Жаңақала ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 85 жылдық тарихы бар еңселі басылым «Жаңарған өңір» газетінің ұжымын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
- "Жаңарған өңір" газетінің ұжымы шағын болғанымен алатын орны ерекше. Газет қызметкерлері аудан айнасын жарқыратып, жайнатып шығарып келеді. Жаңа толқын жастар аудандық басылымға тың ізденіспен келіп, жаңа леп әкелді. Аудан халқы үшін газеттің маңызы зор. Келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге шалқар шабыт, толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деп аудан басшысы ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік қабылдауда аудан әкімі Н.Қадырбайұлының алғысхатымен газет ұжымы және газет қызметкерлері Н.Сұлтанова, Е.Туманов, Ш.Мағзомова марапатталды.
Сонымен қатар басқосуда аудандық мәслихат хатшысы, ақын-журналист Закария Сисенғали құттықтау тілек айтып, сала мамандарына табыс тіледі. Одан әрі аудандық газеттің редакторы А.Ермекқалиев қабылдап құрмет көрсеткен аудан әкімдігіне алғыс-ризашылығын жеткізді.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz