20.07.2020, 16:29
Оқылды: 74

Бақшада өнім мол, жинайтын адам аз

Круглоозерный кентінің Шаған өзені жағасындағы бақшада еңбек көрігі қыза түскен. Шілденің ми қайнатар ыстығы түспей тұрып, піскен бақша өнімдері мен көкөністі жинап алу қажет. Жасы бар, жасамысы бар жиырма шақты ер-азамат ортақ іске жұмыла кіріскен. Олардың ешқайсысының қонақтар келді екен деп жұмыстарын тоқтатар түрі көрінбеді.

64620292-ADAF-4CE6-87F0-6F37B9529583

– Плантациямызда қияр, қызанақ, кәді, қырыққабаттың түрлерін, бақша дақылдарын биыл төртінші жыл өсірудеміз. Жалға алған жер учаскемнің аумағы 15,7 гектарды құрайды. Жиырма бес өзбек ағайын квотамен заңды түрде еңбек етуде. Жергілікті тұрғындарға жұмыс режіміне қарай 100-150 мың теңге көлемінде жалақы ұсынып, жұмысқа шақырамыз. Алайда ешқайсысы жұмысқа келмейді. Маған сәуір айынан бастап қараша айының соңына дейін табанының «бүрі бар», жұмыс істейтін адам керек. Ауылдардан келетіндер бір немесе екі күнге жұмысқа келеді, – деді "Ким" шаруа қожалығының  басшысы Эрнест Ким. Оның айтуынша, бақша өсіруге қажетті арнайы техникасы және тракторлары, өнім тасымалдауға қажетті «ГАЗель» көлігі және өзге техникасы сайма-сай. Шаруа адамы көкөністі, бақша дақылдарын ішінара мекеме-ұйымдармен арадағы келісімшарт негізінде өткізетін. Қазіргі әлемді жалмаған тәжтажалдың кесірінен ұзартылған карантин режіміне байланысты өнім өткізуде қиындықтар орын алған. Сондықтан қызанақ, кәді, қияр секілді тез бұзылатын дақылдарды бірінші кезекте өткізу қолға алынып отыр. Бүгінде тәулігіне 3-7 тонна өнімді тапсырыспен жеткізеді.  2003 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып, содан бері көкөніс шаруашылығымен шұғылданып келе жатқан Эрнест Ким бұған дейін өнім өткізуде еш қиындық көрмегенін айтады.

79FA6F89-BE95-4699-8A45-29191CD81027

– Піскен 20 тонна бақша өнімін, әсіресе қауынды өткізерге жер жоқ. Қарттар үйіне, балалар қалашығына қайырымдылық мақсатта апарып тастар едік, оларда да карантин режімі, болмайды. Қиярды 100-120 теңгеден, қызанақты 180-200 теңгеден, қырыққабатты 115 теңгеден ұсынудамыз. Қарбыз тамызда піседі. Мына алқаптан жиналған өнімді іргедегі тоғайда, тал-теректің көлеңкесінде сақтаймын,  түстен бастап қаладағы жалға алынған тоңазытқышқа апарамын. Сонда өтіп кетеді. Біз бақшадағы піскен өнімді сұранысқа қарай мөлшерлеп жинаймыз, қалғаны солай іріп-шіріп қалады. Шамамен тек 15 пайыз өнім жиналуда, – дейді күрсіне сөйлеген Эрнест Владимирович.

Қар кетісімен жылы жақтан ұзақ қарғалар келетін кезде қарбалас басталатын адал еңбектің, төгілген ащы тердің өтеуі болмаса қиын, бірақ қазіргі жағдайда не деп жұбатарсың еңбек адамын?!

AD7641A9-DFD1-4E5B-B386-50E6FB555419

Өткен жылы «Ким» шаруашылығының экологиялық таза өніміне сұраныс ұсыныстан асып кеткен-ді. Сонда 15 гектардағы көкөніс-бақша дақылының әр гектарынан орташа есеппен 247 центнерден өнім алынды. Барлығы 369 тонна өнім жиналды. Енді биыл 14 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егілді. 
Әдетте шаруа қожалығының көкөнісі мен бақша өнімдерін оралдықтар тұтынады. Сонымен қатар көршілес Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарынан да  келіп сатып алатындар аз емес. Ұзын жолдың бойындағы Круглоозерный кентіне жүк көліктерінің қатынауы жеңіл. Орал қалалық әкімдігінің «100 сауда орны» жобасы бойынша қаладағы халық тығыз қоныстанған аудандардан  «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тауар өндірушілерге бос орындар ұсынылады. Алайда сол электронды аукционға шығарылатын бос орынды иеленіп, өз өнімдерін сауда-саттықққа шығаруға тауар өндірушілердің  бос уақыты тапшы. Даладағы бақшасында айқайшы болып жүрген Э. Ким ондай сауда-саттықпен айналысуға уақыты мүлдем жоқтығын айтады.

– Отбасымдағы алты адам, зайыбым мен ұлдарым бақшада өзгелермен бірге өнім жинап жүр. Жалғыз қызым төрт жылыжайдың шаруасын бір өзі атқарып жүр. Бір өзі! – деп екпін түсіре айтқан кейіпкерімнің әнтек күлкісінен күнге қақталған қоңырқай жүзі нұрланып кеткендей болды.

– Бақшада күнделікті жұмыс осылай қайнап жатады. Егер бір адам жұмысқа шықпай қалса, онда бітті, еңбек ырғағынан айырыламыз, аяғымызға «тұсау» түседі. Бұрын зейнеткерлер келетін. Қазір ешкім де жұмысқа келмейді. Сондықтан сырттан жұмысшылар алдыртып отырмыз. Мемлекетке шетелден жұмыс күшін тартуға көмек еткеніне бек ризамын, – дейді Э.Ким.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале