Cырым ауданында коронавирус инфекциясының таралуы жиілеп, эпидемиялогиялық ахуал күрделенуде.

Ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ләззат Мұқанованың айтуынша, 24 мамыр күні Сырым ауданында COVID – 19 ауру белгілері бар 24 адам тіркеліпті. Оның үстіне клиникалық белгілері байқалмайтын, вирус тасымалдаушы 30 адам анықталған. Аудан бойынша барлығы 54 адам індет жұқтырып отыр.
- Облыс бойынша түгел отбасы не ұжымымен ауру жұқтырғандар бар. Вирус қоздырғышы бар, бірақ аурудың айқын белгілері жоқ науқастар кездесуде. Оларда қызу жоқ, жөтелмейді. Көп адамдар медициналық көмекке уақтылы жүгінбей, үйден емделуге тырысуда. Ауруханаға жатудан бас тартатын вирус жұқтырған азаматтар дертін асқындырып алуда. Өкінішке орай, жұқпалы аурулар ауруханасында балалар бар.
Адам өзін ойламаса да, жақындарын ойлауы керек. Бір адамның жауапсыздығы кесірінен не қарт анасы, не жас баласы зардап шегуі мүмкін. Сақтанғаннан, санитарлық талапты сақтағаннан ешкім ұтылмайды. Той, садақаларды шектеуді, шақырса бармауды өтініп сұраймыз. – дейді Ләззат Мұқанова.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz