Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев қалалық көпбейінді аурухананың 140 дәрігері, орта және кіші медициналық қызметкері орналастырылған Орал қаласы Деркүл кентіндегі спортқа дарынды балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына барды.
Облыс әкімі қалалық көпбейінді аурухананың перзентхана бөлімінің медициналық құрамымен әңгімелесті.
Әңгіме барысында өңір басшысы олардың денсаулық және жұмыс жағдайларын, дәрі-дәрмектің жеткіліктілігін, жалақының және үстемеақының уақтылы төленуін сұрап білді.
Қалалық көпбейінді аурухананың директоры Арман Қалибековтың айтуынша, медициналық мекеме толыққанды жұмыс істеп тұр, жұқпалы аурулар ауруханасы секілді жұқпалы ауру белгілерімен науқастарды қабылдауда. Жалпы соматикалық бөлімде 389 керует, оның ішінде перзентхана бөлімінде 60 керует бар.
Перзентханалық блок COVID-19 кезеңінде қайта жасақталып отыр. Аурухана мұндай режимде 17 маусымнан бері, ал перзентхана бөлімі 3 шілдеден бастап жұмыс істеуде.
Дәрігерлер медицина қызметкерлерін жұмысқа қабылдау туралы хабарландырудан соң мамандарды жұмысқа тартуда оң динамика бар екенін жеткізді. Бұл қызметкерлер кезекшілігінің жиі, яғни әр алты сағат сайын ауысуына мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты қосымша орындар ашу қажеттілігі туындады.
Сонымен бірге ауруханада әлі де кадр жетіспеушілігі бар, әсіресе анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, ота жасайтын дәрігерлерге мұқтаждық байқалады.
Облыс әкімі кадрлармен қамтамасыз ету үшін қалалық көпбейінді ауруханаға медициналық колледжден 23 адам көмекке келетінін, сондай-ақ жақында ресейлік мамандардан ұйымдастыру-кеңес беру бағытында қолдау болатынын айтты. Оған қоса жеке медициналық ұйымдардың дәрігерлерін тарту күтілуде.
Кездесу барысында аурухана ішінен қосымша сумен қамту және әжетханалар салу мәселесі көтерілді. Интернатта тұрып жатқан дәрігерлер қосымша тоңазытқыш пен салқындатқыштармен қамтуды және суды үздіксіз беруді сұрады.
Ғали Есқалиев аталмыш пунктке қажетті жағдайлар жасалатынын және көтерілген мәселенің барлығы да бақылауда болатынын айтты. Дәрігерлер вахтасы 14 күнге созылады. Жұмыс араға тәулік салып келеді. Вахтадан соң медқұрам анализ тапсырып, теріс көрсеткіш көрсетілген жағдайда 7 күннен 14 күнге дейін демалыста болады.
Облыс әкімі "Ақжайық" санаторийінде медицина қызметкерлерін тобымен, яғни 25-30 адамнан емдеу курсынан өткізу және демалтуды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
zhaikpress.kz