Ауылдарда ауыз су мәселесі қашан да өзекті. Казталов ауданының Жалпақтал ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасына байланысты біраз шу шығып, соңы сиырқұйымшақтанып созылып кеткені де рас. Тұрғындар су құбырын жүргізген мердігерлердің жұмыстарына мүлдем қанағаттанбай, наразылықтарын сол кезде-ақ білдірген еді.
«Әрине, су тазарту қондырғысының болғаны жақсы. Алайда алдымен құбырдың «жыры» бітпейінше, ауыз судың проблемасы да ешқашан таусылмайды», -дейді олар. Бүгінгі таңда ауданның көптеген елді мекендерінде су тапшылығы сезіліп отыр. Өйткені ол қажетті ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы. Географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты ауданымызда су мәселесі үнемі қадағалауда ұстауды қажет етеді. Ол мәселеге аудан әкімі мен осы салаға жауапты жергілікті басшылар әбден қанық. Жалпақтал ауылында ауыз су жер үстіндегі суға (өзенге) тікелей тәуелді. Өзен суы жылда жаңғырып, қалыптасып отырады. Ол бірнеше жыл бойы жиналатын қор емес. Сондықтан мамандар су тұтынуды шектеуге мәжбүр. Енді суды үнемдеу технологияларын енгізу қажет-ақ. Соңғы жылдардағы климаттық өзгерістерге байланысты жазық аудандарда су қоры азайып барады. Айталық, табиғатта суы мол немесе аз кезеңдер жиі кездеседі. Ондай кезең бір-екі жыл емес, кейде ұзаққа созылады. Бұл жағдайда қос өзеннің тартылып кету қаупі болмаса да, суы азаятыны белгілі. Сондықтан осы мәселенің алдын алмасақ, ауыз суға зарығып қалуымыз мүмкін. Ауданымыздың аумағымен екі өзен (Қараөзен, Сарыөзен) ағып жатыр. Олар Ресейден бастау алады. Аудан әкімі Альберт Есалиев сала мамандарының басын қосып, кеңейтілген жиын өткізіп, тиісті сала басшыларына шұғыл тапсырмалар берді.
-Жергілікті тұрғындарды ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі жайында аудан әкімі тарапынан нақты тапсырмалар алдық. Бұл жөнінде алда атқарылатын шаралар өте көп. Сөз бен істің арасын біріктіру үшін уақыт өткізбей іске кіріскен абзал. Жоспарланған жобалы істер жүзеге асатын болса Жалпақтал жұрты жуық арада тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сондықтан уақытша кездескен келеңсіздіктерге тұрғындар түсіністікпен қарап, сабырлылық танытқаны жөн болады, - дейді сала басшылары.
-Қазір Жалпақтал ауылында ауыз су уақытпен күніне бір мезгіл беріліп тұр. Мезгіл нағыз шілденің ыстық айы болса да халық осыған төзіп, жаман індетпен де арпалысып келеді. Ауыз судың халыққа жетпеу фактісі қатты қинағаны рас. Көптеген тұрғындар үйлеріне су сорғыш насос қойып алған. Соның салдарынан уақытпен беретін ауыз су қоры ауыл шетіндегі тұрғындарға мүлдем жетпей, елдегі су еріндеріне тимей қиналуда. Ауыз су мәселесі шешілсе аудан басшысына айтар алғысымыз шексіз болар еді. Ол кісінің бұл бағытта қолға алып жатқан бастамаларынан хабардармыз, - дейді жалпақталдықтар. Су – тіршілік көзі. Оның үстіне судың да сұрауы барын ескерсек, ауыз судың бағасы алтынмен теңесетініне шүбәланбаған абзал. Ендеше, жақсылыққа көбірек үміт артатын бойдағы бекзаттығымызға сүйеніп, біз де ауыл халқының уақытша кездескен қиындықтарға түсіністікпен қарауға шақырамыз.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz