Бүгін Орал қаласындағы Салтанат сарайында Елорда күніне орай алдыңғы шепте жүрген бірнеше дәрігер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты шарада облыс әкімі Ғали Есқалиев азаматтардың денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға шынайы ризашылығын білдірді.
– Елімізде індетпен күрес жалғасуда. Осындай қиын сәтте сіздер алдыңғы шепте адам денсаулығын сақтау үшін жанкешті еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі шараға 15 дәрігер шақырылған болатын. Өкінішке орай, кейбірі өздері ауырып қалып, кейбірі жұмыста болып, бірқатары келе алмады. Дегенмен бұл марапат тек сіздердің емес, барлық медицина қызметкеріне берілген марапат деп есептеймін. Ұлт денсаулығын сақтауда еңбектеріңіз өлшеусіз. Мен сіздер арқылы күн-түн демей, отбасын көрместен адам денсаулығын сақтауда жанталасып еңбек етіп жатқан барша дәрігерге облыс жұртшылығы атынан алғыс айтқым келеді. Денсаулық саласында мәселе аз емес. Ең үлкен мәселе – дәрігерлердің жетіспеушілігі. Жақында медициналық институт, колледж бітірген мамандар қатарыңызға қосылмақ. Медициналық жабдықтарға қатысты да түйткілдер бар. Бұл мәселелер де шешім табары сөзсіз. Ең бастысы, дәрігерлердің дені сау болғай. Сіздер аман болсаңыз, ел-жұрт аман боларына сенім мол, – деді өңір басшысы.
Бұл күні ел тұрғындарының денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген бірнеше медицина қызметкері мемлекетік марапатқа ие болды. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Бибігүл Айтпаева «Парасат» орденімен, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігері Марат Балшамбаев «Құрмет» орденімен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реаниматологы Салауат Ақдауов, облыстық кардиологиялық орталығының дәрігері Данияр Аренов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Әлия Маужанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыстық көпбейінді ауруханасының мейіргері Әсима Ғайсина «Шапағат» медалімен, облыстық кардиологиялық орталықтың мейіргері Венера Мырзағалиева ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты шарадан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов журналистерге өңірдегі індетті алдын алу шаралары туралы айтып берді.
– Өңірімізде жағдай әлі тұрақсыз. Күн сайын дәрігер көмегіне жүгінетін адамдардың қатары көбеюде. «Жедел жәрдемге» тәулігіне 1200-ден астам қоңырау түседі. Ауыр халде жатқан адамдардың саны 92-ге дейін көбейді. ИВЛ аппаратында 30-ға жуық адам жатыр. Жағдай өте ауыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жақында тағы дәрі-дәрмек келеді деп күтіп отырмыз. Алдыңғы шепте 700-дей дәрігер тәулік бойы жұмыс жасауда. Әр ауданда провизорлық орындар ашылды. Қазіргі кезеңде сала ардагерлерінің де көмегі көп. Олар науқастарға онлайн кеңес беруде. Біз Call орталыққа қосымша мамандар шақырып жатырмыз. Облыстық клиникалық ауруханаға 20 мейірбике, 30 кіші медицина қызметкері, қалалық көпбейінді ауруханаға 30 орта медицина қызметкері, 40 кіші медициналық қызметкер қажет. Сондай-ақ қазір бізге реаниматологтар жетіспейді. Бүгін марапатталған дәрігерлердің бәрі де бүгінгі күннің батырлары деуге болады Қиын жағдайға қарамастан, мамандығына адал қызмет етіп жүрген өз әріптестеріммен мақтанамын. Олар өздері ауырғанына қарамастан бірінші кезекте адамдардың денсаулығын сақтап қалуға тырысты. Тек марапат бәріне бірдей жетпейтіні өкінішті. Қазіргі күнде дәрігерлердің көпшілігі төрт айдан бері отбасын көрген жоқ. Сондықтан дәл қазіргі кезде дәрігерлерге тұрғындардың қолдауы аса қажет, – дейді Болатбек Амангелдіұлы.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz