Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында коронавируспен күресте өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін жоққа шығармады.
«Қазіргі таңдағы өткір мәселердің бірі ретінде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі болып отыр. Ең алдымен кіші және орта медициналық мамандар жетіспеуде. Бүгінгі таңда індетпен күреске медициналық қызметкерлердің жалпы санының тек 50%-ы ғана жұмылдырылған. Медициналық қызметкерлердің көбі ауруға шалдыққан немесе мәжбүрлі демалыстарға кеткен, - деді өңір басшысы.
Облыс басшысының айтуынша, маман тапшылығы мәселені шешу үшін 2 медициналық колледж түлектерін ауруханаларда жұмыс істеуге жеделдетіп оқыту жұмыстары басталды.
- Облыста 15 күннен соң біздің дәрігерлерге 200-ге жуық жаңа медициналық қызметкер көмекке келеді. Сонымен қатар біз басқа қалалардағы жоғары медициналық оқу орындарының түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жеке медициналық клиникалардан 9 дәрігер әріптестеріне көмектесуге келісті, - деді Ғ.Есқалиев.
zhaikpress.kz