12.06.2020, 17:58
Оқылды: 109

Шыңғырлаулық шекарашылар қызметіне қырағы

  Шыңғырлау ауданы аумағында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің БҚО-дағы департаментіне қарасты «Шыңғырлау» шекара бөлімшесі қызмет етуде. Бұл бөлімшеде күн демей, түн демей, тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс жасайтын жауынгерлерге үлкен жауапкершілік жүктелген.

Shekara (1)

«Қатаң тәртіп, ширақ қимыл, терең біліммен қоса әрбір шекарашы өз ісіне адал, елжанды болуы тиіс. Оған қоса моральдық-психологиялық және физиологиялық жағынан мықты әзірліктен өткендер ғана бұл салада жұмыс істей алады», – дейді  бөлімше бастығы Нұрәлі Оспанәлиев. Бөлімше үстіміздегі жылы қайтадан құрылып, материалдық базамен толықтай жабдықталып, тіпті қызметкерлердің саны да көбейген. Талдысай ауылынан бастап, Жаңакүш елді мекеніне дейін созылған шекара сызығы сексен шақырымға жуық. Негізінен шекараның бұл Шыңғырлау  бөлімшесін ерекше шекара деп айтуға болады. Ерекшелігі сол – басқалары  құрғақ, тасты-таулы, сазды, орманды жерлерді күзетсе, біздің шекарашылар сумен жиектелген шекара жолағын бақылайды. Не өтсе де  ізі қалмайтын  өзен бойын, қозғалысты жіті қадағалап, елдің тыныштығын күзетеді. Нақтырақ айтар болсақ, мақсатымыз – Орта Азия азаматтарының  діни-экстремистік, террористік топ мүшелерінің заңсыз әрекеттерінің алдын алу және өзге елдің  азаматтарының заңсыз кірмеуін, артық-ауыс контрабандалық және есірткі заттардың мемлекеттік шекараның ішке өтпеуін, бізден кетпеуін қатаң күзетеді. Бөлімше облыс бойынша алдыңғылар қатарында. Еңбектері еленіп, басшылық пен министрліктің талай марапатына ие болуда.

Shekara (2)

Көршілес екі мемлекеттің арасын Елек өзені ғана бөліп тұрғаны болмаса, қол созым жерде тұрғандықтан екі жақтың да тыныс-тіршілігі  шекарашыларға  жіті таныс. Әрі ауыл ішіндегі тұрғындардың белсенділігі, көмегі әрдайым жұмыстарына аз да болса жеңілдік береді. Тұрғындармен  олардың тығыз қарым-қатынасы кейде достыққа ұласып жатады. Президентіміз Қ.Тоқаевтың "Шекарамыз еш саңылаусыз болуы тиіс. Шекара шегендеулі болса көңіліміз тыныш, қауіп-қатерден аман боламыз" дегеніндей, әрбір шекарашы мүлтіксіз қызмет етуге тырысып бағуда. Әсіресе соңғы уақыттағы пандемияға байланысты шекара қызметінің жұмысы одан сайын күрделене түсуде. Сол себепті бұл жұмыстың жауапкершілік жүгі де ауыр.

Шекара немқұрайлылықты көтермейді

    Қиын да қызықты шекара жұмысын атқарып отырған бөлімшеге аға лейтенант Нұрәлі Бақытжанұлы басшылық етуде. Сеніп тапсырылған жұмысты қолға алғанына көп уақыт өтпесе де ұжымды басқарып, жергілікті тұрғындармен сенімді қарым-қатынас орнатты.  Жұмыстың жемісті болуы үшін жергілікті және құқықтық сала мекемелерімен әрдайым тығыз байланыста. Бөлімшенің қол жеткен табыс-жетістіктері баршылық. Ол да басшының дұрыс ұйымдастыруына байланысты болмақ. Сөзімізге негіз - он ай турасында  «Шыңғырлау» шекара бөлімшесі  бірнеше рет шекара режимін бұзушылық фактілерінің алдын алып және заңсыз әрекетке барғандарды ұстау бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарған.  Айта кетсек, шекара режимін бұзған – 11 Өзбекстан Республикасының, 2 Қырғызстан Республикасының азаматтары ұсталған. Сонымен бірге Ресейдің 21 азаматтарына қатысты шекара режимін бұзу фактілері тіркеліп, дер уақытында шара алынған.

Shekara (4)

Табиғаты әсем Шыңғырлауда, әсіресе жаз және  өзен суы қатқан қыс мезгілінде мемлекеттік шекара режимін бұзу жиі орын алады. Себебі адамдар табиғат аясына шығады, балық аулайды, суға түсіп,  мал жаяды. Сол кезде бұл аймақтың шекаралық екендігін әсте естеріне салу қажет-ақ. Аталмыш бөлімше шекара аймағындағы іс-шаралар жоспары мен оның режимін түсіндіру мақсатында тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы жұмысты атқарғанда өзінің тәжірибелілігін байқатқан білікті жауынгер Біржан Баймукашев қазіргі таңда өзгелерге үлгі болуда және жастарға тәлімгер.

Шекарашы Бона

 Айта кету жөн, жұмыстың өз дәрежесінде атқарылуы, із кесуде, шекараның мығым болуы, жасыратыны жоқ, осы бөлімшенің бірден-бір мүшесіндей болып кеткен Бона атты итке тікелей байланысты. Жеке басы куәлендірілген құжаты, мамандығына сай сертификаты да бар. Тек аяғы төртеу демесең, өз міндетін кәнігі шекарашыларша атқаратын ақылды ит бұл бөлімшеде екі жыл бойы қызмет етуде. Оны күтіп-баптау, уақтылы жаттығуларын жасату, нұсқаушысы, қатардағы жауынгер Дамир Қаресовке бекітілген.

Shekara (3)

Иесі итінің мінез-құлқына әбден қанық. Жанынан бір елі алыстамайтын жануарды Тек Дамир ғана емес, бөлімшедегілердің барлығы да қатардағы жауынгердің біріндей көріп, санасады. Тіпті  «сый-сияпат» беріп, жонынан сипап, еркелетіп жүргендері. Себебі аталмыш қызметте ит адамға серік, айнымас дос қана емес, сонымен қатар жанашыр жолдас, із көрсетуші, таптырмас көмекші. Қарлы жаңбыр астында, жаздың шіліңгір аптап ыстығында да Бона жұмысын тиянақты атқарады. Бірде көлікпен, бірде жаяу жүгірген, тас қараңғыда нарядта тұрған шекарашы қасында үнемі шекарашы Бона жүреді. Осы еңбегі еленіп оған да «Шекара қызметін адал атқарғаны үшін» алғысхаттар мен медаль да берілген.

Міне, шекара жұмысы осындай. Егер де күш-жігерін, білімін шекара күзету жұмысына арнағысы келетін жастар болса, шыңғырлау шекара бөлімшесі әрдайым қуана қарсы алады.

   Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале