Облыс әкімі Ғали Есқалиев Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен келді.
Өңір басшысы, ең алдымен, Ақшат ауылына ат басын тіреп, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында А.Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
Білім ордасының құрылыс жұмыстарын жөндеуге жауапты «Жиенбай» ЖШС-нің өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысын нақтылап сұрады. «Жөндеу жұмыстары 12 мамыр күні басталып, жоспарға сәйкес 4 ай мерзім ішінде 11 қыркүйекке дейін бітіруіміз керек. Дегенмен, 1 қыркүйекке алғашқы қоңырау салтанатына үлгереміз деген ойдамыз. Бүгінде 2-3 қабаттағы жұмыстар аяқталып, енді бірінші қабатын жөндеу және ғимараттың сыртын қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Барлық техникалар мен құрал-саймандар жеткілікті. Аудандық жұмыспен қамту орталығы тарапынан Ақшат ауылының 61 адамы жұмыспен қамтамасыз етілді» дейді «Жиенбай» ЖШС-нің учаске бөлімінің басшысы Амангелді Тебилов. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарына жауапты мамандарға үлкен жауапкершілік жұмыс жасауды тапсырса, мектеп басшылығына болашақта ғимараттың аумағын мүмкіндігінше тиімді пайдалану керектігін атап өтті.
Одан кейін Ғали Нәжімеденұлы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын Мұхамбетов көшесі автожолының күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
Жол құрылысын бастаған «Айдана» ЖШС-нің басшысымен кездесіп, сапаға аса мән беруді және жұмыс барысында отандық өнімдерді пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар осыдан бірер жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынған дәрігерлік амбулаториясының жұмысына қанық болды.
Ғимараттың жабдықталуын, қызметкерлердің құрамын анықтап, аудан туралы баяндалған слайдты тамашалады. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен үстіміздегі жылда жүзеге асырылатын жобаларды, жер телімі мен ауыл шаруашылығы саласы туралы қысқаша баяндап өтті.
Одан әрі өңір басшысы Шыңғырлау ауылына бет алды. Аудан орталығында «Дән» мәдениет үйінің жұмысымен танысты.
«Ұзақ жылдар бойы жөндеуді талап еткен рухани орын. Сондықтан мемлекеттік ғимаратқа аудан кәсіпкерлерінің атсалысуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы орайда шағын және орта бизнес өкілдерінің, жеке адамдардың үйірме немесе өзге де жаңа жұмыс орнын ашуларына ықпал етуіміз қажет» деді облыс әкімі.
Тасмағамбетов көшесінің автожолында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын көрді.
Халық игілігіне пайдалануға берілетін нысандардың жұмыстарын жүргізетін жауапты мердігерлермен жеке сөйлесіп, жұмыстармен жете танысып өтті.
Мердігерлер өз тарапынан жұмыстардың еш кедергісіз уақтылы, кідіріссіз жүріп жатқандығын хабарлады.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz