23 маусым - Қазақстан полициясы күні. Біз ел тыныштығы жолында уақытпен санаспай тынымсыз еңбек етіп жүрген Казталов ауданы Жалпақтал полиция бөлімінің жеке құрамы қызметкерлерінің бір күнгі жұмысымен арнайы танысқан едік.
-Биыл ішкі істер министрлігі үлкен өзгерістерді бастап, жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ол қызметкерлер саны бойынша еліміздегі ең ірі құрылым. Онда 150 мыңға тарта мамандар жұмыс жасайды. Министрлік жемқорлықтың алдын алып, өз мамандарының ісіне адал болуы үшін жаңа бағдарлама әзірлеп, полицейлердің санын еуропалық стандарттарға сәйкестендірді.
Полиция қызметкерлерінің мойнындағы жауапкершілік пен жанкештілікті көбіміз ескере де, сезіне де бермейміз. Жұмыс барысындағы қатаң тәртіп пен мезгілсіз қызметті кез келген полиция қатар алып жүруге тырысады. Бізде мәртебелі мамандықты атадан балаға жылдар бойы жалғап келе жатқан әулеттер де бар. Олар Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат етіп келеді. Олардың тәжірибесі ауылдастарға үлкен өнеге,- дейді Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы Әзілхан Қайырханов.
Әр ауылда қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар. Осыған орай олармен ортақ тіл табысу үшін полицейлерге психолог болуы керек. Қатал болатын тұста қаталдық танытып, қажет кезінде кешірімшіл де бола білуі абзал. Сондықтан олар бөлімшеге қарайтын тұрғындардың барлығымен жылы сөйлесіп, барынша сырлас, дос болуға тырысады.
-Қазақстан полицейлері жөнінде ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеттерінің бірі - қолжетімділікті, ашықтықты, жеделділікті арттыру және тұрғындармен өзара тиімді байланыс жасау болуы тиіс» деп айрықша атап көрсетті. Біз сол талап-үдеден шыға алсақ, мақсатымыздың орындалғаны, – деп түсінеміз,- дейді жергілікті полицияның учаскелік инспекторы Талғат Темешев.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы
zhaikpress.kz