Құрметті жерлестер!
Күн сайын облысымызда коронавирус инфекциясын жұқтырған, аурудың айқын белгілері бар (жөтел, дене қызуы және т.б.) 30-35 адам тіркеледі. Ауру белгілері жоқ науқастар да көптеп тіркелуде.
Біз қосымша ауруханалар ашып жатқанымыздың өзінде коронавирусқа шалдыққан адамдар саны күн сайын артып, жаңадан ашылған орындар тез толып қалуда. Дәрігерлер мен медбикелер күнделікті аурумен күресіп, бірнеше айдан бері тыным таппай еңбек етуде.
Бұл өте қауіпті ауру және оның бар екеніне көпшіліктің көзі жетті. Осы ауруға шалдыққан туыстарымыз, әріптестеріміз бен достарымыз бар.
Бүгінгі күні 15 адам өкпені жасанды желдету аппаратына, 21 адам оттегі аппаратқа қосылып жатыр.
Осындай жағдайға қарамастан, кейбір азаматтар әлі де көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар (туған күндер, садақа, тойлар) ұйымдастырып жүр.
Ауру жұқтырған науқастармен жүргізген сауалнамаларға қарасақ, көптеген адамдар осындай шаралардан соң ауыра бастаған. Кейін осындай жауапкершілігі төмен адамдар вирусты өз отбасыларына, бірге жұмыс жасайтын ұжымдарына әкеліп жұқтырады.
Осындай анықталған фактілер бойынша материалдар сотқа жолданды. Бірақ барлығын бақылау мүмкін емес. Осы ретте қоғамның қолдауы қажет.
Қазіргі жағдай өте күрделі екенін түсіну қажет. Отбасылық және көпшілік шараларды өткізбеу керек. Шұғыл қажет болмаса көп адамдар шоғырланған жерлерге шықпаған жөн.
Сіздің және жақын адамдарыңыздың денсаулығы мен өмірі ең алдымен өзіңізге байланысты.
Санитарлық және шектеу шараларды бұзатын адамдарға ескерту жасап, автобустар мен дүкендерде қорғаныс шараларын сақтауды талап етіңіз.
Ал азық-түлік, қажетті заттар және дәрі-дәрмектерге бара алмайтын мұқтаж адамдар «109» нөміріне өтініш қалдыра алатыны туралы айтқым келеді. Біздің еріктілер оларға бар қажетті заттарды жеткізуге көмектеседі.
Бұл пандемияны жеңуге болады. Бірақ бәрі өзімізге байланысты.
Репост өтінемін.
zhaikpress.kz