10.06.2020, 22:37
Оқылды: 89

Карантиндік стационардағы медбике

Сырым аудандық ауруханасының 35 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі, білікті медбикесі Индира Жолдығұлова бүгінде Орал қаласында карантиндік стационарда еңбек етіп жүр. Мамырдың 7-сінен бері өз өмірін тәуекелге тіге жүріп, табандылықпен тәулік бойы кезекшілігін атқарып келеді. Өз ісіне жауапты, мейірімді медбике мылтықсыз майданда жақсы қызмет еткені үшін екінші айға қалдырылды.

8092C578-4BF0-4FB7-A8A1-AB9FE049AEAD

Индира Хабиболлақызы карантиндік стационарға түскен пациенттерді қабылдап, орналастырып, дене қызуын, қан қысымын өлшеп, анализдерін алып, оны вирусологияға тапсырып, COVID-19-ға оң нәтиже берген жағдайда жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелту жұмыстарын атқаруда.

CBF70D53-845B-4C24-AFF8-DB52AED9FBF4

–  Адамдардың көбінен тәжіндет шығып жатқандықтан, вирус жұқтырып алу қаупі де жоғары.  Әр сағатымыз, әр минутымыз қатерге толы. Таудай тәуекелмен еңбек етудеміз. Обаға қарсы күрес костюмімен жүрудің өзі оңай емес екен. Ауа жібермейді. Респираторлық маска да демалуға қиын.  Бүкіл денеміз жабық тұрады. Қылаудай ашық жер болмауы тиіс. Үлкен өлшемді резеңке етікпен жүреміз.  Бір тәулік кезекшілікте тұрып,  екі күн демаламын. Түрлі адамдармен бетпе-бет келемін. Кейбіреулері түсінбеушілік танытып, ұрыс шығарып жатады. Бәріне әдеп сақтап түсіндіріп, сабырлы қалыптан айнымай жауап беру керек. Мұнда менімен бірге қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерінің бәріне алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасалған.  Арнайы қонақүйі бөлінді. Сонда жатамыз. «Газель» көлігі жұмысқа апарып-алып келеді. Отбасымды, балаларым мен немерелерімді сағындым. Үй-ішімен қауышатын күнге асықпын,- дейді Индира Хабиболлақызы.

 Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале