9 маусымда Өзбекстан Республикасының Инновациялық даму министрлігі қытай-өзбек медициналық технопаркінде әзірленген 20 мың қаптама «Рутан» препаратын елдің денсаулық сақтау министрлігіне берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ӨзА агенттігіне сілтеме жасап.
Препарат салтанатты түрде таныстырылды. Оған Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Биоорганикалық химия институтының директоры, академик Шавкат Салихов, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Санитарлық-эпидемиологиялық салауат агенттігі директорының орынбасары Бахром Алматов, Фармацевтикалық саланы дамыту агенттігінің директоры Сардор Кариев, Инновациялық даму министрінің орынбасары Олимжон Туйчиев, қытай-өзбек медициналық технопаркінің директоры Шарофиддин Мирзаахмедов қатысты.
Қытай ғалымдары жүргізген зерттеулер нәтижесінде Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Биоорганикалық химия институтының ғалымдары әзірлеген «Рутан» тұмауға қарсы препараты SARS CoV-2 типті тұмау вирусының әсерін 78,3 пайызға азайтатыны анықталды. Осының негізінде аталған препарат GMP талаптарына сәйкес Қытай-өзбек медициналық технопаркінде дайын дәрілік зат ретінде өндірілді. «Рутанның» 11 мың қаптамасы коронавируспен күресте гуманитарлық көмек ретінде Иранға жіберілді. Инновациялық даму министрлігімен бірлесіп жұмыс істейтін Қытай-өзбек медициналық технопаркіне 20 миллион доллар көлемінде инвестиция салынды, 300 жұмыс орны ашылды. Технопарктің ерекшелігі - шығыс медицинасының дәстүрлі емдеу әдістері мен батыс медицинасының озық жетістіктерінің қатар қолданылуында. Бүгінде технопаркте дәрілік препараттардың 8 түрін өндіретін фармацевтикалық зауыт жұмыс істейді. Зауыт GMP талаптарына және басқа халықаралық стандарттарға толығымен сай келеді. GMP (Good Manufacturing Practice – тиісті өндірістік тәжірибе) – дәрілік препараттарды, биологиялық белсенді қоспаларды және кейбір тамақ өнімдерін өндіруге қойылатын талаптарды анықтайтын халықаралық стандарт.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер