15.07.2020, 10:34
Оқылды: 22

Переметныйлық Ранида Мұхамбетова Қытайда оқып жүр

Бүгінде оқу іздеген жастарға жол ашық. Мемлекетіміз жастардың сапалы білім алып, білікті маман атанам деген талабына барлық жағдайы жасауда. Қазір қазақ жастары еліміздің ғана емес, әлемнің әр түкпіріндегі үздік оқу орындарында білім ала алады. Ел арасының шалғайлығына қарамай, жыраққа білім қуып кеткен жастар елімізде жетерлік. Солардың бірі - переметныйлық Ранида Мұхамбетова.

16F95548-692A-4650-8A5C-26358F762169

Бүгінде Цзянсу правинциясында орналасқан Нанкин қаласында оқып жүрген ол аудан орталығындағы Қасым Аманжолов атындағы аудан мектебінің 2019 жылғы түлегі.

-Қаржы саласының маманы болуды мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ шешкенмін. Есейе келе мемлекетіміз шетелде білім алуға тамаша мүмкіндік беретіні жайында білдім. Сол себепті ағылшын тілін меңгеріп, қосымша сабақ ала бастадым,-дейді Ранида.

Айтқанын қайтпайтын, қойған мақсатына жету жолында қандай қиындық болса да жеңіп шығатын қайсар қыз орта мектепті аяқтаған бойда құжат жинап, Қытайға кету қамына кіріскен. Айтуынша, оқуға құжат тапсыру кезінде ешқандай кедергі болмаған. Тек виза алу барысында аздаған қиындықтарға кезігіпті. Бірақ ол процедураны да ойдағыдай өткізіп, өзі армандаған университет студенті атанған.

Кіп-кішкентай Переметныйдан сегіз миллион халқы бар Нанкинге түскен Ранида алғашында қатты сасқанымен уақыт өте үйреніскен.

-Мен білім алатын универсситет корпусы қаланың шет жағында. Жалпы оқу орны миллион гектардай жерді алып жатыр. Алғашқы жылы оқытушылар алдымен қытай тілін үйретті. Арнайы ғимаратта, аптасына 5 рет таңнан кешке дейін тіл үйрендік. Қытай тілі өте қиын. Бірақ ұстаздар барынша көмектеседі. Оның үстіне, Қытайда жүріп тілді үйренген жеңіл ғой. Өйткені күнде сол елдің халқымен байланысамыз. Өзім бір айда қытайша жөн сұрасып, азық-түлік дүкендерінен қажетімді ала алатындай шамаға жеттім. Уақыт өте келе иероглифтарды тани бастадым. Осы шақта оқытушы мүмкіндігінше Қытай тілінде сөйлеуімді сұрай бастады. Тілді үйренгенімен, адамдарды түсіну қиындау. Өйткені жергілікті халық өте тез сөйлейтін,- дейді Р.Мұхамбетова.

Бүгінде әбден ысылып, кәнігі студент атанған Ранида індет кесірінен наурыз айында елге оралуға мәжбүр болған. Содан бері қашықтықтан білім алып келеді.

-Менің елде қалған замандастарым қашықтан оқуға еш қиналып жүрмегендей көрінеді. Албіздің ұстаздар өте талапшыл. Аты қашықтан оқу болғанымен, күнде бір тапсырма беріп, орындауымды талап етуде. Бірақ оқуды қалай талап етсе, уақтылы тапсырманы орындаған студенттердің қызығушылығын арттыру және ынталандыру үшін күштерін аямайды. Университетте жүргенімізде көңілімізді көтеру мақсатында түрлі ән қосып қоятын. Оқу соңында жақсы үлгерімі жақсы  суденттерге хонг бао (ақшалай топтама) немесе тәттілер үйлестіретін. Оқу орным өзіме ұнайды. Дипломымды қолыма алып, елге оралып білікті маман боламын деген үміттемін,- дейді ол.

Әлемдік жоғары оқу орындарында дәріс тыңдап жүрген қазақстандықтардың теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін елге оралып, Қазақстанның қарыштап дамуы үшін еңбек етеріне сеніміміз мол.

Аружан Болатбек,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале