Бөкей ордасы ауданының мәслихат депутаты, бисендік біртуар азамат Ермек Меңдешев аудандық ауруханаға "Armed -7F-3L" оттегі концентраторын тарту етті.
Бұдан бұрын да аудандық ауруханадағы жалғыз концентратор саны облыс кәсіпкерлерінің демеушілігімен алынған үш аппаратпен толыққан еді. Ермек ағаның бұл аппараты басқалардан ерекшелеу. Бұл концентратор бір мезетте екі бірдей науқасты оттегімен қамтамасыз ете алады. Аппарат құны -300 000 теңге. Мәскеуден тапсырыспен алынған.
Пахманұлының қайырымдылығы тек мұнымен шектелмейді. Індет ірге келмей тұрып, "қор құрып, ертеңгі күнге қам жасайық. Шешілмеген түйін көп, қаржы артық қылмайды" деп қор құруға бастамашы боп, қомақты қаржысын да салған еді.
Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов, орынбасары Лаура Шамұратова қайырымды кәсіпкерге алғыстарын білдірді.
Өз кезегінде Ермек Пахманұлы:
- Індеттің қарқыны күшті. Кім-кімге де оңай боп жатқан жоқ. Бірақ, осы бір көрінбейтін жаумен бетпе-бет күресте жүрген ақ халаттыларға айтарымыз алғыс қана. Ел боп, індетті кезеңді бірге еңсерейік,- деп тілегін білдірді.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz