"Сырым елі" газетінің осыған дейінгі сандарында оқырмандар халық пен дәріхананың, әліппе мен сауат ашудың айтыстарын оқып қалды. «Қызық айтыс» жалғассын деп жатыр! Бүгін нағыз ерегеске, яғни әлемді жайлаған COVID – 19 вирусы мен біздің батыр дәрігерлердің айтысына куә болыңыздар!
COVID – 19:
Байқаймын, мазаларың қашып жүр-ау,
Миларың ем таба алмай ашып жүр-ау?
Адамдардың барлығын ауру қылып,
Айламды сендерден де асырдым-ау.
Дәрігер:
Кетті рас берекеміз сен келгесін,
Күлесің күллі адамзат сенделгесін.
Ең соңын күтпей жатып қайдан білдің,
Елімнің сен аурудан емделмесін?
COVID – 19:
Емделмейді деген соң емделмейді,
Сіздерге қазір ешкім дем бермейді.
Өйткені той тойлаған сіздің халық,
Үйінде отырғанды жөн көрмейді.
Дәрігер:
Осылай кінә артасың қалың елге,
Той-тойлап түспесе де әбігерге.
Бұл күнде менің халқым үйінде отыр,
Барлығы құлақ асып дәрігерге.
COVID – 19:
Думаны әлі елдің тарқамаған,
Бірі жоқ ауруды қалқалаған.
Халықты сонда қайда қоймақшысыз,
Той – тойлап, айыппұлды арқалаған.
Дәрігер:
Жұртымның ол қатесін жөндеп алдық,
Түсінбесе, той өткен жерге бардық.
Ауыр күндер өтті ғой басымыздан,
Ауырған ағайынды емдеп алдық.
COVID – 19:
Жеңілмеуге бет алдың, дәрігерім,
Басқа да айтарым бар әлі менің.
Жұртыңды қалай емдеп алдық дейсің,
Жоқ болса беріп жатқан дәрілерің?
Дәрігер:
Дәрінің жоғын халық анық көрді,
Соңынан елім бәрін тауып берді.
Отан деп жан ұшырған жомарт жандар,
Оттегі аппаратын алып берді.
COVID – 19:
Мұныңа Ковид "досың" мақұл дейді,
Басқасына жетсе де ақыл мейлі.
Ауырған науқастарды емдейміз деп,
Дәрігерлер ауырып жатыр дейді.
Дәрігер:
Мұны қалай айтасың бетке бірден?
Әріптестің біразы өтті өмірден.
Жұртпен бірге көрдік-ау қиындықты,
Жүрегіміз емес қой көк темірден.
COVID – 19:
Азалы күннің әнін шырқадың-ау,
Байқасам, сіз бен халық бір тамыр-ау.
Елге емі, пайдасы тимесін деп,
Ең бірінші сіздерді құртамын-ау?
Дәрігер:
Ковид, сенің қара ғой жүзің демек,
Өзіңе кері қайтар бір із керек.
Ел-жұрт бізді ауырып қалмасын деп,
Лезде жеткізуде қымыз бен ет.
COVID – 19:
Мейлі мені қаншалық тілдеңіздер,
Індетпін ел ішінен ілмек іздер.
Өкпек желдей мен өтсем өкпелерге,
Өкінішпен өкпелеп жүрмеңіздер!
Дәрігер:
Елменен аяқтарсың егесіңді,
Қорқыту кім-кімге де емес үлгі.
Ковидтен адамдарға сақтансын деп,
Күнбе-күн беріп жүрмін кеңесімді.
Ей, Ковид! Кетпеймін деп керілесің,
Керілесің, бір күні жеңілесің!
Алас! Алас! Аулақ кет, Отанымнан,
Түбінде сен бәрібір жеңілесің!
Бекболат Қаленов,
ақын, журналист