11.07.2020, 1:13
Оқылды: 62

Алты «жоқтың» ауылы

Бұл қай ауыл дерсіз? Кезінде алмасымен өңірді тамсандырған кәдімгі Барбастау ауылы.

Теректі ауданы, Подстепный ауылдық округінің құрамындағы Барбастау ауылында қазір сегіз жүздей тұрғын бар. Шамамен. Өйткені қалаға жақын жатқан ауылда қоныстанушылар көп. Жаңадан салынған үйлер күре жол бойлап, созылып барады. Сырт жағынан қарасаң, дамуға мүмкіндігі мол ауыл. Ал ішіне кірсең... Сонымен...

Бірінші «жоқ»

67E003B2-DE07-4A80-B95B-D767239FCFEB

Ауылда электр қуатының «әлі» жоқ. Ақжайық көшесіндегі 6-шы үйде тұратын Гүлмира Нұрмұқанова «осы электр кернеуінің кесірінен біздің үйде  екі бірдей тоңазытқыш істен шықты» дейді. Ауылдың қақ ортасына су жаңа трансформатор орнатқан екен. Тіпті, басына бағанаға апарар сым да ілінбеген.  Барбастаулықтар трансформаторға тек телміріп қарайды.  Ал трансформатор болса, «көз қуатын» электр қуатына айналдыруға асықпайды.

Екінші «жоқ»

8A1EC1C1-E430-4042-BD40-C8E34CFE371C

Бұл мәселе де сол электр қуатына байланысты. Ауыл көшелерінде жарықтандыру шамдары жоқ. Шеткі жаңа салған үйлердің  (көше атауын тұрғындары білмейді екен) балалары қыстың күні жарық жоқтан біраз қиналған көрінеді. Жарық өз алдына, көше бойында қисайған, жоқ, шіріген, «жамау» салынып, сыммен бұралған бағанды көрдік. «Шықпа жаным, шықпа» деп тұрған баған құласа, ауыл халқы жарықсыз қалары сөзсіз.

Үшінші «жоқ»

53DAB4FD-2877-4142-9045-BCB9B65DFF79

Ауылда мал бағымы жоқ. Осы ауылдың тұрғыны Ержан Шантаев «ірі қара бағатын бақташы жоқ. Әкімшілік «іздеп жатырмыз» дейді. Ауыл ішінен мал бағуға шығар адам табылмай отыр. Ұзына жол бойында бос жайылған мал жолдағы көлікке соғылады. Адам үшін қауіпті. Өзімізге қызыл шығын. Оны түсінеміз. Дегенмен бақташы жоқ» дейді. Осы жерде тағы бір мәселе – жайылым тарлығы әңгіме болды. Айналдыра бақша, егістік. Алдыңғы жылдары дихандар көкөніс үстін жапқан целлофондарды жинап алмай, далада тастаған. Оны жеп қойған сиырлар асқазаны тоқтап қалып, пышаққа да ілінгені болған.

Төртінші «жоқ»

A035AD78-0966-471B-BE56-D875DAAB6526

Екі үйдің бірі мал ұстайтын ауылда көң-тезек шығару жоқ. Ауланың артына үйілген көң – төбе-төбе. Тазалық жоқ. Әрі өрт шығу қаупі жоғары. Мысалы, Ершора Баймағамбетовтың үйінің артындағы көң бықсып жатыр. Бейқамдық па, әлде, «өзі сөнер» деген «соқыр» үміт пе, білмедік... «Мына жерде өртеніп жатыр ғой» дегенге «ия, топырақ себу керек сияқты» дегенді естідік.

Бесінші «жоқ»

DA15045F-9B2D-4BA2-83D4-746978122CA7

Өткен оқу жылында 158 бала Шаған орта мектебі мен Госплемстанция мектебіне тасымалмен оқыған ауылда тұрақты интернет жоқ. Байқасақ, «ҚазақТелеКом» байланысы арқылы берілетін  интернеттің өзі түгілі, бағандары жоқ.

Пандемияға байланысты баланың бәрі онлайн оқуға, қашықтан оқуға көшкенде, барбастаулықтар «бай-байлап» қалды.

Мектеп жасындағы екі баласы бар Әділбек Рамазанов: - Жұрттың баласы «вайфаймен» зырлатып оқығанда, біздің үйдегілер телефондағы трафикке қарап қалды. Оның өзі дұрыс тартпай, ішіне салған ақшасы шыдамай, әбден шаршатты. Алдағы оқу жылында балалар  осындай қашықтан оқитын болса, жағдай қалай болар екен деп отырмыз,-дейді.

Алтыншы «жоқ»

064DEBC3-F3E2-413F-8BFB-B8BFF28204C0

Ересегі бар, бала-шағасы бар, сегіз жүздей адам тұратын ауылда спорт алаңы жоқ. Сондықтан да шығар, аяқ астында домалаған шыны көп. Кеш болса, жастар барар жер таппай, шөлмек домалатуға кіріседі-ау...

Бүлдіршіндерге арналған екі алаңқай бар екен. Біреуі жол бойында, ауылдастарына түлектер сыйға тартқан қызыл алмалы «BARBASTAU» (алмасының қызылы құлап, әріптері жалбырап кеткен) қасындағы алаңқай. Дәл қасында тұрған медпунктттің қызметкерлері қана жинағанмен, екі-үш күннен соң пластик шөлмек, қаптамалар «тапап» алады екен алаңқайды. Жіппен байланған әткеншек, қабырғасы қақыраған құм салынған жаппа, сыры кетіп, сықырлап тұрған сырғанақ... оның үстіне, жаңбырлы күні алаңның ойдым жерлерін су басып, бүлдіршіндерге ойнайтын жер де қалмайды.

Екінші алаңқай – ауылдың ортасында. Қоршауы бұзылған, есіктің орыны тесік. Орындығының орыны бар да, өзі жоқ әткеншек, бір жағына қарай қыңырайған сырғанақ пен тозығы жеткен айналмалы әткеншек бала үшін қауіпті темірден жасалған. Бұл жерді баладан көрі, ересектер «жақсы» көреді ме дедік. Өйткені айналасы «қызулатқыштардың» шыны құтыларымен көмкерілген.

Міне, Барбастау ауылының алты «жоғын» көрсеттік. Шағын ауылдың базынасы билік құлағына жетіп, сапалы электр қуаты, интернет  келер, көшеге жарық шамдары орнатылар деп үміттенеміз. Ал кейбір «жоқтан» «бар» жасау – барбастаулықтардың өз қолында.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале