы мерзімі көрсетіліп, ескерту берілді. Белгіленген уақыт ішінде нысан иесі ешқандай шара қолданбады. Бұдан соң бұл нысанның иесіне қатысты сотқа талап арыз жолданды. Кейін серіктестік жетекшісімен келіссөздер жүргізілді. Қазір ғимарат орналасқан жердің пайдалану бағыты өзгертіліп, айналасын тазарту, қауіпсіздік үшін терезелерін уақытша бітеу секілді жұмыстар жүргізілуде, –деді Б.Сейтқали.

9B6F2B04-59DB-4C96-A2AE-C3DD004772ED

Сондай-ақ кеңес мүшелерінің назарына Орал қаласындағы бос тұрған немесе құрылысы бітпеген барлық нысандардың сипаттамасы ұсынылып, олқылықты жою бағытындағы атқарылған жұмыстар баяндалды.

Айта кетейік, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген тексеріс барысында аталған мекемеге құрылыс жұмыстарының басталғандығы туралы хабарлама жібермеген 23 нысан белгілі болған. Олардың ішінде жобалық-сметалық құжаттама жасамағандар да, техникалық және авторлық қадағалауды қажет санамағандары да кездескен. Құрылыс құжаттарына салғырт қарағандардың арасында бизнес нысандарымен қатар жеке кәсіп иелері салып жатқан көп көпқабатты тұрғын үйлер де бар. Бүгінде олардың төртеуіне толық тексеріс жүргізіліп, әкімшілік шаралар қолданылылып, белгіленген мөлшерде айыппұл салынған.

– Өкінішке орай Орал қаласының өзінде бірнеше жылдар бойы құрылысы бітпей, қаңырап тұрған нысандар көптеп кездеседі. Ауқымды орынды алып тұрған құрылыстар бірінші кезекте өңірдің инвестициялақ ахуалына әсерін тигізсе, екінші жағынан көне шаһарымыздың сәнін кетіруде. Осыдан бірнеше ай бұрын құзырлы органдарға сол нысындардың иелерін тауып, келіссөздер жүргізуді тапсырған болатынмын. Ендігі кезекте осы кеңеске қатысып отырған баспасөз құралдары өкілдеріне аталған нысандардың фотосуреттері мен тізімін, мүмкін болса иелерінің аты-жөнімен БАҚ-тарда жариялауды ұсынамын. Сонымен қатар қожайындары белгісіз нысандарды да жариялап, иелерін табуға көмектессеңіздер екен. Құрылыс нысандарының құжаттарына салғырт қарағандарға да шара қолдану керекпіз. Егер құрылыс иелеріне әкімдік тарапынан қандай да бір әкімшілік немесе қаржылай қолдау қажет болса көмектеуге дайынбыз. Біздер облыс орталығында құлағалы тұрған немесе құрылысы аяқталмаған нысандардың мейлінше болмағанын қалаймыз. Жоғарыда айтқанымдай, олар қаламыздың келбетін бұзып қана қоймай, тұрғындардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ бұл нысандардың құрылысы уақтылы аяқталған жағдайда көптеген жұмыс орындары да ашылар еді. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың есебін ай сайын қадағалап отыратын боламыз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале